Тарих

КӨНЕ ТАРИХ КӨМБЕСІ

Танымал археолог-этнолог Әбдеш Төлеубаевтың соңғы отыз-отыз бес жыл көлеміндегі ғылыми ізденістері тарих ғылымының екі саласы – археология және этнология мәселелерін қатар зерттеумен байланысты болып келеді. Ғалымның соңғы жылдары қол жеткізген ең көлемді жетістігіне Шығыс Қазақстан өңіріндегі Шілікті ауылынан табылған «Алтын адам» жатады. Осы жаңалыққа орай жазылған «Раннесакская  шиликтинская культура» атты көлемді монографиясы ғылыми пайымдауларға толы, көркем безендірілген кітап болып шықты.

Археолог ғалым өзі үздіксіз басқарып келе жатқан Шілікті-Тарбағатай археологиялық экспедициясымен бірге Шығыс Қазақстан облысы аймағындағы қазба-зерттеу ғылыми жұмыстарын толассыз жалғастыруда.

Осы аталған экспедицияның соңғы төрт-бес жыл аралығында облыс аумағында жүргізіп келе жатқан ғылыми-қазба жұмыстарымен «Көне тарих көмбесі» атты сериялы мақалалар арқылы газет оқырмандарын мейлінше кеңірек таныстыруды қолға алып отырмыз. 

Редакция

Шығыс Қазақстан өңірі, оның ішінде Зайсан ауданының аумағы көне заманнан әртүрлі халықтардың этномәдени байланыстарының орталығы болған. Бір жағынан, бұл жерде керемет автохтонды мәдениеттер қалыптасса, екінші жағынан, әрқилы мәдениеттердің ортақ қарым-қатынаста даму үрдісі жүрген. Аталған аймақтағы археологиялық зерттеу жұмыстары, оның ішінде көптеген тарихи нысандардан жинақталған далалық материалдар, аймақтың көне тарихының мәдени-хронологиялық атрибуциясын  жасауда негізгі орын алады.

Ерте үйсін кезеңінен бір белгі

Шілікті-Тарбағатай археологиялық экспедициясы 2017 жылы зерттеу маусымында екі жерлеу қорымына ғылыми-ізденіс жұмыстарын іске асырды. Айнабұлақ-1 қорымында төрт обаға және Үлкен Қаратал қорымында төрт обаға археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Зайсан ауданының оңтүстік-шығыс бөлігіндегі бірнеше жекелеген ескерткіштер кешенінің төлқұжаты жасалды.

Айнабұлақ-1 қорымында 140 жеке тас оба бар екендігі анықталды.

Үлкен Қаратал қорымы өзі аттас елді мекеннен шығысқа қарай үш шақырым жерде, Зайсан-Майқапшағай тас жолының оң жағында орналасқан. Қорымнан жалпы саны 16 оба тіркелді. Обалар солтүстіктен оңтүстікке қарай тізбектеліп орналасқан.

Қаратал қорымындағы зерттеу жұмыстарын ең негізгі жетістігі, аталған қорымнан ерте үйсін кезеңінің ескерткіші анықталды. Бұл Үлкен Қаратал қорымындағы №7 оба болып табылады.

Айнабұлақ қорымы қазіргі Зайсан қаласынан шығыста 7-8 шақырым жерде, Сауыр тауының теріскейіндегі Көрпе жазығының аяқталар тұсында, Темірсу атты өзеннің екі сағасын қамти орналасқан. Қорымның бір бөлігі Темірсу өзенінің сол жақ жағалауындағы жазықты толық қамтып, тау етегінен төменде бес шақырым жерде орналасқан Айнабұлақ ауылына дейін жетеді.

Айнабұлақ-1 қорымында обалармен қатар, XIX-ХХ ғасырдың басындағы қазақ қыстаулары, қазіргі уақытқа тән жерлеу орындары, ғұрыптық кешендер де орналасқан.

Зерттеу жұмыстары барысында 140 ескерткіштің ішінде 24 оба көлемі ірі ескерткіштер қатарына жататыны белгілі болды.

