Денсаулық сақтау

АҚ ХАЛАТТЫ ПЕРІШТЕЛЕР

Елімізде және әлемде жыл сайын 12 мамырда халықаралық медбике күні аталып өтеді. Денсаулық сыр берген  сын  сағатта ең маңызды рөлді орта буын медицина қызметкерлері атқарады.

Дәрігерлердің еңбегін ешкім жоққа шығармас, алайда науқаспен алғашқы сәттен тікелей байланысқа түсіп, оның көңіл-күйін аулайтын, сауығып кететініне сенім ұялататын жандар, әрине, медбикелер. Өлшеусіз қызметтері мен жан жылуы үшін халық оларды мейірбике деп те атайды, пандемия кезінде ақ халатты періштеге теңеді. Дәрігерлердің барлық нұсқауларын дер кезінде орындап, науқастардың қасынан күні-түні табылатын, пациентте сәл жағымсыз өзгерісті байқаса, дереу көмекке шақыратын да  дәл осы медбикелер. Бұл мамандықта кездейсоқ жандар болмайды, олар өз ісіне көзсіз берілген.

Батыл шешім

 Өткен қыста облыстық аурухананың ЛОР бөлімшесінің медбикесі Мөлдір Үсенқызы бір науқасты өлім аузынан алып қалды. Сол түні ол поста кезекші мейірбике болатын. Бөлімшеде отадан шыққан ауыр науқас жатқан. Бір кезде соның палатасынан қырылдап, ышқынғандай дыбыс естіледі. Жүгіріп барған Мөлдір пациенттің дем жетпей, аласұрып, көгеріп бара жатқанын көреді. Түн жарымында жанында көмекшісі де жоқ, кезекші медбике ретінде дереу мобильді топты шақыруы тиіс, шұғыл көмек түймесі болса емшара кабинетінде, оған барып-келгенше, тіпті қалтасындағы ұялы телефонмен шақырғанша да науқас жүріп кетуі мүмкін.  Миын   «тезірек көмек көрсетуім керек, тыныс алуы керек  бір ғана сәт… тез-тез, бол!»  деген ойлар осқылап жатты. Ойланып-толғанатын, көмек келгенін күтетін уақыт жоқтығын түсінген Мөлдір науқасқа жедел көмекті өзі көрсетуге бел буады. Пациенттің мұрнына операция жасалғандықтан, танауы тампонадамен бітеліп тұр. Жағдайды  тез бағамдаған медбике үстелдің үстіндегі қасықты жұлып алып, науқастың аузына сұғып жібереді де, тілін жұтып қоймауына бар күшін салады. Осылай шалт қимылдамаса  пациенттің тілі ары кетіп, тұншығып қалар еді.

Мөлдірдің айтуынша, әлгі науқас эпилепсия ауруымен ауыратынын ешкімге ескертпеген, анамнезінде жазылмаған. «Эпилептиктің ұстамасы ұстап қалғанда ең алдымен тілін жұтып қоймауын қадағалау керек»,  – дейді медбике. Сырқаттың өміріне қауіп жоқтығына көзі жеткенде барып, қалта телефонымен реанимацияға телефон шалады. Дереу жеткен мобильді топтың құрамындағы кезекші дәрігер, реаниматолог, анестезиолог мамандар, шұғыл медбике және өзі бар, арнайы құралдардың көмегімен науқасқа  ары қарай көмек жасайды. Бір ғана сәт, бір ғана батыл шешім  адам жанын алып қалды. Егер Мөлдір Үсенқызы сол мезетте өзіне сәл сенімсіздік танытса,  не сәл баяу қимылдаса, аяғы қайғылы бітер ме еді, кім білсін?! Алайда ол өзін ерлік жасадым деп санамайды.

– Шындығында мұндай төтенше жағдайлар кездесіп тұрады, біздің лор бөлімшесіндегі медбикелердің барлығы әмбебап мамандар. Жұмысқа алғаш келген кезімде сол кездегі бөлімше меңгерушіміз «егер осында жұмысқа қалам десеңдер, тек ниеттерің болсын, сендерден мықты, білікті медбике шығарам» деген еді. Сол кісінің айтқаны келді.  Бөлімше операциялық бейінде болғандықтан, алғашында ота кезінде  қиын болғаны рас. Бірақ таңдап алған мамандығыма адалдығым болар, тоғыз жылдық тәжірибемде көп нәрсеге үйрендім, жауапкершілікті сезіндім. Толғанай Ержанқызы, Кәмшат Абаева, Гүлнар Жеңісханқызы,  Гаухар және басқа да әріптестерімді өз істерінің майталмандары дер едім, – дейді Мөлдір Шәкірбаева.

