Жылжымалы жәрмеңке бекеттері ашылады
Азамат Темірбеков
Самар ауданында ауыл-аймақтарды аралайтын жылжымалы жәрмеңке пункттері ұйымдастырылатын болады.
Самар жеке аудан болып құрылғалы бері аудан әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15 пайыздан асырмау жөнінде жеке кәсіпкерлермен 77 меморандум жасасқан. Қазіргі уақытта ауданда бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында тоғыз жұмыс тобы құрылып, ауылдық округтердегі азық-түлік тауарларының бағасы қатаң бақылауға алынып отыр.
– Екінші жартыжылдық басталғалы ауданда 12 рет ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып, оған Аққала, Мариногорка, Бастаушы, Құлынжон, Самар, Миролюбовка, Палатцы, Сарыбел ауылдық округтеріндегі кәсіпкерлер қатысты. Аталмыш жәрмеңкелер барысында жергілікті тұрғындар ауыл шаруашылығы өнімдерін нарықтық бағадан 20-30 пайыз арзан сатып алды. Айына екі рет сенбі күндері өткізілетін жәрмеңкелер барысында 30 тоннадан астам ет, сүт, балық, бал және бақша өнімдері саудаланды, – дейді Самар ауданы әкімінің орынбасары Рахат Әбуғалий.
Оның айтуынша, ауданда бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралар мұнымен тоқтап қалмайтын көрінеді. Атап айтсақ, алдағы уақытта ауданда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сауда үстемесін 15 пайыздан асырмау жөнінде кәсіпкерлермен меморандумдар жасасу жалғаспақ. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің тиімділігін арттыру мақсатында ауылдық округ әкімдерімен бірлесе отырып жылжымалы жәрмеңке пункттерін ұйымдастыру жоспарлануда. Бұл өз кезегінде аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекендер тұрғындарының арзан бағадағы азық-түлік тауарларына деген қолжетімділігін арттыра түспек.