Денсаулық сақтау

Індеттің екінші толқынына дайынбыз ба?

 Күзде, маусымдық тұмау, жаппай суық тию басталған кезде коронавирус індетінің екінші толқыны басталуы мүмкін деген болжам  бар. Облыстың денсаулық сақтау саласы екінші толқынға дайын ба? Алғашқы төтенше жағдай кезінде  қандай олқылықтар жіберілді? Олардан қандай қорытынды шығарылды? Облыстық қоғамдық кеңестің денсаулық сақтау саласы бойынша экспертті тобының кезекті отырысында осы және басқа да өзекті мәселелер қаралды.

Бес ай бойы медицина қауымдастығы бұрын-соңды болмаған қауіпті вируспен күресіп келеді. Бұл – қараңғы бөлмеде қара мысықты іздегеннен бірде-бір кем емес. Жұқпалы індеттің ұшқыны шарпымаған отбасы өңірді қойып, әлемде кемде-кем шығар.  Науқастардың бір бөлігі медицина қызметкерлерінің  қолына түссе, қалған жартысы үйлерінде, өз беттерімен емделуге мәжбүр болды.

-Наурыз айынан бастап біздің жедел желі мен қоғамдық қабылдаудың телефондарына тұрғындардан шағымдар толассыз түсіп жатты. Арыз-шағымдардың 80 пайызы медициналық көмектің қолжетімсіздігіне байланысты айтылды.  Мысалы, дене қызуы жоғары, вирустың симптомдары бар әйел жедел жәрдем үйге келмеген соң, емханаға келіп, көпшілікпен кезекте отыруға мәжбүр болған. Телефон шалған тағы бір қыз шешесінің ауырып тұрғанын, дене қызуы 39-дан асып кеткенін, өз беттерімен қанша емделсе де, жағдайы жақсармайтынын айтып, жыларман болды. «Жедел жәрдем шақырыңыз» десек, «дәрігерден қорқамыз» дейді. Бұл не сонда? Өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершіліктің жоқтығы ма, әлде медицина қызметкерлеріне деген сенімсіздік пе? Тегін берілетін дәрі-дәрмек туралы айтпаса да болады, оларды да науқастар өз қаражаттарына сатып алды, – деді облыстық қоғамдық кеңестің денсаулық сақтау саласы бойынша экспертті тобының жетекшісі Татьяна Чернышова.

Емдеу хаттамасы он бір рет өзгерді

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджан экспертті топ мүшелері тарапынан айтылған барлық кемшіліктерді тыңдап болған соң, әрқайсысын талдап, тұщымды жауап беруге тырысты.

Әділдік үшін айта кетейік, пандемия кезінде облыстың бас дәрігері кез келген тұрғын үшін ашық болды. Ол кісінің телефоны тәулік бойы қосылулы тұрғанына өз басым куәмін. Бес айдың ішінде әлеуметтік желідегі кез келген шағымға бірден жауап беріп, мәселені дер кезінде шешіп отырғаны бір бөлек. Қаншама таныстар мен әріптестердің жеке сұрақтары бойынша да хабарласып, ол кісінің тікелей араласуымен жағдайды реттеген кездер де аз болмады.

