Мәдениет

Жылқы мен Жыланның қағысуы

Жылқы мен Жыланның қағысуы
Жылқы:
– Ер қанаты дейтін еді мені елім,
Қазақпенен мәңгі дос боп келемін.
Сусағанның шөлін басып қымызбен,
Аңсағанға қазы-қартамды беремін.
Босат төрді, жаңа жыл боп енемін,
Сенің елге бар ед қандай керегің?

Жылан:
– Жылқы досым, қонаққа кет демейді,
Олай десең қазағың өкпелейді.
Зәредей мынау елге қастығым жоқ,
Сен келіп, шығарсаң да шетке мейлі.
Бір жыл бойы жасадым мол жақсылық,
Аждаһа болсам-дағы от көмейлі.

Жылқы:
– Жыланның білдіреді түсі нені?
Оның түсі суықты еске түсіреді.
Өткен жылы ысқырып сен келгенде,
Алтайды аяз қатты қысып еді.
Қарың да жылдағыдан қалың түсіп,
Халық қатты әбігерге түсіп еді.

Жылан:
– Қалың қар түскендігі дұрыс болды,
Диқанға көктемде ол ырыс болды.
Сол себепті қамба толық астық алып,
Атқардық ала жаздай ірі істерді.

Жылқы:
– Ендеше жылы-жылы кісінейін,
Қазақтың бұл мәтелін түсінейін.
Қақшиып бір жыл бойы шығып алған,
Ақ құйып, тұғырыңнан түсірейін.

Жылан:
– Ау, жылқы, бұл жылыңды тойлап өткіз,
Тойыңды қырда да өткіз, ойда да өткіз.
Менен қалған байлық пен тыныштықты,
Арқалап аман-есен Қойға жеткіз!

Жыл атымен айтысқандар – Дарын Нұрсапаров пен Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button