Мәдениет

Әзілкештер әсерлі қойылыммен қуантты

Әзілкештер әсерлі қойылыммен қуантты


Зырян ауданы әкімінің жүлдесіне арналған жайдарман ойынында оқушылардың көтерген мәселесі ҰБТ мен жаңа оқу бағдарламасының қиындықтары болды.

– Аудан әкімі Нұржан Тоқсейітовтің бізге жүктеген үлкен міндеті – оқушылардың бос уақытын тиімді әрі көңілді өткізуді ұйымдастыру. Сондықтан, жайдарман ойынын өткізуді біз дағдыға айналдырғанбыз. Әкім жүлдесіне арналған бұл жарыс, міне, осымен 23-ші рет жалауын желбіретті, – деді аудандық Спорт және мәдениет сарайының директоры Раиса Карагужина.

Сонымен, жарыс басталды. Зал толы көрермен дүбірге қиқу қосуда. Көмбеге тігілген жүлде жастардың шабытына шабыт үстеуде. Осыған қарап тұрып, «зыряндық жайдарманшылардың жоғарғы лигадағы ойыншылардан несі кем?!» деген ой келді бізге. Әрі бұл жақтың Алена Уразова сынды өз «Есен Елеукені» тұрғанда тіптен олай емес дей алмасыңыз анық.

Аленаның «сарбаздарына» берген тапсырмалары да сан қилы. Бірінен-бірі өткен қызықты. Бұл жолғы оның ұсынған тақырыбы – «Күлкі – өмірдің мәні» болды.

№12 мектеп-лицейінің тобы былтырғы биігінен түспеген екен. Қайта шыңдала түсіпті. Олар зыряндық мектеп бітірушілер үшін маңызды шетелде оқу мәселесін әзілдеп жеткізді. ҰБТ мен жаңа оқу бағдарламасының қиындығын айтуда да тапқырлық танытты.

№7 мектеп әзілкештері ұстаздарын сахнаға ертіп шығып, жиылған жұртшылықты күлкіге қарық қылса, №11 мектептің жайдарманшылары әзіл өлеңмен жадымызда сақталған еді.

Ал №9 мекептің «Болашақ» құрамасы қаһарлы хан образын сәтті сомдаса, №6 мектеп командасы көрерменді ертегі әлеміне жетеледі. Олар әдемі би, таңғажайып қимылдарымен көрермен көзайымына айналды.

Дегенмен де, бүгінгі кештің басты «жұлдыздары», елдің сүйкімді де, сүйікті тобы №8 мектептің әзілқойлары еді. Себебі, олар 5-6 сынып оқушыларынан құралған ең жас топ болатын. Иә, әдетте мұндай додаларда жоғарғы сыныптардың оқушылары ғана жүретін.

Ұйымдастырушылар жағы биыл жеңімпаздарды орын беру арқылы анықтаған жоқ. Әр топқа атаулы сыйлықтар ғана берілді. Мықтыны анықтау мүмкін де болмаған сияқты кіл жүйріктің ішінен. Бұл – доданың тартысы өткеніне дәлел.

«Жыл жаңалығы» – «Болашақ» тобы (№9 мектеп);
«Жеңіске деген жігері үшін» – «New 7» (№7 мектеп);
«Үздік сахналық образ» – «Жаңа мектеп» (№11 мектеп);
«Мергендер» – «Квартал» (№6 мектеп);
«Ғарыштан келгендер» – «Жігіттер» (12 мектеп-лицей);
«Үздік сахналық қойылым» – «Кадеттер» (№8).
Барлық топқа, сонымен қатар, жекелеген ойыншыларға сый-сияпаттар табысталды.

Оксана Сосновская
Материал Зырян аудандық ішкі саясат бөлімінң
тапсырысы бойынша әзірленді

Осы айдарда

Back to top button