Зияткерлік мектептерге қарап бой түзейді

Соңғы қоңырау күні кеше ғана соғылса да, Бородулиха ауданындағы мектептер жаңа оқу жылына дайындықтарын бастап кеткен. Қыркүйек айынан өңірдегі кей білім ордасы Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқу бағдарламасын негізге ала отырып, жұмыс істемек.
Дәл сондай мекеменің бірі деп Жерновка ауылындағы орта мектепті айтуға болады. Ауданға жасаған кезекті жұмыс сапарымыз барысында аталмыш мектепке де соғудың сәті түсті. Жалпы, бүгінде аталған білім ордасы Бородулиха ауданындағы үздік мектептердің бірінен саналады. Оған себеп те аз емес. Мәселен, былтырғы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша аудан көлемінде ең жоғарғы балл жинаған дәл осы Жерновка мектебінің түлегі болған.
– Оқушыларымыз жыл сайын түрлі олимпиадалар мен білім сайыстарында жүлделі орындардан көрініп келеді. Ал былтыр бір түлегіміз ҰБТ-дан 128 балл жинады. Бұл аудандағы ең үздік нәтиже болды. Оқушыларымыз биылғы сынақтан да абыроймен өтеді деп сенеміз, – дейді мектеп директоры Людмила Чибисова.
Оның айтуынша, аталған білім ордасының ғимараты 2013 жылы салынған. Қазір мектепте 90-ға жуық оқушы оқиды екен. Ішінде көршілес Боровлянка мен Пол-Лог елді мекендерінің балалары да бар. Осыдан екі жыл бұрын мұнда 25 орынға шақталған шағын орталық та жұмысын бастапты.
Мектептің жабдықталуына да тағар мін жоқ. Жаңа жиһаздармен, интерактивті тақталармен жабдықталған мекемеде лингафондық, сондай-ақ химия, физика және информатика пәндерінің кабинеттері қызмет көрсетіп тұр. Людмила Чибисова айтқандай, оқуға қажет құрал-жабдықтың біразын Назарбаев зияткерлік мектебінің әкімшілігі берсе, қалғанын білім ордасының ұжымы өз қаражаттарына сатып алған көрінеді.
– Мектебімізде өз мамандығы мен туған өлкесіне адал 20-дан астам мұғалім қызмет етеді. Соның бірі – балаларға денешынықтыру пәнінің қыр-сырын үйретіп жүрген Ернұр Бүгелбаев. Ернұрдың шәкірттері дзюдодан өтетін аудандық жарыстарда ғана емес, облыстық және республикалық деңгейдегі додаларда жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Рас, талантты бапкердің қызметіне қызығушылық танытып отырған қала мектептері де аз емес. Сол себепті біз осындай білікті мамандарды өзімізде сақтап қалу үшін, оларға жан-жақты қолдау көрсетіп келеміз, – дейді мектеп директоры.
Бұл тұрғыда жергілікті қалталы азаматтардың еңбегі ерен екенін де айта кеткен орынды. Жерновка орта мектебіне қашан да демеушілік көрсетіп, көмегін аямайтын кәсіпкерлердің арасында әсіресе Азамат Әубәкіров пен Валерий Лопатин сияқты атымтай жомарттарды атап өтуге болады.
– Балалар – біздің болашағымыз, сондықтан біз осы өскелең ұрпақтың еш нәрседен тарықпауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Мұны кәсіпкерлеріміз де жақсы түсінеді. Сол себепті ауданның елді мекендерінде мемлекеттік-жекеменшік среіктестік аясында түрлі ойын алаңқайлары, спорттық модульдер мен балалар лагерлері, робот техникасы кабинеттері тәрізді нысандар пайда болуда. Сонымен қатар бізде «Алекс» шаруа қожалығының басшысы Александр Подкорытовтың атсалысуымен ат спорты да қарқынды дамуда, – дейді Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Селиханов.
Бородулихаға сапарымыз барысында аудан орталығындағы Ғалымжан Тілеубаев басқарып отырған қазақ орта мектебіне де аялдадық. 365 орындық іргелі білім ордасында бүгінде 350-ге жуық бала білім алуда. Оның айтуынша, мектептің мұғалімдер ұжымы жыл сайын өткізілетін семинарлар мен біліктілікті арттыру курстарына үзбей қатысып келеді.
– Бізде 40-тан астам педагог қызмет етеді. Жағдайымыз жаман емес. Мектебіміз кең әрі жарық. Жуықта өз күшімізбен робот техникасы кабинетін жөндеп шықтық. Кабинетке қажетті құрал-жабдықтар мен конструкторлық жиынтықтарды да алып қойдық. Жаңа оқу жылынан бастап мұнда балаларға арналған факультативті сабақтар өткізілетін болады. Біз заманауи технологияларды жетік меңгерген, бәсекелестікке дайын жастарды тәрбиелеп шығарғымыз келеді. Алдымызға осындай міндет қойып отырмыз, – дейді Ғалымжан Мәуітжанұлы.
Бір айта кетерлігі, бүгінде аталған мектепте көршілес елді мекендердің балалары да білім алып жатыр екен. Оқушыларды тасымалдау мақсатында оқу кезінде ауыл арасында күн сайын бірнеше автобус қатынайтын көрінеді.
Нұржан Кенжеұлы
Мақала Бородулиха аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді