Мәдениет

Жыр алыбы тұғырына қонды

Осыдан бір жыл бұрын облыс орталығын аралау барысында Жамбыл атындағы саябаққа ат басын тіреген аймақ басшысы Даниал Ахметов онда тұрған жыр алыбының мүсініне қатысты сын айтып, бұқаралық ақпарат құралдарына алдағы уақытта парк төрінен ақынның жаңа ескерткіші орын тебетінін жеткізген еді.

Облыс әкімі сөзінде тұрды. Алдыңғы күні ақынның атын иеленген саябақта қоладан құйылған еңселі ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. Оған аймақ басшысы Даниал Ахметовпен бірге Жамбыл Жабаевтың немерелері, өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысты.

Белгілі болғандай, ескерткішті үш мүсінші бірігіп әзірлепті. Ал қоланың өзі Беларусияда арнайы құйдырылған екен. Мұны ескерткіш авторларының бірі Қазыбек Дулатов мәлім етті.

– Мүсіндік образды іздегенде динамикалық қозғалыс болса екен дедік. Себебі, ақынға қойылған ескерткіштердің көбі бір қалыпта жасалған. Сондай-ақ мүсіншілердің дені ақын өмірінің соңғы жылдарын беруге тырысқан. Сол себепті, біз Жамбыл атамыздың 50-60 жасындағы бейнесін шығаруды көздедік, – дейді мүсінші Қазыбек Дулатов.

Салтанатты іс-шара барысында мүсіншілердің еңбегіне өңір тұрғындарымен бірге облыс әкімі Даниал Ахметов те жоғары баға берді.

– Бүгін біз халық данасы, абыз ақын Жамбыл Жабаевқа асқан құрмет, ұрпақ алғысын білдіру үшін арнайы жиналып отырмыз. Жыр алыбы Жамбылдың шығармалары жастарды туған елі мен жерін сүюге, Отанын қорғауға тәрбиелейді. Ел мүддесін жырлаған ақынның жас буынға қалдырған асыл мұрасын құрметтеу, сыйлау – біздің қастерлі парызымыз. Жамбылдың жырлары қазақ халқымен бірге мәңгі жасай береді, – деген облыс әкімі Өскеменде мұндай ескерткіштің ашылуы ұлтымыздың ұлы перзенттерінің галереясын құруға қосылған елеулі үлес екенін атап өтті.

Ал алматы облысындағы Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалдық музейінің басшысы, жыр алыбының немересі Салтанат Жамбылова жиналғандарды қала өміріндегі ерекше оқиғамен құттықтады. Ескерткіштің ашылу салтанатына Салтанат Тезекбайқызымен бірге ақынның 1945 жылы туған немересі Жеңісхан Жамбылов та келген екен.

– Жамбыл атамыздың ескерткіші еліміздің көптеген қаласында бар. Бірақ дәл осы Өскеменде бой көтереді деген ой үш ұйықтасақ та түсімізге кірмепті. Әрине, өте қуаныштымыз. Бұл біз үшін ерекше тосынсый болды. Облыс басшылығына, осы істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғыстан басқа айтарым жоқ. Барлықтарыңызға атамыздың жасы мен бағын берсін! – деді тебіреніспен ақынның ұрпағы.

Айтпақшы, бүгінде облысымызда ақын есімімен аталған бес мектеп, 33 көше және үш елді мекен бар.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button