Мөлдір мамандығының қиындығы – науқастардың сеніміне ие болу, солармен тіл табысу деген пікірде.

– Бізде қалқанша безінің обырына ота жасатқандар жатады, олар мойнындағы түтікшемен өмір бойы  жүрулері мүмкін. «Айналамдағы адамдарға сұрықсыз болып көрінем бе» деп сол түрінен ұялатындар да, өмірден түңілгендер не емделуден шаршағандар да кездеседі.  Осындай науқастар көбінде психологиялық тұрғыдан қолдауымызды қажетсінеді. Сонымен қатар тағайындалған емнің жақсы нәтиже беретінін түсіндіруге, сендіруге тырысамыз. Оған қоса өзіңнің жақсы маман екеніңді  аз уақытта дәлелдей білу де маңызды, – деп жалғастырды Мөлдір Үсенқызы.

Бала кезінен дәрігер болуды армандағанымен, отбасылық жағдайына байланысты медбике мамандығын таңдағанына бүгінде Мөлдір өкінбейді. Оны пациенттер әлі күнге кеше бітіріп келген жас маман деп қабылдап қалады. Бірақ тыңғылықты іс-қимылын көрген кезде «жап-жас болсаңыз да білікті, тәжірибелі маман екенсіз» деп тәнті болғандарын жасырмайды.

Ұрпақ сабақтастығы қалыптасқан ұжым

Гүлнар Мұхамедгарифқызының да осы бөлімшеде мейірбике болып істегеніне қырық жылдан асты. 1982 жылы Өскемен қаласындағы медициналық училищені тәмамдағаннан кейін жас маман ретінде келген Гүлнар Мұхамедгарифқызы қазір жас әріптестерінің тәлімгеріне айналған.

– Бала кезімде анам «келешекте медицина саласын таңдасаң, жерде қалмайсың, ертең кез келген ауылға барсаң да медик керек», – деп ақылын айтқан еді. Сол кісінің тілін алып, осы мамандықты таңдағаныма ешқашан өкінгем жоқ, – деп есіне алды медбике.

Облыс  орталығында туып-өскендіктен, училищені бітірген соң осы шаһарда қалыпты. Ардагер медбике ол кездегі жағдаймен қазіргі кезді мүлде салыстыруға келмейтінін айтады.

– Қазір медбикелер емшара кабинетінде істейтін, постағы кезекші, шұғыл медбике, операциялық медбике деп бірнеше түрге бөлінеді. Ол кезде бір ғана медбике бар,  көмекшілері – кіші буын медициналық қызметкерлер (санитар)  жоқ, дәрігерлерде ургентті қызмет деген болды, тек шақырту бойынша келетін. Басқа уақыттағы барлық жауапкершілік медбикелердің мойнына жүктелетін, – дейді Гүлнар Мұхамедгарифқызы.

Бірде мынадай төтенше оқиға болыпты. Отадан шыққан науқастың мұрнынан қатты қан кетпесі бар ма?!

– Ондайды бұрын көрмегем, фонтан болып атқылады. Мен оны дереу столға жатқызып, жалма-жан мұрнын таза тампонадамен бітеуге тырысып бақтым. Сол кезде бөлім меңгерушіміз Нина Августовна да көмекке жетіп үлгерді. Ол кісі бізге пациенттерге мейірімді болуды, оның сырқатын жаныңмен қабылдауды үйретуші еді. Екеулеп жүріп, әйтеуір атқылаған  қанды тоқтаттық. Сосын аппақ қудай болып бозарып кеткен науқасқа қан құйып, жағдайы қалпына келгенше қасынан ұзамай, күттім. Осылайша аман қалған сол жігіт бүгінде үлкен қызметте, өзі де балалы-шағалы болды. Көрген сайын құтты бір туған тәтесін  жолықтырғандай, жүгіріп келіп, құшақтап жатады.  «Сіздердің арқаларыңызда аман қалдым» деп алғысын жаудырады. Осындай сәттерде шаршағаныңды да ұмытып кетесің, –  деп күледі ардагер.

