Мәдениет

Жылылық лебі ескенде

Жылылық лебі ескенде


Қыстың қаһары қайтып, көктемнің келуіне санаулы күндер қалғанда тойланатын қыспен қоштасу мейрамы биыл да атаусыз қалған жоқ. Жалпы, бұл мейрамның күнтізбеде белгіленген нақты бір уақыты жоқ, сондықтан Глубокое ауданының халқы қысты шығарып салу рәсімін 17 ақпанда Предгорное ауылында жасады.

Ауданымызда тұрып жатқан түрлі этностардың өкілдері аталмыш шараны мерекелеуге ерекше дайындалыпты. Кең-молынан жайылған дастархандағы сан алуан тағамдар көздің жауын алады. Мейрамның басты тағамы – құймақтан дәм татушылар көп. Таза ауада өткізілген қыспен қоштасу шарасына жергілікті тұрғындармен қатар аудан әкімі Қалихан Байғонысов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нелли Краснобаева бастатқан бірқатар құрметті қонақтар қатысып, көпшілікке ізгі тілектерін білдірді. Жүректерге жылу, көңілдерге қуаныш сыйлаған мереке ауданда тұрып жатқан елуден астам ұлт өкілдерінің арасындағы сыйластықты нығайтып, достықтың көкжиегін кеңейте түскені рас. Мәртебелі меймандар қысты шығарып салу рәсіміне келген көпшілікпен бірге арнайы пісірілген құймақтан дәм татып, концерттік бағдарламаны тамашалады. Қызықты ойындар мен спорттық сайыстардың куәсі болды.
Бұл күні жиналған жұртшылық ашық аспан аясында жайылған ақ дастарханнан дәм ауыз тиіп, ауданның өнерпаздары дайындаған театрландырылған қойылымды тамашалады. Концерттің сәні болған секисовкалық «Весняночка», предгорноелық «Товарки», увароволық «Рябинушка», веселовкалық «Отрада» секілді ансамбльдердің өнері көпшілік көңілінен шықты.

Сондай-ақ арнайы ұйымдастырылған қолөнер шеберлерінің көрмесі мен жәрмеңке де мейрамның көркін кіргізіп, маңызын арттыра түсті.

Жылылық лебі ескенде

Қысты шығарып салу мейрамын тойлауға келген адамдар бұл күні бір-біріне деген бар өкпе-реніштерін ұмытып, татулықтың туын желбіретті.

Мерекенің соңында ескі-құсқы, кір-қоқыстан арылып, жаңа тіршілікке қадам басу үшін ырымдап, қамыс тұлыпты өртеу рәсімі жасалды. Сөйтіп қалың жұртшылық қыспен көтеріңкі көңіл күйде қоштасты.

Гүлнәр Мусина
Глубокое ауданы.

Осы айдарда

Back to top button