-Тұрғындардың тікелей маған хабарласып, проблеманы шешкендері, әрине дұрыс емес. Медициналық ұйымдарды онлайн форматта, қолмен басқаруға тура келді, – деп түсіндірді Ілияс Мұхамеджан. – Оның басты себебі – бұған дейін ешкім де дәл осындай жағдаймен кездеспегенінде деп ойлаймын. Көпшілігіміз бұл не індет, оны қалай емдеу қажеттігін білмедік. Вирус анықталған алғашқы күннен бастап Қазақстанда диагностика мен емдеу хаттамасы он бір  рет қайта қаралды. Коронавирус туралы жаңа ақпарат шыққан сайын  дертті емдеу тәсілдері, емдеу алгоритмі, тіпті, медициналық препараттардың тізімі  өзгеріп отырды. Екінші себеп – денсаулық сақтау жүйесіне толассыз түскен науқастардың легі салмақ түсіріп кетті.  Коронавирус инфекциялық дерт болғанымен созылмалы қосымша дерттері бар науқастарды тіпті тұралатып жіберді. Біздің өңір тұрғындарының 17 пайызы 65 жастан асқандар және олардың әрбір екіншісінде жүрек-қан тамырлары аурулары, жүректің ишемиялық ауруы, жоғары қан қысымы мен қант диабеті сияқты қосымша аурулар бар екенін ескерсек, жағдайдың осыдан ушыққаны түсінікті.  Наурыз айында біз Денсаулық сақтау министрлігінің болжамы бойынша 135 инфекциялық орын дайындасақ, сәуірде 500 төсек, мамырда 1000 орын аштық. Маусым айында төсек саны мың жарымға жетсе, шілдеде екі мыңнан астам орын дайындауға тура келді.

Ілияс Тұңғышқанұлы қалыптасқан жағдайда дәрігерлер карантиндік шектеулерді орындамаудың  салдарымен күресуге мәжбүр болғанын қынжыла айтты.

-Маусым айына дейін коронавирустың бар екеніне көпшілік сене қоймады. Алғашқы карантиндік шектеулерден шыға сала, екі апта өтер-өтпесте, маусымның ортасында стационарларға науқастар легі толассыз түсе бастады. Ауырғандар арасында созылмалы дерттердің салдарынан өлім көрсеткіші күрт өсіп кетті. Коронавирустың қолдан жасалмағанына тұрғындардың көздері тек сонда ғана жетті, – дейді облыстың бас дәрігері.

Көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы туралы сөз болғанда, сала басшысы бірінші кезекте тағы да дерттің белгісіз түрі болғанын және кадр тапшылығын алға тартты. Облыс орталығында оншақты және әр ауданда бір-екі инфекционист қана бар екен. Сол себепті жұқпалы дертпен күреске басқа бейінді ауруханалардың дәрігерлері де білек сыбана кіріскен. Әсіресе, реаниматолог мамандарды әр емдеу орнынан жинауға тура келіпті.

  • Стационардағы төсек қорының 75 пайызы осы дертпен күреске пайдаланылды. Емдеу процесіне барлық бейіндегі медициналық қызметкерлер тартылды. Бұл шын мәнінде командалық жұмыстың нәтижесі. Өйткені терапевт, пульмонолог, инфекционист, реанитатолог мамандар қауіпті індетпен жұмыла күресті. Олар он төрт күн бойы кезекшіліктен шықпады. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің арасында 270 маман вирусты жұқтырып алды, өкінішке қарай, төрт дәрігерімізден айырылып қалдық. Көптеген  мамандар вирус жұқтырғандармен байланыста болғандықтан, өзін-өзі оқшаулауға мәжбүр болды. Емханадағы бес терапевтің орнына жұмыста біреуі ғана қалса, қызмет сапасының неге төмен болатыны түсінікті,- деді тағы да басқарма басшысы.

«Виртуалды қойма»

 Ілияс Мұхамеджан дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесінде  тек тегін дәрі-дәрмекті беруде ғана емес, инфекциялық стационарларды қамтамасыз етуде де тапшылық болғанын жасырмады. Өйткені емдеу хаттамасы, препараттар тізімі үздіксіз өзгеріске ұшырап отырды. Оның үстіне биылға қажетті препараттар тізімі мен көлемі өткен жылы желтоқсан айында бекітіліп қойған.

