Жырлаумен өткен 20 жыл

ШАЛЫҚ НЕМЕСЕ ШИРЫҒУ
Сөз өнері дертпен тең» деп Абай айтқандай, мен сол жолы Керекуден дертке шалдығып қайттым. Жатсам-тұрсам ойымнан ақындар айтысы кетер емес. Солардың сахнадағы сөз саптастары мен мың құбылған мақамдары, маңғаз отырыстары мен шумақ сайын дуылдата соғылған көрерменнің шапалағы бір сөзбен айтқанда күндіз естен, түнде түстен шықпайтын күйге жеттім.
Содан, көзіме көрінген нәрсенің барлығын өлеңге қосу деген әдет пайда болды. Күн ұзақ жұмыста жүргенде де, кешкілік бөлмемде отырсам да, қолыма домбырамды ала сап келсін-келмесін төрт жол өлең құрайтын болып алдым.
«Осыған дейін өлең дегеннің не екенін білмеуші едім» десем, оным шылғи өтірік болар. Студент кезімізде, әсіресе әскер қатарында жүрген шақтарда елді-жерді, туыс-туғандарды сағынып бірер шумақ өлең жазған болып жүретінмін. Ол өлеңдердің басы біреудікі болса, аяғын өзің қосқан боласың.
Бірақ, бала күнімде шешемнің «Сенің нағашыларыңда ақындық қасиет бар. Кезінде «пәлен» деген нағашыңды елдің жақсы-жайсаңдары ит арқасы қияннан арнайы іздеп келіп, үлкен тойлар мен астарға қалап әкетіп, астына ат мінгізіп, қомақты сый-сияпат жасап қайтаратын» деп отыратыны есімде қалыпты. Анамның әлдеқайдағы алыста, шекараның арғы жағындағы қытай жерінде қалған ағаларына деген сағынышынан туған осы бір өзекжарды сөздеріне кезінде мән беріп, көңіл бөліп қарамаппын. Ал енді осы бір «өлең дертіне» шалдыққалы менің бойымда сонау шалғайдағы бет-бейнесін көрмеген «ақын нағашыларымды көріп, солардың ақындық өнерлеріне қанықсам ғой» деген бір құмарлық пайда болды.
Өткендегі айтыстан кейінгі менің ішкі дүниемнің астаң-кестең болып жүргенін сырттай байқап жүрсе керек, бірде қонақта отырғанымызда Қадіржан «Әй, Серік, бұл кісілер ән-терме дегенді күнделікті тыңдап жүр, сен онанда үй иелерінің құрметіне бірер шумақ жырды тап осы жерде суырып салып айтып берсеңші» демесі бар ма.
Дастархан басындағылар да осы сөзді күтіп отырғандай «Иә, Кәкең дұрыс айтады, ән-терме деген де жақсы ғой, ал суырып-салма өлеңнің жөні бөлек әрине» деп шу ете қалысты.
Бұрын-соңды мұндай отырыстарда дайын терме немесе ән орындап беріп құтыла салатын басым, ойламаған жерден түскен ұсынысқа шынымды айтсам, сасқалақтап қалдым. Шынайы сұраса да, сынап отырса да мен үшін дәл сол жерде шегінетін жер қалмағандай еді.
Осы сәтте Қадіржанның «Мен кісі танысам, осы Серіктің ақындығы бар, бойындағы өнерін біртін-біртін шыңдап, іштей ширыға берсе, күндердің-күні үлкен ақын болады» деген бір ауыз сөзі көңілімдегі күдікті сейілтіп жібергендей болды. Оның үстіне «Бір-екі айдан бері өз-өзіммен «ақын» болып жүрген талабымның бар екені рас болса, осындайда неге сынап көрмеске?» деген де ой келе қалды.
Содан «не де болса» деп, іштей нар тәуекелге келдім де, өткенде сахнадан көрген ақындарға ұқсап, шабыт шақырған адамша домбырамды біраз шертіп отырып барып, бір шумақ өлең айттым. Қазір дәл сол жерде айтылған өлеңдер ойымда қалмапты, әйткенмен жобасы:
Мынау бір есте қалар жиын екен,
Жыр-терме біздер үшін бұйым бе екен?
Бәрінен Қадіржанның суырып сал деп,
Адамды састырғаны қиын екен- деп келеді-ау деймін. Ұйқасы екен, екен-деп аяқталса да, отырғандарға негізгі айтар ойымды жеткізген секілдімін. Дастархан басында отырғандар бұрын-соңды мұндай өлең естіп көрмегендей даурығып, «Уай, пәлі-ай, міне жігіт!» деп, дем беріп, қол шапалақтап та жіберді.
Адам көңілі сәл нәрсеге марқайып немесе болмашы дүниеге жаси қалатын қылдай нәзік демей ме. Жігіттердің бір шумақ өлеңіме көрсеткен қолпаштары мені әжептәуір арқаландырып жібергендей болды да, ойда жүргені бар, сол жерде шыққаны бар, ұйқастары осалдау болса да тағы бірнеше шумақ өлеңді айтып салдым. Дастархан басындағылар басы Қадіржан болып, менің «ақындықтағы алғашқы қадамымды атап өту керек» деп өзеуреп алған. Оларға сыр бермесем де, иығымнан ауыр жүкті арылтып, сын сағатта артылған үлкен міндеттен құтылған жандай, іштей масайрап қалдым…
Сөйтіп, сол күні мен шағын ғана ортада тұңғыш рет «ақын» деген атқа ие болып, қомақты жүлде алғаннан жаман, қонақтан бөркім даңғарадай болып қайттым…
ЖҮКЕҢНІҢ ШЕБЕРХАНАСЫ
Жоғарыда айтып өткенімдей Екібастұз қаласында жер-жерден келген өнерпаз қыз-жігіттер өте көп болды. Олардың басын қосып, көпшіліктің игілігіне жарайтын небір мәдени шаралар ұйымдастыру екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа.
Дегенмен «қалауын тапса қар жанар» демей ме. Сол жылдары Екібастұз аудандық мәдениет бөлімін баянауылдық Жүрсін Бәтенов деген азамат басқарып тұрды. Ұзақ жылдар ауыл мектептерінде ұстаздық етіп, директорлық қызметке дейін көтерілген Жүкең, кейіннен жиырма жылға жуық Екібастұз аудандық мәдениетінің тізгінін де уысында ұстады.
Төрдегі төреден бастап, босағадағы қараға дейін аса сыйлы, сыйымды болған Жүкеңнің ұйымдастырушылық қабілеті де ғажап еді. Ол кісінің қазақ әдебиетінің тұнығынан әбден қанып нәр алғандығы бір төбе, өзі ағып тұрған ақын болатын. Сосын өтірік пен өсек, жағымпаздық пен қиянат деген дүниелерге жаны қас еді. Кез-келген алқалы жиындарда көпе-көрнеу өтірік айтылып болмаса әлдебіреуге жазықсыз жала жабылып жатса шыр-пыр
болып әлгі адамға араша түсетін. Ондай сәттерде алдында басшы отыр ма, басқа отыр ма бәрі бір «бетің бар, жүзің бар» демей сойып салатын.
Жүкеңнің тұсында Екібастұз ауданы өнерпаздарының асығы алшысынан түсіп, абыройлары асқақтап тұрды деуге болады. Өйткені кез-келген облыстық немесе ауданаралық сайыстардың бірінші күнгі дайындығынан бастап, соңғы нүктесі қойылғанға дейін Жүкең аттан түспейтін. Ол кісінің осындай еңбекқорлығы үшін қол астындағы қызметкерлері де, өнерпаздарда тіпті былайғы жұртшылық та қатты құрметтеуші еді.
Сол кездерде аудан атынан айтысқа түскен Тұрсынбай, Қыдырбай, Оташ сынды ақындар облыстық, ауданаралық айтыстардан үнемі жеңіспен оралып жүрді. Бір қызығы солардың сахнада айтқан жырларының жарымынан көбі Жүкеңнің жазып бергені екенін тыңдарман жұрт біле бермейтін де.
Жүрсін ағаның алты ұлы болды. Бірақ әлгілерді қыз болып туылмаған демесең, кез-келгені түздің де, үйдің де жұмысын шырқ көбелек айналдыратын бесаспап, пысық болатын. Қалимаш жеңгей ол кезде ет комбинатында жұмыста. Кей күндері жұмыстан шаршаңқырап, кешігіңкіреп келеді. Ал ұлдар болса аналарының жоқтығын білдірмей, оттарын жағып, тамақтарын пісіріп дегендей, қашан барсаң да үйдің ішін тап-тұйнақтай етіп жинап, әке-шешелеріне «ләпбай тақсыр» деп тұрушы еді. Менің ойымша бұл да бір тәрбиенің, тәрбие болғанда да екінің бірі бере алмайтын түрі. Біздің қазақ балаларының барлығы осындай болса кәнеки.
Екібастұз қаласының жеке үйлері орналасқан ауданындағы Жүкеңнің бес бөлмелі үйі сол кездегі айтысқа еліктеп, жыр додасына енді-енді аралассам ба, деп дүдәмал ойда жүрген мен үшін нағыз ақындықтың шеберханасы болды десем, артық айтқандық болмас.
Әсіресе үлкен мерекелер мен айтыстардың қарсаңында ақын-жыршы, әнші-күйшілер сол үйге жиналып ап, Жүкеңнің бағыт-бағдар беруімен ертеден кешке дейін айтысқа, аталмыш шараға дайындалып, бір-бірімізбен айтысып-тартысып кеп жатқанымыз.
(Жалғасы, басы 8 желтоқсан күні сайтта жарияланған. Жалғасы бар)