Бұл қорымда екі қазақ қыстауының жұрнағы сақталған. Арнайы ұшу аппаратымен түсірген фото және бейнежазбалардан биіктен қарау барысында қоныстардың орнын ірі тастардың шашырай орналасқан құрылысына қарап анықтауға болады.

Айнабұлақ-2 қорымындағы ескерткішер қатарында ірі және орта көлемдегі обалар, қазақ қоныстары, кейін қазақтардың зираты жатады. Қорымда сегіз ескерткіш ірі обалар қатарына жатқызылды. Қорымдағы ескертіштердің көпшілігі тоналуға ұшыраған. Темірсу өзенінің жағасында орналасқан оба техногендік бұзылуға ұшыраған. Обаның ортасында шұңқыр сақталған. Әрі обаның батыс бөлігі өзен жырасының жыл сайын орылуына байланысты тастары төмен қарай құлап, жойылу алдында тұр. Көне қазақ қоныстары солтүстіктен оңтүстікке қарай созылып орналасқан. Іргесіне ірі жалпақ тастарды тігінен қадап орнатқан. Көпшілігінің ортасында немесе іргесінде кейінгі уақытқа тиесілі жерлеу орындары сақталған.

Айнабұлақ-3 қорымы Айнабұлақ-1 және 2 қорымдарынан 300-400 м шығыста солтүстіктен оңтүстікке қарай тізбектеліп орналасқан. Зерттеу барысында, қорымда жалпы саны 41 ескерткіш бар екендігі анықталды. Қорымда төрт ірі оба кездеседі.

Айнабұлақ-1 қорымы Зайсан қаласынан шығыста 7 шақырым, Айнабұлақ елді мекенінен оңтүстікте 3 шақырым жерде, тау етегінен төмен жазықта орналасқан. Обадан солтүстік-шығыста жылқы фермасы, шығыста кірпіш зауыты орналасқан.

Обаның орталық жалынан 1,3 м шығыста керамика сынықтары шықты. Керамика сынықтарының пішініне қарап, ыдыстың бүйірі деп болжаймыз. Түсі қара-қоңыр. Сынған жерінің қимасына қарап, құрамы майда саз құмнан тұратыны анықталды. Керамиканың жасалуы сапалы.

Жақсы иленген саздан қолмен жапсыру арқылы жасалынған керамика сынығының бүйір тұсын өткір затпен сызық түрінде өңдегенін байқауға болады. Жазық шыққан қабырғасы сәл ғана сыртқа иіліп барып, сүйірленіп біткен. Сазы өте тығыз емес, қимасындағы арасында майда ауа көпіршіктері бар. Күйдірілуі бірқалыпты, түсі ашық қызыл-қоңыр. Күйдіру температурасы жеткілікті дәрежеде болмағандықтан, сырдың беті кедір-бұдырлы кейіпке айналған. Соның әсерінен кей жерлері шытынап, түсіп қалған.

Обаның келесі секторының беткі шөп қабатын тазарту барысында тағы екі сынық күйінде сақталған керамика бөлшектері табылды. Керамика табылған жерде ешқандай тас кездеспейді. Керамика сынықтарын сынған жері арқылы қайта құрау барысында құмыраның бүйір қабырғасы мен түбінің бөліктері екендігі анықталды. Қыш ыдыс құрамы майда құмнан, аздап слюда және құмнан тұрады. Қабырға қалыңдығы 0,7-1 см аралығында ауытқиды. Керамика сынықтарын қайта құрастыру барысында алғашқы табылған керамика сынығы, кейінгі табылған екі керамика сынығының бөлшегі екендігі анықталды. Құмыраның түбі дөңестеліп жасалған, ешқандай бұрыш жасап аяқталмайды. Қабырғасының сынықтарын құрастыру барысында арнайы өткір затпен батырылып жасалған сызықты, геометриялық негізде жасалған өрнектерді байқай аламыз. Өрнектер сызық түрінде «шырша» тәріздес, жоғарғы жағы бір нүктеден басталып, төмен қарай екі тармаққа жайылып аяқталып отырған. Бір қатарға орналасқан шырша тәріздес өрнектер аяқталғаннан кейін  көлденең бағытта бірнеше сызық, одан әрі тігінен түсірілген қатар сызықтарды көре аламыз. Керамика түсі қара-қоңыр, отта сапалы күйдірілген, жалпы сипатына қарап, тұрмыста біршама уақыт пайдаланғанын анық көре аламыз.

Жерлеу шұңқырынан төмен қарай 50 см түскенде тас құрылыстың батыс шетінен адам қаңқасының бас сүйегі көрінді. Нақтырақ, тас құрылыстың солтүстік-батыс бұрышы. Бас сүйек өте нашар, беті жоғары қараған күйі сақталған. Бас сүйектің жоғарғы жақ сүйегі мүлдем жоқ, шіріп, жоғалып кеткен. Төменгі жақ сүйектің тістері біршама жақсы сақталған. Бас сүйектің бетін жапқан топырақтың түсі қызыл екендігі байқалды. Зерттеу барысында мәйіттің үстіне қызыл бояу немесе жоса (охра)  сепкені белгілі болды. Бас сүйектің топырағын тазалау барысында, сол жақ мойынның тұсынан таттанып, жасыл түске айналған металл көрінді. Екі дана металл бұйым бір-бірінің үстіне қойылып, орналастырылған. Металл бұйымдарды тазалау барысында қола пышақ екендігі анықталды. Пышақтың бетінде жатқанының көлемі кішілеу келген, екінші астында орналасқан пышақтың көлемі бірінші пышаққа қарағанда үлкендеу келген. Қызыл жоса мәйіттің басына, бас сүйектің сол жағына өте көп себілген. Мәйітті толық тазалау барысында сол жақ бұғана маңайынан, қазбаның солтүстік қабырғасынан шамамен 30 см жерден дөңгелек келген пішінде, үш бұрамды мыс сырға табылды. Мәйіттің денесі де нашар сақталған, нақтырақ, оң жақ бұғана, қолдың сүйектері шіріп, мүжіліп кеткен. Мәйіттің денесін тазалау барысында, қаңқаның орналасуы анатомиялық қалыпта болғанымен, жатқызылу ерекшелігі бөлек екендігі белгілі болды. Мәйіт арқасымен жатқызылып, қолдары дененің бойымен ұзыннан қойылған. Мәйіттің аяқтары тізесінен бүгіліп, дененің оң жағына қарай жапсарлас қойылған. Мәйіттің жалпы денесі толық ашылғанымен, нашар сақталуына байланысты сүйектерді қозғау барысында үгітіліп кететіні белгілі болды. Мәйіттің сол жағынан, сол қолдың саусақтары тұсынан көкшіл-қара түсті графит тасы табылды. Бүгілген тізесінің тұсынан жоғарыда мойын тұсынан табылған үш орамды мыс сырғаға ұқсайтын сырға табылды. Екі сырғаның да көлемі бірдей, үш орамды болып табылады. Мәйіттің бүгілген аяғын толық ашу барысында қаңқаның аяқ тұсына түбі тегіс келген, аса биік емес, қабырғасы қалың келген қыш ыдыс шықты. Өкінішке қарай, қыш ыдыс мыжылып, үгітіліп кеткен. Қыш ыдыстан қалғаны тек жалпы көлемі, сынық фрагменттеріндегі өрнектері ғана.

Қазбаны оңтүстікке қарай кеңейтіп ашу барысында, екінші мәйіт қатар жерленгені белгілі бола бастады. Яғни обаның оңтүстік бөлігіне екінші бірінші мәйітпен қатар қойылған. Екінші мәйітті тазалау барысында бас сүйегінің біршама жақсы сақталғаны белгілі болды. Бас сүйегінің құлақ түбінен екі орамды мыс сырға табылды. Екінші мәйіттің денесінде біршама жақсы сақталған, оң жағынан қабырға тұсынан бастап топырақ немесе саз балшықтан қалап, жағалап қоршау жасаған. Мәйіттің аяқтары бітетін тұстағы саздан жасалған қоршаудың оңтүстік-шығыс бұрышына арнайы саз тұғырдың үстіне саздан жасалған шырағдан табылды. Қыш шырағдан батысқа қаратып қойылған, қолмен ұстауға арналған тұтқасы оңтүстік-шығысқа қаратылған.

