Мәдениет

Әзілхан Нұршайықов атындағы шығармашылық байқаудың жүлдегерлері анықталды

Әзілхан Нұршайықов атындағы шығармашылық байқаудың жүлдегерлері анықталды

«Шығыс-Ақпарат» медиахолдингі Әзілхан Нұршайықов атындағы жыл сайын өтетін шығармашылық байқаудың қорытындысын шығарды. Биыл алғаш рет ұйымдастырылған байқаудың жүлдегерлері медиахолдингке шақырылып, оларға арнаулы сертификаттар тапсырылды.

Естеріңізге сала кетейік, бұл байқау биылғы сәуір айының басында жас журналистер, жоғары сынып оқушылары, мұғалімдер, тарихшылар мен жергілікті өлкетанушылар арасында «Еңбек адамы», «Туған өлкем», «Еркін тақырып» атты үш аталым бойынша ұйымдастырылған-ды. Жанрды өзі таңдаған авторлар материалдарын «Дидар» газетінің редакциясына жолдады. Қабылданған материалдар арнайы комиссияның, редакциялық алқаның сүзгісінен өтіп, іріктелді. Сөйтіп, байқау қорытындысы бойынша тоғыз талапкердің жұмысы үздік деп танылды.

– Бұл байқауды ұйымдастырудағы негізгі мақсатымыз облысымыздың түкпір-түкпірінде жүрген жас таланттарды таңдау, оларды газет жұмысына қоғамдық тілші ретінде тарту еді. Мақсатымыз орындалғандай болды. Байқауға отыздан астам автордың материалдары түсті. Оларды сараптай-саралай келе, тоғызын жеңімпаз деп таптық. Міне, бүгінгі салтанатқа соның алтауы қатысып отыр. Жерлесіміз, шығармашылық жолын журналистикадан бастап, көрнекті қаламгерге айналған Әзілхан Нұршайықов атындағы бұл байқауды жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырамыз, – деген «Шығыс-Ақпарат» медиахолдингінің директоры Нұржан Қуантайұлы жүлдегерлерді құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

Ал Қазақстан Журналистер одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Жұмаділ Әділбаев байқауда үздік жұмысымен көзге түскен риддерлік Бақытгүл Көшероваға, семейлік Ақмарал Тоқсановаға, үржарлық Аяжан Амантаеваға, тарбағатайлық Ержан Аманкелді мен Дидар Шыныбаевқа, жармалық Рүстем Мұхаметрахимовқа «Шығыс-Ақпарат» медиахолдингінің арнаулы сертификатын тапсырып, мұндай байқаудың журналистер қатарын толықтырудағы маңызы зор екенін атап көрсетті. Сондай-ақ, байқау жеңімпаздарына «ШығысАқпараттың» баспасынан шыққан Әзілхан Нұршайықов туралы естеліктер жинақталған «Әз-аға» және «Дидар» газетінің даму жолдарын айшықтаған «Тарихи жол» атты кітаптар, ақшалай сыйлықтар табысталды.

Белгілі қаламгер, тәжірибелі журналист, ғалым Айтмұхамбет Қасымов байқау жеңімпаздарына арнап шеберлік сабағын өткізіп, журналистиканың теориясы мен тәжірибесінен мазмұнды дәріс оқыды. «Дидар» газетінің редакторы Уәлихан Тоқпатаев жас қаламгерлердің сұрақтарына жауап беріп, басылыммен тығыз байланыстың жайын түсіндірді. Сөйтіп, сый-сияпат көріп, дәріс тыңдап, өзара пікір алмасқан жас таланттар қанаттанып қайтты.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button