Қоғам

Өзтүріктің өз қолынан қара белбеу алған

Өзтүріктің өз қолынан қара белбеу алған

Тәуелсіздік күніне орай ақын, сазгер, Мұстафа Өзтүріктің қолынан таэквондоның қара белбеуі – бірінші данын алған, «Әділ жауап» ұрыс өнері мектебінің ұстазы, жерлесіміз Жиынбек Бұлжанов Өскемендегі Металлургтердің мәдениет сарайында «Автобуста орын берді қария» атты шығармашылық кешін өткізді.
Бұл жерде біз Жиынбектің ең негізгі өнерлерін ғана атап отырмыз, әйтпесе айналысып жүрген істері мен атақтарын санамалай берсеңіз, он саусағыңыз жетпей қалады. «Сегіз қырлы, бір сырлы» өнерпаздың шығармашылық кешінің аты да қызық. Автор көрерменге әуелі сол атаудың сырын түсіндірді. Өткен ғасырдың 80 жылдары Өскеменде болған оқиға екен. Аялдамада автобус күтіп тұрған Жиынбек қалтасындағы кітабын алып оқып тұрады, маңындағы жастардың көбінің қолында темекі. Осыны көріп отырған қария автобусқа кірген Жиынбекке орнын береді… осы жағдайды ақын егіз ұйқаспен әсерлі баяндапты.
Жиналған көрермендердің біразы сазгердің «Анашым құдіретіңе табынамын» деген әні үшін жиналғаны белгілі. Бұл 90 жылдардың басында кең таралған ән екенін көз қарақты жұрттың көбі біледі. Бірақ ән авторын білмейтін жұрт Жиынбектің кім екенін көруге Металлургтер сарайына бет алған. Бұл әнді қазір, еліміздің белгілі өнер жұлдыздары – Қарақат пен Қыдырәлі орындап жүр.
Кеште ақынның бұдан басқа да отты жырлары оқылып, өз әндері орындалды. Айталық, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқан кеш иесі «Ақ қой сенде арман жоқ» атты балладасын жазған. Бұл өлең сахнада оқылғанда халықтың ыстық ықыласына бөленді. Ақын ел алдына өнер көрсетуге Еркежан, Тоғжан атты қыздарымен қоса Еркебұлан деген ұлын, Алтынбек есімді інісін бірге ерте келіпті. Қос қызы қазақтың қара домбырасын сайратып кешті бастаса, інісі өз шығармашылығынан әндерін орындады. Бір айта кетерлігі, інісі Алтынбек те аға жолын қуған әрі ақын, әрі сазгер, әрі спортшы екен. Ал Еркебұлан атты кішкентай ұл әкесімен бірге сахнаға көтеріліп таэквондодан өнер көрсетті.
Домбыра, гитара сынды музыкалық аспаптардың көмегіне сүйенген кеш иесі «Жан әке», «Бәлкім менің махаббатым боларсың», «Ардағым», «Аруым», «Жаңа жыл» атты әндерін тамылжыта орындады.
Жиынбек Рәбілұлы Күршім ауданы, Қойтас ауылының тумасы. Ұзақ жылдар заң саласында жұмыс істеген азамат елімізде болып жатқан елеулі оқиғалардың ешбірінен тысқары қалып көрген жоқ. Өз ой-пікірін орынымен айтып жүрген ол Өскемен жұртына өнерде де бөлінбеген еншісі бар екенін дәлелдеп қайтты.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button