Айнабұлақ-1 қорымындағы бетін жусан жапқан №22 оба ірі тастардан тұрады. Обаның ортасында элипс тәріздес тас құрылыс, оның сыртында екі тас шеңбер құрайды. Солтүстік-оңтүстік бағытта қалдырылған жалдың батыс шетін топырақтан тазарту барысында ірге тастардың түбінен ұсақ керамиканың сынықтары кездесті.

Айнабұлақ қорымындағы қазба жүргізілген үш ескерткіш орналасу ретіне сай шартты түрде №17 оба деп аталды. Қазбаға дейінгі пішініне қарап тоналу белгісін байқауға болады.

Обаның орталық бөлігінен жерлеу шұңқырының орны байқалды. Жерлеу шұңқыры нақты бір пішінде емес.

Жерлеу шұңқырының өлшемдері негізінде төмен қарай 30 см тереңдету барысында батыс шетінен мәйіттің қалдықтары кездесті. Мәйіт анатомиялық қалыпта емес.

Жерлеу шұңқырының орта тұсынан және солтүстік шетінен сүйектен жасалған моншақтар табылды. Сыртқы диаметрі 1х0,5 см болатын моншақтардың сыртқы түстері ақшыл-сарғыш, жалпы пішіндері дөңгелек келген, ортасының тесігі де дөңгелек пішінде жасалған. Моншақтар сүйектен жасалған. Көпшілігі сынған күйінде кездесті. Ішінара бүтіндері де бар.

Айнабұлақ-1 қорымындағы №16 оба жүргізілген зерттеулер №17 обадан оңтүстікте 6 метр қашықтықта орналасқан. Обаның жалпы пішіні дөңгелек, тас жабындымен көмкерілген.

Обаның оңтүстік шетінен, сыртқы тас қоршаудан тыс аумақты тазалау барысында тас қоршаудан оңтүстікке қарай қоладан жасалған қашау табылды. Мыстан жасалған қашау арнайы қалыпта құйылған, кейін ұру-езу арқылы өңделіп, қазіргі пішінге келтірілген. Нақты пішіні бір шеті қырланып, жүзі жасалған. Осы қырланған шетінен жоғары қарай бір шеті дөңестеліп, екінші шеті ішіне кіріп барып аяқталады. Қашаудың жоғарғы аяқталар жері аздап сыртына қайтарылып барып аяқталған. Осы жерден қашаудың ішкі қуысы басталады. Яғни қашаудың бір шеті қырлы, жүзі бар болса, екінші шеті іші қуыс болып кетеді.

Тас шеңбердің орталық бөлігін екі секторға бөліп, ұсақ және орта көлемдегі тастарын тазалау жұмыстары жүргізілді.

 Қазба көлеміне орай батыс шеттен адам қаңқасының бас сүйегі кездесті. Бас сүйек жақсы сақталған. Мәйіттің денесін шығысқа қарай ашу барысында бірнеше қиындықтар тудырды. Олар – мәйіт жердің бетіне өте жақын қойылғандықтан, топырақ саз тәріздес қатып қалған. Мәйіттің басы батысқа қаратылған, қолдары дене бойымен тігінен жатқызылған. Дене анатомиялық қалыпта. Қаңқаның бел тұсы мен кеуде тұсы аралығында сүйектер сақталмаған. Қаңқаның сол қолы шынтақтан бүгілген, белінің үстінен бұтына қойылған. Қаңқа сүйегі өте әлсіз, үгітілген. Бас сүйегі нашар сақталған. Оң қолы шынтаққа жетпей сынған. Астыңғы жақ сүйегі жақсы сақталған, тістері бүтін. Қаңқаның мойын тұсы мен иығы кеуде тұсынан №17 обадан табылғандай сүйек моншақтар табылған.

