Жыр жәрмеңкесінен өлеңдетіп қайттық

Қазақ елінің қасиетті Тәуелсіздік мерекесіне орай өтетін Шығыстағы дәстүрлі жыр жәрмеңкесі мәреге жетті. «Астана – асқақ жырымсың» деп аталатын айтыс пен мүшәйраны қамтыған бұл сайыс биыл Астананың 20 жылдығы мен Алашорданың 100 жылдық құрметіне де бағышталды.
Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы бірлесіп откізіп келе жатқан бұл бәсекенің жылдағыдан ауқымы кең болды биыл. Бұрындары тек облыс аумағындағы ақындар қатысатын айтысқа осы жолы қазақ өнерінің жұлдызына айналған Ринат Зайытов, қарағандылық Мақсат Ақанов, астаналық Мейірбек Сұлтанхан, керекулік Аспанбек Шұғатаев келіп қатысып, сөз барымтасын республикалық өреге көтерген еді. Айтыс аламанындағы айтулы жүйріктермен бірге өз өңірімізден сегіз жас жарыс жолына шыққан еді.
– Былтыр бұл сайысты облыстық деңгейде өткізгенімізді білесіздер. Биыл талай жерде топ жарып жүрген арқар мүйіз ақындарды арнайы шақырып отырмыз. Мақсатымыз өңірдегі жастарды солармен бірге сайыстырып, сынау, шыңау болатын. Алтай аспанын бүгін жыр кернесін деп мүшәйраны да бірге өткізіп отырмыз. Алдарыңа қырық ақынның ішінен іріктелген үздік он жазба ақын шығады. Кілең мықтылар. Аманшылық болса, әр көрермен кешке үйіне өлең айтып қайтатын болады, – деп уәде берді көрерменге жыр жәрмеңкесін ұйымдастырушылардың бірі, ақын Әлібек Қаңтарбаев.
Сөз зергерлерінің аяқ алысына Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әлібек Қаңтарбаев, облыстық Кәсіподақ комитетінің төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков, Семейдегі халықтық шығармашылық орталығының жетекшісі Дәмеш Омарбаева, «Шығыс-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары, ақын Серік Құсанбаев, «Алтай» телеарнасы директорының орынбасары Айдос Жұқан қатарлы азаматтар баға берді. Ал айтыс тізгінін ақын Аслан Ғафуров ұстады.
Сонымен облыс орталығындағы Металлургтер мәдениет үйіне лық толған көрермендердің қайта-қайта тағатсыздана қол соғуымен айтыс басталды. Алғашқы жұп болып ұландық Жанат Расылханұлы мен көкпектілік Аян Қалымбекұлы ел алдына шықты. Жалпы айтыста бірінші жұп болып сөз бастау ақындарға оңай соқпайтыны белгілі. Әрі Аянның үлкен айтыстағы алғашқы қадамы бұл. Екінші жұп болып өңірдегі айтыскер жастардың арасында ерекше екпінімен көзге түсіп жүрген өскемендік Жұлдызай Маратбекқызы мен семейлік Манарбек Сатыпалды сөз саптады. Қыз бен жігіт айтысының үлгісін жасап келе жатқан екі жас періні қазылар мезгілінен бұрын тоқтатты. Ел-жұрт атағы шыққан ақындардың сөзін тыңдауға құмар болып отырғаны белгілі. Жаңағы төрт мықтыға қарсы өңірдің төрт ақынын есімі жазылған қағаз жатқан еді жүргізуші Асланның алдында. Ел ортасында отырған ақын Абаш Кәкенов барып өскемендік Қуаныш Еркінұлын суырды. Ал Қуаныштың қолына сал-серілердің сарқытындай болып сөз саптап жүрген Мақсат Ақановтың аты ілініпті.
«Ассалаумағалейкум, қазақ елі, басынан бақ, тағынан нұр таймаған» деп сөз бастап бүкіл елдің қошеметіне бөленген жерлесіміз аға ақынға аздап басымдық беріп қойды. Мұны қазылар да қалт жібермеді. Мұнан кейін «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатаевқа өскемендік Нұржан Қайратұлы қарсылас болды. Соңғы кезде өңірдегі айтыстарда өз шабысын байқатып жүрген жерлесіміз айтулы ақыннан кем түскен жоқ. Қазылар бағасы да солай болды. Залдағы елді шулатып Ринат Зайытов көтерілді сахнаға. Әріптесі семейлік жас Серік Қуанған еді. Қарсыласын тығырыққа тіремей тынбайтын атышулы Ринатқа «жем болып» кетердей Серікке көрермен жаны аши қараған еді. Бірақ, ізінен ерген інісін аяп, бауырға бауырмалдық көрсетті ол. Серікте ағасына серік бола білді. Халық тамаша айтысқа тәнті болды. Соңғы жұп болып қаззіргі қазақ айтысындағы тілі ең шұрайлы астаналық ақын Мейірбек Сұлтанхан мен аягөздік Қазыбек Байжұманов өре салыстырды. Астаналық ақын дегеніне жетті.