-Бізде дәрі-дәрмек болмай қалған кездер болды. Алайда мәселені бір тәулікке жеткізбей шешіп отырдық. Мысалы, инфекциялық науқастары аз Абай ауданынан гепарин препаратын Семейдің инфекциялық стационарына жөнелттік.  Аудандардан облыс орталығына және керісінше жолдап отырдық. Бас дәрігерлер қанша қорап, қанша құты дәрі қалғанын қолмен санап, күніне екі рет есеп беріп отырды. Осылайша, медикаменттердің «виртуалды қоймасын» құрып алдық. Қолмен онлайн басқару бізге дәрі-дәрмек тапшылығынан болатын жағымсыз жайттардың алдын алуға мүмкіндік берді.  Осы жерде біз бір нәрсені түсіндік, дәрілердің қорын  алдын ала бір жылға жинап алып, көңіл жайланып отыруға болмайды екен.  Медикаменттердің тапшылығы дәл уақытында, қолма-қол шешіліп отыруға тиіс, –  деп  мәселенің мән-жайына тоқталды сала басшысы.

Жедел жәрдем неге шабан?

Пандемия кезінде тұрғындардың наразылығын тудырған тағы бір мәселе – жедел жәрдемнің қызметі болды. Облыстық денсаулық сақтау  басқармасы басшысының берген мәліметіне сүйенсек, осы айлар ішінде жедел жәрдем қызметіне күніне  1200 шақырудың орнына 2600 шақыру түскен. Бригаданы күту мерзімі стандартты 15 минуттан үш-төрт сағатқа, кей жағдайларда алты сағатқа дейін созылып кеткен.

-Біз жасаған талдаулар шақыртулардың 80 пайызы негізсіз болғанын көрсетті. Жіті респираторлық жұқпалы инфекция белгісі бар тұрғындар дене қызуы 38 градусқа жетпесе де, телефон құлағына жармасқан. Мұндай науқастарға жедел жәрдем емес, мобильді топтар шығу керек. Сол себепті біз  әр емханада дереу мобильді топтар құрып,  оларға аудан мен қала әкімдіктерінен 216 қызметтік көлік бөлген болатынбыз. Қазір мемлекеттік қызметшілердің қызметі қайта жанданған сәтте, бұл көліктер қайтарылып берілді. Транспорт тапшылығы қайта біліне бастады, – дейді Ілияс Мұхамеджан.

Облыстық жедел жәрдем станциясының басшысы Марат Ластаевтың айтуынша, өткен жылдан бері уәде етілген, техниканың соңғы үлгісімен жабдықталған көліктерге де әлі қол жетпей келеді.

-Өкінішке қарай, конкурсты жеңіп алған алғашқы мердігер  жауапсыз деп танылды. Қазір облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа жүз автокөлік сатып алынды. Бүгінгі таңда мамандар оларды жабдықтаумен айналысып жатыр, қараша айына дейін қолымызға тиіп қалар. Бұдан басқа лизингке алынған тағы 116 көлік қазан айында жеткізілуі тиіс. Осы жолы біз автопаркті  көп-көрім жаңалап аламыз ба деп отырмыз, – деген үмітін жеткізді станцияның басшысы.

Жиында белгілі болғандай, шалғайдағы елді мекендерге қызмет ету үшін тағы 20 жедел жәрдем бригадасын құру жоспарланыпты.

Коронавирустың екінші толқынына дайындық барысында облыс әкімінің шешімімен өңірде  дәрі-дәрмектің тұрақты қоры құрылды. Арнайы қаражат бөлініп, 1,3 миллион қорап ыстық түсіретін, вирусқа қарсы және ауырсынуды басатын препараттар сатып алынған. Ең алдымен бұл медикаменттер емханалар жүйесіне тұтынушыларға тегін  беру үшін таратылады.  Ал дәріханаларға облыстық жедел штабтың шешімімен аса қажеттілік орын алса ғана, бір бөлігі бөлінуі мүмкін. Сонымен қатар облыста бірнеше ПЦР зертхана іске қосылады. Олардың тәулігіне бес мың тест өткізе алатын қуаты бар.

Кәмәл Естай

Осы айдарда

Back to top button