Лор бөлімшесі хирургиялық бейінде болғандықтан, аурудың асқынған түрімен түсетіндер көп, операциялар көп жасалады. Медбикенің түсіндіруінше, егер құлақты уақытында дұрыс емдемесе, ол мидың абсцессіне әкеліп соғуы мүмкін.  Емделмеген гаймориттен көз ұясы зақымдануы ықтимал.

– Жуықта Аягөз ауданынан 37 жастағы келіншек түсті.  Жергілікті мамандар оған гайморит диагнозын дер кезінде қоймаған. Шағымданып барған пациентке «сізде бәрі жақсы» деп, қайтарып жіберген. Соның салдарынан дерті ушығып, көз ұясы зақымданған кезде, бізге ауыр жағдайда түсті. Жансақтау бөлімінде жатты. Біздің дәрігерлер астаналық мамандармен кеңесіп, ұзақ емдедік, бір айдай асқынуға қарсы терапия қабылдады. Аздап тәуір болған соң емін жалғастыруға елордаға кетті, – деген Гүлнар Мұхамедгарифқызының пікірінше, бұл жағдай аягөздік мамандардың жұмыстарына салғырттығынан орын алып отыр.

Ардагер медбике әріптес жастарға білгенін үйретуден жалыққан емес, болашақта олардың білікті, сауатты мейірбике болатындарына сенімді. Өйткені ұжым мүшелері өте тату әрі бұл жерде ұрпақ сабақтастығы жақсы қалыптасқан.

Өз ісіне мығым жастарымыз көп

Осы бөлімшенің тағы бір ардагер медбикесі Жанар Арынрашқызы да қырық жылын медицина саласына арнаған жан. Оның отыз жылын облыстық онкология диспансеріне беріпті.

– Ол кезде онкологиялық диспансер Калинин көшесіндегі ескі ғимаратта орналасқан еді. Ауыр науқастарға арналған жеке пост болды, жансақтау бөлімі әлі ашылмаған кез. Науқастар күрделі, химиялық терапия алады, қазіргідей бір рет пайдаланатын құралдар,  ине, системалар жоқ. Әр процедураның алдында ине салатын құралдарды қырық бес минут қайнатамыз, өздері қазіргідей жіңішке де емес, системаларды қолмен жинаймыз. Санитар қызметі болмаған, емшараны да, жуып-шаюды да  өзіміз атқарамыз. Бұл – жұмысымыздың бергі жағы ғана. Ең күрделісі – қатерлі ісікке шалдыққан жандарда үміт сәулесін оята білу, өмірге деген құштарлықтарын жоғалтпауға тырысу. Олар саған риясыз сеніммен қарайды. Айтқаныңды екі етпей істеуге тырысады, тек шипасы болса екен деп тілейді. Көз алдымызда кетіп қалғандар да болды. Сол кезде өзіңнің дәрменсіздігіңе, медицинаның әлі де  мүмкіндігі шамалы екеніне налисың, – деп өткен күндеріне ойша оралды ардагер медбике.

Бір науқас есінде осы күнге дейін жатталып қалыпты.

– Ішкі құрылысының обыры болды ол апайда, отадан кейін екі-үш аптада бір келіп, химия терапия курсын алып жүрді.  Тәуір болып келе жатқандай еді. Бірде түнде ауыр жағдайда қайта түсті. Менің кезекшілігім. Сондағы ол кісінің көзқарасын әлі ұмыта алмаймын. Жанарында «Неге? Мен айтқандарыңыздың барлығын істедім ғой, жазыласың деп едіңдер ғой, қалайша?» деген сияқты сансыз сауалдар тұрды.  Көп қан кетіп, гемоглобиндері түсіп кеткен қаншама науқастарға қан құйып, құтқарып қалған кездеріміз де болды. Ол кісіні аман алып қала алмадық… Жұмысымыз психологиялық тұрғыдан өте ауыр. Жастар мұндайға көп шыдай бермейді. Соңғы он жылдай осы лор бөлімшесінде істеймін. Бұл жердегі жас қыздарға білгенімді үйретіп, тәжірибеммен бөлісіп келемін. Мамандығына берілген жастар аз емес, соған қуанамын. Орнымызды басып қалатын сауатты,  өз ісіне мығым медбикелеріміз көп,  – деп қоштасты бізбен Жанар Нұрғалиева.

Осы айдарда

Back to top button