Моншақтарды көлеміне және жасалу технологиясына қарай үш топқа топтауға болады.

1-топқа жататын моншақтар – көлемі ірі және дөрекі жасалған.

2-топқа жататын моншақтар – көлемі орта, жасалу технологиясы жақсы, шеті аздап қырланып, кей жағдайда доғалданып, егелік жасалған.

3-топқа жататын моншақтар – көлемі кішкене, жасалу технологиясы жақсы, шеті толық дөңестеліп өңделген. Обадан  бүтін моншақтармен қатар жартысынан сынған, үгітіліп-мүжілген моншақтар да кездесті.

Пасталы моншақтардың жасалу тәсілдері көне заманнан бастау алады. Ерте кезеңдерде шыны тәрізді құмды балқытып, оған әртүрлі тотыққан металдарды қосу арқылы пасталы моншақтарды алатын болған. Моншаққа шала тотыққан темір қосындысы көкшіл түс береді. Оған жасыл түс беру үшін шыныға тотыққан мысты, сонымен қатар жасыл түсті бор қосады. Мұндай түстегі моншақтар б.з.б. III-I  ғасырларда Қаратеңіз жағалауы мен Кубаньда алынған.

Ғұрыптық нысандар нышандары

Қаратал қорымы қазіргі Зайсан қаласынан шығыста 46 шақырым, Үлкен Қаратал ауылынан шығыста 4 шақырым жерде, Зайсан-Майқапшағай тас жолының шығыс бағытына қарағанда оң шетінде, солтүстіктен оңтүстікке қарай тізбектеліп орналасқан. Қорымға жүргізген алғашқы барлау-зерттеу жұмыстары барысында жалпы саны 16 оба тіркелді.

Қаратал қорымындағы №7 обаның бетінен 60 см терендіктен жас баланың қаңқасы анықталды. Бала қаңқасының басы солтүстікке қаратылып, басы батысқа қарай аздап бұрылған. Оң қолы денесінің бойымен бірқалыпты, ұзыннан созылып орналастырылса, сол қолы шынтағынан бүгіліп, белінің үстіне қойылған. Мәйіттің аяқтары ұзыннан созылған. Қаңқа анатомиялық қалыпта болғанымен, мәйіттің басы қалыпты жағдайда емес екендігі байқалады.

Бас сүйек өте үлкен. Соған қарап, бала науқастан немесе басқа да сыртқы әсерден қайтыс болған деп болжанады. Қанқаның жерлену уақыты белгісіз болғанымен, аса ерте емес. Мәселен, бассүйектің ішкі қуысында тышқан немесе басқа кеміргіштің қилары қалып қойған. Әрі дене сүйегінің түсі де қоңырқай-қызғыш келген. Денеде аздаған шірінділер байқалады. Мәйіттің жанынан ешқандай зат табылған жоқ. Бас сүйектің маңдайы ойылып, қанқадан бөлек табылды. Мәйіттің анатомиялық ерекшеліктері мен өлшемдеріне қарап шамамен 5-8 жас аралығында болуы мүмкін. Обаның орталық бөлігінде мұсылман шартымен жерленген жас бала қанқасының негізгі ақпарат беретін өлшемдері толық алынды.

№7 обаның орталық бөлігіне салынған қазбаның оңтүстік бұрышынан қыш ыдыс сынығы кездесті. Зерттеу барысында табылған қыш ыдыстың түсі қара-қоңыр. Табылған фрагмент ыдыстың ернеу, мойын жəне иығына тəн. Ыдыс сынығы құмыраға тиесілі болуы да мүмкін. Себебі ыдыстың ернеуінен төменгі жағы иығынан бастап бүйір тұсы сыртқа қарай аса көп шығарылмаған. Соған қарағанда, ыдыс сынығы су құюға арналған қыш ыдысқа тиесілі болуы мүмкін. Құрамы бірыңғай саздан, яғни қара-сұр түсті құмнан тұрады.