Екінші айналымға алты ақын өткен. Төрешілер Мақсат Ақановқа Нұржан Қайратұлын жұптапты. Үржар, Жарма, Көкпекті, Ұлан сынды аудандарда өткен айтыстарға қатысқанын тізбелеп келген қарағандылық ақын «Алтайға алты айда алты рет келдім» деп ой түйіндеп еді, «ит тойған жерлеріне тоғыз келер» деп уәж айтты қарсыласы. Ал тағы бір тартысты айтыс Аспанбек пен Серіктің ортасында өтті. Мәренің әудем жерде тұрғанын сезген Аспанбек атына қамшы басып, қарсыласын қағып тастауға барын салды. Баян Өлгейден келіп, Семейге тұрақ тепкен Серікке өзің келдің, енді неге ата-анаңды әкелмей жүрсің деген сыңайда өлең өріп еді, ол жақтағы ата тарихты қазып айтқан жас ақын «атамнан қалған тарихты, атанға жүрмін арта алмай» деп өресі биік ой түйді. Ең жоғары ондықтар тізбегін қоржындарына салып екеуі ел алдынан қайтты. Соңғы жұп болып Ринат пен Мейірбек өнер көрсетті. Елдің көптен күткен айтысы да осы еді. Көрерменнің айызын қандырар айшықты шумақтар да, елдің мұңын жырлаған ащы тармақтар болды бұл жұпта.
«Шабыттың» шәкірттері шапты
Алты сағатқа созылған аламанның бас жүлдеге тігілген жарты миллиондық жүлдесін Ринатқа берді қазылар. Бірінші орын жас ақын Серік Қуанғанның қанжығасында. Екі екінші орынды Аспанбек Шұғатаев пен Мейірбек Сұлтанханов еншілесе, екі үшінші орын Мақсат Ақанов пен Нұржан Қайратұлына бұйырды.

Қырық ақыннан іріктеліп алынған он ақын да тақырыпқа жазылған және еркін тақырыптағы екі өлеңін оқып шықты. Басқа облыстардан келіп қатыспады демесеңіз, жазба жырдың жүйріктері де республикалық деңгейден кем түсетін өлең жазбапты. Өскемендегі «Шабыт» ақындар мектебінің бүгінгі мүшелері поэзияға үлкен толқын әкеле жатқанын қуанышпен айтуымыз керек. Бұл мүшәйрадағы тартыс та негізінен солардың ортасында болды.
«Жылқының ізіндей мөрі бар күндерім шұрқырап,
Жебенің уілін естимін басымнан үстеген.
Ең соңғы қанды түн парағын жыртып ап,
Желтоқсан жайында түс көрем…» деп толғанған С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың студенті Алтынқадыс Күнтуғанұлы бас жүлдені еншіледі.
«Аруағы ойнап ақпа жыр ағысының,
Құты қашар табанда бар ісімнің
ХХ ғасырға жылап тұрып,
«Сүйегін бер» дей берем арысымның», деп жыр өрген әріптесіміз, «Дидар» газетінің тілшісі Оразай Жеңісұлы бірінші орынды, өскемендік Дәулетберді Жекей мен глубокоелық Бағжан Елсінбекқызы екінші орынды, семейлік Қуаныш Еркінұлы мен катонқарағайлық Тойлыбай Ақсембіұлы үшінші орынды иеленді. Ал Айзат Төлегенұлы, Данагүл Исағұлқызы, Естай Жаңабайұлы, Қажытай Серікжан қатарлы төрт ақын ынталандыру сыйлығына ие болды. Мұндағы үшінші орын алған екі ақыннан басқа жүлдегерлердің бәрі «Шабыт» ақындар мектебінің шәкірттері екенін айта кету ләзім.
Шынында, бұл кештен рухтанып, айтыс пен мүшәйрада айтылған айрықша жолдарды қайталап, үйге өлеңдетіп қайттық.
Мұратхан Кенжеханұлы