Денсаулық сақтау

  2020 жылдан бастап, медициналық сақтандыру жүйесінің шеңберінде  адам ағзасында, терідежаңадан пайда болған  ісіктердің барлық түрі тегін емделеді. Бұрын кепілдендірілген тегін медициналық көмектің аясында тек қатерлі ісікке шалдыққан, есепте тұрған науқастарды емдеу ғана қаржыландырылып келген. Бұл жағымды өзгерістер жайында облыстық көпсалалы онкология және  хирургия орталығында өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Орталықтың бас дәрігері Гүлмира Сағидуллинаның айтуынша, өткен жылы орталықта  қатерлі ісікпен есепте тұрған, диагнозы зерттеулермен дәлелденген науқастар ғана  тегін емделген. Өздерінде есепке алынбаған сырқаттарға қаржы бөлінбегендіктен, оларды ақылы емдеуге мәжбүр болыпты.Өйткені ақылы болса да орталықтың білікті онкологтарына өз қалауларымен қаралғылары келгеннауқастар кездескен.

Ал биыл не өзгерді?

–Онкологияға шалдыққан науқастарды емдеу енді екі көзден қаржыландырылатын болды. Барлық дәлелденген жағдайларда кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлемі шеңберінде, ал басқа жағдайларда медициналық сақтандыру аясында көмек көрсетеміз. Тұрғындар үшін жатыр миомасы, киста сияқты қатерсіз ісіктерді емдеу енді тегін. Бұл тек гинекологиялық дерттерге ғана қатысты емес, адам ағзасындағы, терідегі жаңадан пайда болған кез келген ісікті ақысыз емдейміз. Тек қана өзі тіркелген емханадан жолдама болу керек. Бүгін учаскелік терапевтің жолдамасынсыз (жедел жәрдемнен басқа. А.Е.)ешқандай көмек көрсетілмейді, – деп түсіндірді бас дәрігер.

Мамандардың сөзіне қарағанда, Шығыс өңірі тері аурулары жағынан республикада алдыңғы көрсеткіштерге ие. Сондықтан да тұрғындарға оның алдын алу шаралары, емдеу әдістері туралы білген жөн.Жалпы, кез келген ісікке гистологиялық зерттеу жасамайынша,оныңқатерлі немесе қатерсіз екенін анықтау мүмкін емес. Сол себепті зерттеу жасалғаннан кейін олардың кейбіреуі қатерсізден қатерлі ісік қатарына өтуі әбден мүмкін.

Тері ауруларының ішіндегі ең қауіптісі – терінің обыры (меланома). Ол бір қарағанда кіп-кішкене ноқат қана, бірақ тамыры терінің барлық қабаттарынан өтіп, терең жайылады.

–Кейде адамның терісінде кішкене ноқат пайда болады. Егер ол өсіп немесе қыши бастаса, бірден онкологқа қаралу керек. Тері ауруларында онколог маманның кеңесі өте маңызды. Өйткені емдеудің лазер, электрокоагуляция, криодеструкция сияқты  бірнеше әдісі бар. Криодеструкция  кезінде ісікті суықпен қатырып тастайды да, ол түсіп қалады.  Бірақ міндетті түрде гистологиялық зерттеу қажет, – дейді Гүлмира Гадулқызы.

Ал онколог Жандос Жагниев көпшіліктің ұнататын лазермен емдеу әдісі барлық жағдайда тиімді емес екенін айтады.

–Көп науқастар лазер әдісі ең тамаша деп жаңсақ ойлап, терідегі өскіндерді лазермен алып тастауды өтінеді. Бұл ең тиімді ем емес. Хирургияның басы – скальпель. Меланоманы дұрыс ала білу керек.  Онколог-хирургтер ісік жасушаларын кесіп алған кезде, оның қасындағы жасушыларды да қоса алып тастайды, солай болу керек. Кейде хирургиялық отадан басқа сәулелі терапия мен химиялық терапияның емін қосымша алуға да тура келеді, – дейді Жандос Ермұхамбетұлы.

Мамандартері обырын косметикалық салондарда алғызудан немесе бір тамшы гельмен алып тастаймыз деген жарнамаға сенуден абай болуды ескертеді. Бас дәрігердің сөзінен ұққанымыз, егер косметикалық салондар мен жарнама берген тұлғалар осындай қызмет түрлерін көрсеткілері келсе, құзырлы органдардан лицензиялары болуы тиіс. Қызметтерінің сапасы үшін жауап беруге міндетті. Ол үшін олардың онкологиялық тері аурулары туралы білімдері болуы шарт. Бірақ осы күнге дейін орталық мамандарынан салон қызметкерлеріне дәріс оқу немесе тәжірибелерімен бөлісу туралы өтініш болмаған. Бәлкім, олар білімдерін басқа жақта ұштап жүрген шығар деп сенеміз. Дегенмен, тері обыры сияқты қауіпті дертті тек онколог мамандарға емдеткен абзал.

Үш жылда он сегіз жаңа технология енгізілді

Бүгінгі таңда пациенттің еліміздің аумағындағы кез келген емдеу ұйымына қаралуға құқы бар. Біздің облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының жабдықталуы мен онкологтардың біліктілігі бүкіл республикаға белгілі. Таяуда бас дәрігерге омырау безінің қатерлі ісігі деген диагноз қойылған алматылық келіншек хабарласыпты (Тұрғындармен кері байланыс үшін бас дәрігердің жеке вацап нөмірі бар87767165152, сағ 8.00-17.00 аралығында).Дәрігерлер омырауын түгел алып тастаймыз дегеннен шошыған келіншек интернеттен, әлеуметтік желіден білікті мамандарды іздеп, ақыры бас дәрігермен тілдеседі. Гүлмира Габдулқызы науқастың барлық анализдері мен маммографиялық зерттеулерін алғызып, онкологтармен кеңеседі.

– Біздің мамандар омырауын сақтап қалуға болады деген ұйғарымға келгенін естіген пациент төрт күннен кейін шешім қабылдап, бізге жетті. Порталға алматылық дәрігерлер енгізді. Оған отаны білікті маманымыз, білімін Манчестерде жетілдіріп келген онколог Инна Чертищева жасады. Операция косметикалық, тіпті тігісін де алып керегі жоқ, өзі теріге сіңіп кетеді. Инна Леонидовна шетелде  омырау безінің қатерлі ісігі кезінде жасалатын пластикалық отаның қыр-сырын меңгерген-ді, алған білімін сәтті пайдалана білді. Пациенттің ризашылығын сөзбен жеткізу мүмкін емес, – дейді бас дәрігер.

Алматылық келіншек, ең алдымен, медицина қызметкерлерінің құшақ жая қарсы алғанын, өзіне деген жылы көзқарастарын атап өтіпті. «Мені жақсы бір таныстарын не туыстарын қарсы алғандай күтті. Персоналдардың қызметі мінсіз» деп баға беріпті. Сәулелі терапияны енді үйіне барып, амбулаторлы түрде қабылдайды, өйткені  ұзақ, бір айдай емделу керек екен.

Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының мамандары Еуропаның озық клиникаларында білімдерін арттыру бағдарламасының шеңберінде үш жылдың ішінде емдеудің он сегіз жаңа технологиясын меңгеріп, тәжірибелеріне енгізіпті. Олар шетелде тек дәріс тыңдап қана қоймай, ота жасауға қатысып, шеберліктерін шыңдап келген.  Соның нәтижесінде шығысқазақстандықтарға енді республикалық клиникаларға немесе шетелге ағылудың қажеті жоқ.

Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button