Білім

Жүз сексен жас дарын ерекше құрметке бөленді

Жүз сексен  жас дарын ерекше құрметке бөленді

Ертістің сол жағалауында орын тепкен «Аралдар» резиденциясында облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қатысуымен «Шығыстың жас дарындары» атты форум болып өтті.
Өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының ұйымдастыруымен өткен форумға халықаралық және республикалық зияткерлік, шығармашылық және спорттық олимпиадалар мен жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ, облыстың шығармашылықпен қызмет етіп жүрген мұғалімдері, жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысты. Бұл форумға 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарының чемпионы О.Рыпакова, «БипекАвто» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы А.Балушкин, қаладлағы ШҚМУ, ШҚМТУ және ҚАЕУ сынды жоғары оқу орындарының ректорлары арнайы шақырылыпты.
– Құрметті жас достар! Бүгін біз сіздер үшін Ертістің жағасындағы «Аралдар» резиденциясында алғаш рет арнайы іс-шара өткізіп отырмыз, – деді жастарды құттықтаған облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ. – Сіздер сияқты ақылды, дарынды жастар көп болса, еліміз тез арада 30 дамыған мемлекеттер қатарына енеді. Жалпы, ел болашағы жастардың қолында болғандықтан, біз оларға барлық жағдайды жасауымыз керек. Өйткені, сіздер білімді, тәрбиелі және мәдениетті болуларыңызбен ғана егемен еліміздің абыройын асқақтата аласыздар. Бізден басқа бір өзінде екі бірдей Назарбаев зияткерлік мектебі бар бірде-бір облыс жоқ. Мұның өзі өңірде сіздер сынды балалардың көбеюіне жол ашып отыр. Мен облыс басшылығының атынан осындай биіктерге құлаш сермеген сіздерге алғыс айтамын. Әр уақытта дендеріңіз сау болып, осындай талпыныспен ұлтымыздың, мемлекетіміздің нұрлы болашағы жолында аянбай еңбек ете беріңіздер. Ақыл да, терең білім де, небір жақсы идея да сіздерде. Сіздер үлкен белестерді бағындырады деп сенеміз. Дәйім ақ жол болсын!

Жүз сексен  жас дарын ерекше құрметке бөленді

Осылай деген аймақ басшысы озық ойлы, биік мақсатты оқушылар тәрбиелеп жүрген мұғалімдерді марапаттап, оларға өз қолымен арнайы грамоталар тапсырды. Олардың алдыңғы легін Жамбыл атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-гимназия-интернатының ұстазы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қанипа Бітібаева бастады. Үздік мұғалімдер арасында сондай-ақ, Шәкерім атындағы СМУ-дің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Базарбек Мұқышев, Өскемендегі О.Бөкей атындағы мектеп-лицейдің мұғалімі Бағжамал Садықова, семейлік Бауыржан Юсупов, Күршім гимназиясының мұғалімі Жайлаубек Оқас, жармалық Құдайберген Әшімханов және дарынды балаларды түрлі білім сайыстарына дайындаған басқа да ғалымдар мен ұстаздар бар.
Кездесу барысында оған қатысқан оқушылар облыс әкіміне өздерін қызықтырып жүрген сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Бердібек САПАРБАЕВ сауалдардың барлығына да толық жауап берді.
Бұл форумға өткен жылдардың түлектері де шақырылған екен. Олар «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында және «Дарын» орталығының 15 жылдығына орай, дарынды балаларға спорттық алаң сыйлады.
Біз форум барысында Жәутіков атындағы халықаралық олимпиаданың жеңімпазы, республикалық жалпыбілімдік пәндер бойынша өткен ғылыми жобалар байқауының жүлдегері, Өскемендегі дарынды балаларға арналған «Восток» мектеп-орталығының түлегі Ғалымжан Дәулетовты сөзге тартқан едік.
– Мен бүгінгі салтанатқа шақырылғаныма, облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ арнайы сыйлығын алғаныма ерекше қуаныштымын. Бұл кездесу менің үлкен армандарыма жол ашқандай болды. Менің ендігі мақсатым – халықаралық бизнес академиясына түсіп, еліме адал қызмет ету, – дейді арманы биік жас дарын.
Форумда барлық қатысушыларға облыс әкімінің атынан алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button