Қазбаны осы керамика табылған биіктен 35-40 см төмен түсіргенде, уақ малдың жақ сүйегі табылды. Қазбаны  20 см төмен түсіргенде, шығыстан батысқа қарай созылған жерлеу шұңқырының ізі анық байқалды. Жерлеу шұңқырының ізін негізге ала отырып, төмен қарай 1 м түсірілді. Нәтижесінде анатомиялық қалыпта емес мəйіттің қаңқасы табылды.

Жерлеу шұңқырынан сары топырақты тереңдетіп қазу барысында алтын әшекей зат кездесті. Алтын бұйымның пішіні дөңгелек артында бір-біріне қарама-қарсы орналасқан ілмектері бар. Алтын әшекей заттың ұқсас түрлері қазба барысында Қаратал қорымындағы №4 обадан да кездесті. №7 оба және №4 обадағы алтын жәдігерлердің жасалу тәсілі мен көлемдері бірдей болғанымен, №7 обадан табылған алтын жәдігердің ілмегі жақсы сақталғаны белгілі болды.

Жерлеу шұңқырын төмен 1,2 м тереңдету барысында солтүстік-батыс бұрышына жақын маңнан  мал сүйегі мен саусақ сүйегі, жақ сүйекті тазалау барысында төмен жағынан екі моншақ табылды. Моншақтардың түсі қызыл, көлдеңінен оң жолақтар түсірілген.

Жерлеу шұңқырмен төмендету барысында солтүстік батыс бұрышынан қаңқаның тізеден төменгі сүйектері анықталды.  Аяқ сүйектері солтүстік-шығыс – оңтүстік-батыс бағытында орналасқан. Аяқ сүйектері табылған қабаттан төмен шамамен 5-10 см тереңдіктен негізгі материк белгілі болды. Қабір шұңқырының бір ерекшелігі – солтүстік шетінде ақым орны (ниша) бар.

Қаратал қорымындағы №4 оба оңтүстіктен солтүстікке қарайғы негізгі тізбекте орналасқан. Обаның шығыс шетінен кейінгі замандарда ауыл шаруашылығы жұмыстарымен байланысты жүргізілген қашыртқы арықтар орналасқан. Сол себептен обаның шығыс бөлігіндегі топырақ шаруашылық мақсатында біршама алынғаны байқалады.

Жерлеу шұңқырының топырағы сарғыш-қоңыр түстес болып келеді. Жерлеу шұңқырының солтүстік-шығыс шетінен ағаш жаңқа, жерлеу шұңқырының шетінен адамның шынтақ сүйегі кездесті. Сүйек шығыс-батыс бағытында ұзыннан созылған қалыпта болды.

Жерлеу шұңқырының шығыс шетін зерттеу барысында жер бетінен есептегенде 346 см тереңдіктен алтын жәдігер табылды.

Қабір шұңқырын шығыс қабырғасына қарай алып, зерттеу барысында шыны тәрізді артына қызыл бояу жалатылған моншақ табылды.

Қабір шұңқырын зерттеу жұмыстары жалғасып, нәтижесінде бассүйек кездесті. Басқа заттай дерек материалдар табылмады.

№9 оба Қаратал қорымындағы тізбекті ірі обалардың орталық бөлігінде орналасқан. Обаның үстінен ешқандай тоналу іздері байқалмайды. Обаның шығыс бөлігінің етегінде ұсақ малта тастар обаның астына кіріп жатқаны анық байқалды. №9 обаның шетіне №7 обадағы секілді тас тізбек қойылғаны белгілі болды. Обаның үстінен ешқандай керамика сынықтары байқалған жоқ.  Обаға зерттеу жұмыстары тілік салудан басталды. Обаның орталық бөлігіне түсірілген анықтап зерттеу барысында, жерлеу шұңқырының ізі анық байқалды. Қабір дағымен тереңдеп қазу барысында адам сүйегінің қалдықтары табылды. Адам сүйегі жерлеу шұңқырының батыс бөлігінен анықталды.

Жерлеу шұңқырының көлемі негізінде төмен қарай қазу барысында алты дана адам қаңқасының қалдықтары табылды. Қаңқа сүйектері негізінен жерлеу шұңқырының шығыс шетінен кездесті. Сүйектер анатомиялық қалыпта емес. Қаңқа сүйектері адамның саусақ, қабырға, жамбас сүйектерінің сынықтары болып табылады. Сүйектер қатты шіріп, мүжілген.

№16 оба Шілікті және Тасбастау ауылдарының арасындағы Шілікті-1 қорымында орналасқан. 2017 жылғы зерттеу мауысымында №16 обаға тағы да толық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, бұрын белгісіз болған мәселелер анықталды. Қазба жұмыстары обаның бірнеше бөлігіне қатар түсірілді. 2016 қазба жұмыстары барысында обаның үстіңгі топырақ қабатының астына тас құрылыс кіріп жатқаны белгілі болды. Зерттеу нәтижесінде обаның оңтүстік-батыс бұрышынан шыққан тас құрылыстан ешқандай қосымша жерлеу орындары анықталмады.  Аталған  тас құрылыс ғұрыптық нысан ретінде салынған болуы мүмкін.

 Зерттеу жұмысының мақсаты – обаның сыртқы тас қоршауының орналасу ерекшеліктерін анықтау.

Айнабұлақ-1 қорымындағы №11 оба өте қызықты мәліметтер берді. Мұнда Қазақстан аумағында өте сирек кездесетін Афанасьев мәдениетіне тән ескерткіш ашылды. Афанасьев мәдениеті көбіне Оңтүстік Сібір аймағында таралған. Бұл мәдениетке тән ескерткіш ең бірінші рет Хакасияда ашылған. Аталған ескерткіштер б.з.б. 3-2 мыңжылдықтың басымен мерзімделеді. Алтай өңірінде бұл мәдениетке тән үш қорым табылып, тек кейбір ескерткіштер ғана зерттелген.

Қазақстан территориясында Афанасьев мәдениетіне тән ескерткішті ең бірінші рет Ә.М.Оразбаев Черновая ауылы маңынан (Катонқарағай ауданы) ашқаны белгілі. Бірақ аталған ескерткіштен шыққан материалдар Афанасьев мәдениетіне тән мәліметтерді толық бере алмауына байланысты, ғылыми ортада үлкен қызығушылық тудыра қоймады. Ал Шілікті-Тарбағатай экспедициясы тарапынан зерттелген Айнабұлақ-1 қорымындағы 11 және 16 обалардан табылған материалдар Афанасьев мәдениетінің бұл аймақта кездесетінін толық дәлелдейді.

Жалпы алғанда, Шығыс Қазақстан аймағында Афанасьев мәдениетінің жарқын ескерткіштерінің ашылуы – Қазақстан археологиясындағы жаңа сөз. Себебі археологиялық олжалар Афанасьев мәдениеті өкілдерінің металлургия және мал шаруашылығы сияқты өндірістік шаруашылықтың пайда болуының қайнар көзі болғанын көрсетеді. Сонымен қатар осы мәдениеттің өкілдері алғашқы болып қорғандарда ерекше жерлеу құрылыстарын бөле отырып жерлеуді бастады. Бұл дәстүрді кешенді зерттеуді қажет ететін Айнабұлақ қорымындағы қорған ескерткіштерінен көре аламыз.

Қазақстан археологиясындағы жаңалық

Қазақстан территориясында Афанасьев мәдениетінің айқын ескерткіштерінің ашылуы жалпы алғанда – Қазақстан археологиясындағы жаңалық деп айтуға болады. Афанасьев мәдениеті далалық аймақтағы металлургиялық мәдениеттің бірінші кезеңі болып табылады.

