Денсаулық сақтау

АДАМ ӨМІРІН ҚҰТҚАРАМ ДЕСЕҢІЗ…

Коронавируспен ауырған науқастарды емдеу үшін облыстық қан орталығында иммунды плазма тапсырған донорлар 20 мың теңгеге жуық ақша алады.

Облыстық қан орталығында атап өткендей,  қан мен олардың компоненттерінің, диагностикалық реагенттердің донорлығын  материалдың сапасы мен қауіпсіздігіне байланысты қойылатын талаптарға сәйкес ұйымдастыру бұрын-соңды болмаған маңызға ие.  Бұл тұрғыда ковидпен ауырып тұрған науқастардан алынатын иммунды плазманы дайындаудың рөлі ерекше.

–Біздің осы дертпен ауырған жандарға айтарымыз, олар коронавируспен күресте дәрігерлерге көмекші бола алады, – дейді облыстық қан орталығы директорының орынбасары Светлана Шмурыгина. – Иммунды плазмада КВИ вирусына қарсы антиденелер бар. Сол себепті бұл плазма бір уақытта иммунды плазма деп аталады. Егер осындай плазманы коронавирусты жұқтырған ауыр науқасқа құйса, ол донорлық антиденелерді алады да, бұл  оның өз иммундық жүйесі толық белсенділік танытып, өз антиденелері бөлінгенше уақыт ұтуға мүмкіндік береді. Осылайша, белсенді емес иммунитет құрылады. Орталықта плазма тапсырған адам бірден жағдайы ауыр екі науқасқа көмектесе алады. Донордың өз денсаулығына зиян болмайды, өйткені плазма тапсыру –  қарапайым әрі қауіпсіз процесс. Бұған дейін коронавирус індетінен жазылған адам емдеуші дәрігерінің нұсқаулығы бойынша екі-үш апта денсаулығын қалпына келтіруге тиіс. Сонымен қатар плазма тапсырғаны үшін ақшалай көтермелеу мөлшері бүгінгі таңда жеті АЕК құрайтынын, бұл 19 466 теңге екенін айта кеткен жөн. Біреулерді бұл да ынталандыруы мүмкін.

Қан орталығы соңғы үлгідегі медициналық құралдармен жабдықталғанын біздің газет бұрын да бірнеше қайтара жазған болатын.  Атап айтсақ, төтенше немесе апатты жағдайларға стратегиялық қор ретінде ұзақ уақыт сақталуға тиіс  эритроциттерді мұздатқышта консервілеу енгізілген, плазмалар мен тромбоциттердегі вирустар мен бактерияларды инактивизациялау технологиясы қолданылады. Бұлар – реципиенттерге арналған қан компоненттерін қауіпсіздендірудің жаңа деңгейі, бұл жүйе трансфузиядан кейінгі реакцияларды 90 пайызға дейін төмендетеді.

Орталықта донорлар үшін қолайлы жағдайлардың жасалуы да маңызды. Қан мен оның компоненттерін құюдың тек озық технологиялары, залалсыздандырылған бірреттік медициналық аспаптар, персоналдың кәсібилігі ковидпен күресуде жақсы нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

–Бүгінгі таңда Өскемен мен Семей қалаларындағы қан орталықтарына барлығы 3900 адам келді, – деп жалғастырды Светлана Шмурыгина. – Қазір аудандардан қан үлгілерін әкелу белсендірек жүріп жатқанын айта кеткен орынды. Алайда жан-жақты мұқият тексерулерден кейін 2857 донорға қарсылық білдірдік, тек 732 пациент иммунды плазма тапсыра алды. Сонда барлығы 2187 доза иммунды плазма әзірленді. Бұл стандартты процедура, кәдімгі қан тапсырғаннан еш айырмашылығы жоқ.  Бір донордан алынған 400-600 мл немесе екі-үш доза иммунды плазма бірнеше өмірді сақтап қала алады. Плазманы вирусты инактивизациядан өткізгеннен кейін мұздатады. Мұздатылған күйінде үш жылға дейін  сақталады. Иммунды плазма стационарда ғана, коронавирусты жұқтырған науқастың жағдайына қарай қолданылады.

Иммунды плазма доноры болғысы келетін барлық адамдарға өз ниеті туралы төмендегі телефондарға хабарласуына болады:

8 (7332) 70-08-08, 8 (7232) 70-38-38, 8(705) 752-09-64

Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button