Жаңалықтар

Жыр жүйрігі Оразай Жеңісұлы

Бүгінде Егемен елдің бесігінде тербеліп өскен жастар әр салада әлемдік биіктерді бағындырып, қалаберді Республиканың, өңір-өңірдің  мақтанышына айналып үлгерді. Осындай озат жастардың бірі – Оразай Жеңісұлы. Өлеңді өзіне серік еткен жас ақын бүгінде бірқанша биікті бағындырып, жуықта «Жел сүлей» атты жаңа кітабының тұсауын Елордада кесіп қайтты.

Байырғы баба ғұрыптан бері сөз өнері ұлттық болмысымызға мықтап бекіп, сан төрінен орын тапқан. Сондықтан да сөз бен сертке тоқтам жасаған халықпыз. Сол бір бабадан қалған сөз мұраны жалғастырып,  ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген сөз зергерлері үзілген емес-ті. Баба аманатын арқалап, «әдебиет ардың ісі» деп сөз майданыны қойып кеткен жас қаламгерлердің бірі – Оразай Жеңісұлы, бүгінде елдің мақтанышына айналып отыр. Ол  халықаралық, республикалық, облыстық жыр додаларында талай мәрте жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтар болсақ, «Алтын тобылғы» республикалық әдеби байқауының және «Қасиетті Қазақ елі» атты халықаралық өнер фестивалінің лауреаты атанды. Елорданың 20 жылдық мерейтойына орай өткен «Астана – жастар жүрегінде» атты жас ақындар мүшәйрасына қатысып, 400 үміткердің ішінен іріктелген 30 ақынның құрамына еніп, одан үздік шыққан 10 ақынның қатарынан көрініп, ақтық кезеңге жолдама алып, Елорданың мерейін асқақтатқан үлкен шараға Шығыс Қазақстан атынан шақырылды. Сайып келгенде үздік ондықта топ жарып, 2 орынға қол жеткізді. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын, публицист, жазушы Ерғазы Рахимовтың 80 жылдығына орай өткен респулбикалық ақындар мүшәйрасында 2 орын, Тұманбай Молдағалиев атындағы республикалық мүшәйрада бірінші орынды алып қайтты. Сондай-ақ Оралхан Бөкейдің 75 жылдығына арналған облыстық ақындар мүшәйрасында 1 орынға, Жазушы Мүслім Құмарбекұлының 80 жылдығына орай өткен облыстық ақындар мүшәйрасында бас жүлдеге иелік етті. Бұдан өзге де байқауларда жеңімпаз атанып, шығыстың қоржынына талай-талай бәйгені салғанына ел куә.

Шығыстың намысын республикада қорғап жүрген ақынның жырлары топтама жинақтар, газет-журналдар және әдеби-мәдени порталдар арқылы оқырманын тапқан болатын. Жуықта жас ақынның «Жел сүлей» атты жыр жинағы жарық көрді. Автор арнайы шақырумен Астана төріндегі Ұлттық академиялық кітапханада сиясы кеппеген жаңа туындының тұсауын кесіп қайтты. Елорда төрінде өткен әдеи шараға танымал ақын-жазушылар қатысып, қазақ әдебиетінің ардакүреңі Ғалым Жайлыбай, «тәңір күлігі» Жүкел Хамай, дүлділ ақын Серік Қалиев қатарлы тұлғалар «Жел сүлейдің» тұсауын кесіп, ақжол тіледі.

– Желмен сырласқан  желбірең ойлы ендегей ескінді Оразай Жеңіс деген жас ақын осылай желдей еседі! Хош! «…Тереземнің түбінде жел үреді, Не біледі, нені айтып егіледі?!…» расында осы ишаратымен нені меңзеп, айтпақшы!? Тоқтамайды. Дамылсыз соғатын самал желдей бір ғайып еспе жырлар! Бұл аз болса: «…Есалаң жел, ерке жел, тұрағы жоқ. Жанары жоқ және де құлағы жоқ. Жүрегі бар алайда мұңға толы, Тереземнің түбінде жылады көп…»!? Қандайбір бағзы-құсқы замандық ертектің діңінен егілген тірі сарындар, елең өрімдер! Құдды адамның елесі немесе желге айналған  бейруһ – тың сүлей! Ғажап!, – деп жыр жүйрігінің шығармашылығы туралы пікір білдірді ақын Сұраған Рахметұлы.

Сөз өнерін  серік еткен Оразай Жеңісұлы журналист ретінде  де бағындырған белесі бір төбе. Облыстық «Дидар» газеті мен «Altaynews» сайтының тілшісі бола жүріп ақпарат майданында атын республикаға танытты.

Айта кетейік, ақынның «Жел сүлей» атты  жыр жинағының облыс тұрғындары алдындағы алғашқы таныстырылымы Өскемендегі облыстық драма театрда 17 қазан күні өтпек. Жұрттың мақтанышына айналған ақынның шығармашылыған сәттілік тілеп, жыр тыңдаймын деген жұртқа есік ашық.

Алтай Ғали-Асқар

 

Осы айдарда

Back to top button