Экспедицияның  2017 жылғы далалық зерттеу жұмысының  маңызды жаңалығының бірі көне үйсін мәдниетіне тән обаны ашу болып табылады. Бұл – Үлкен Қаратал қорымындағы №7 оба. Оба топырақ жабындысынан және айнала қоршалған өзеннің ұсақ малта тастарынан құралған шеңберден тұрады. Обаның жерлеу шұңқыры шығыстан батысқа қарай ұзыннан бағытталған. Бетін аса қалың емес ағаш тақтайлармен жапқан. Қаңқа сүйектері тоналу әсерінен шашылған. Кейбір сақталған сүйектерге қарап, мәйіттің арқасымен жатқызылып, басы батысқа қаратылғанын анықтауға болады. Жалпы, Тарбағатайдың баурайындағы үйсін мәдениеті туралы болжамды пікір бұдан бірнеше жыл бұрын аса сақтықпен айтылған.

Құлбабас-1 және Шілікті-5 қорымындағы аса үлкен емес обалар әр жылдары осы экспедиция тарапынан зерттелген болатын. Сонымен қатар Үлкен Қаратал қорымындағы №7 оба материалдары да Тарбағатай баурайында үйсін мәдениеті болғандығын дәлелдейді. Бұл аталған ескерткіштердің барлығында жерлеу ғұрпы ақым негізінде жүргізілген. Бұл жерлеу ғұрыптары Жетісу аймағында орналасқан ескерткіштерге өте жақын келеді.

Тарбағатайдағы және сонымен қатар Жетісудағы үйсін ескерткіштерінде мәйіт арқасымен жатқызылып, басы батысқа қаратылады әрі бас жағына қыш ыдыс қойылады. Тарбағатайдағы кебір үйсін ескерткіштерінде мәйітке арналған құрбандық тағаммен қоса құйымшақ, қойдың құйрығы және орта көлемдегі пышақ қойылады. Жалпы, қойдың омыртқасы мен пышақтар Жетісудағы тоналмаған барлық ескерткіштерде кездеседі. Жоғарыда келтірілген мәліметтерге сүйене отырып, Тарбағатайдағы көне үйсін ескерткіштерін б.з.б. ІІ ғ – б.з. І ғ. деп мерзімдей аламыз. Б.з.б. ІІ ғасырдың аяғында Үйсін мемлекеті үш бөлікке бөлінеді. К.А.Акигев пен Ю.А.Зуевтің пікірінше, сюннулар секілді үйсіндер де оң және сол қанат болып екіге бөлінген.

Шамасы б.з.б. ІІ ғасырдың аяғында үйсіндердің бір бөлігі, нақтырақ, оң қанаты Тарбағатайдың баурайын мекендегені Қытай  деректері негізінде дәлелденген.

Белгілі қытай тарихшысы Су Бейхейдің пікірінше, үйсіндердің солтүстіктегі шекарасы Тарбағатай таулары болған. Б.з.б. 54 жылы өзара билік үшін талас жүргізген. «Батыс аймақ туралы жылнамалар картасында» Хан патшалығы кезінде Тарбағатай таулары сиунну және үйсіндердің шекарасы болған.

Осыған орай, үйсін мәдениетінің Шығыс Қазақстан аумағында, оның ішінде Тарбағатай бөктерінде таралуы туралы болжамды археологиялық зерттеу нәтижелері мен қытайдың көне жазба деректері дәлелдей түседі.

Бүгінге дейін зерттеушілер үйсін мәдениетінің шекараларын Ыстықкөл мен Балқаш көлі аралығымен белгілеп жүр. Біздің зерттеушілер үйсін мәдениетінің шекарасын солтүстік-шығыс бағытқа қарай 1500 шақырымға жылжытты. Біздің ойымызша, бұл үйсін мәдениетін зерттеу мәселесінде аса үлкен жаңалық және айтарлықтай қызықты ашылым болып табылады.

Қанат Қайым,

Қазақстан Жазушылар одағыны мүшесі

(ЖАЛҒАСЫ БАР)

 

Осы айдарда

Back to top button