Білім

Жылдың үздік мұғалімі анықталды

Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен Өскемендегі қызмет көрсету колледжінде «Үздік жыл мұғалімі – 2013» байқауы өтті.

Жылдың үздік мұғалімі анықталдыОсындай атаумен өткен аудандық, қалалық байқаулардың 16 жеңімпазы қатысқан байқауда облыстық білім басқармасы өңірлік «Шығыс» орталығының директоры Мұңлық Асанова оның мақсаты педагогтық қызметте жоғары дәрежеге жеткен мамандардың жұмыс сапасын арттыру екендігін айтып өтті.

Өткен жылғы «Жыл мұғалімі – 2012» байқауының жеңімпазы, Өскемендегі №34 дарынды балаларға арналған мектеп-лицейінің мұғалімі Ольга Астраханцева байқауға қатысушыларға дәстүрлі эстафетаны табыстап, байқау шымылдығын ашты. Екі кезеңнен тұрған сынақтың бірінші кезеңінде оған қатысушылар өздерін ән-бимен, сахналық көріністермен таныстырса, екінші кезеңінде жазған еңбектері мен жеткен жетістіктеріне тоқталып, іс-тәжірибелерімен бөлісті.

Сайыс қорытындысын шығару қазылар алқасының мүшелеріне оңайға түспегені байқалды. Сайыскерлердің алдын бермеген Жарма ауданы, Суықбұлақ орта мектебінің мұғалімі Лариса Тоғызбаева «Жыл мұғалімі – 2013» атанса, бірінші орынға Семейдегі «Жасұлан» ерлер мектеп-лицей-интернатының мұғалімі Д.Каржикова лайық деп танылды. Ал жүлделі екінші орынды тарбағатайлық А.Қамзина қанжығасына байласа, үшінші орынды Катонқарағай ауданы, Е.Рыков атындағы мектептің мұғалімі Р.Саниязова мен Бородулиха ауданы, Камышен орта мектебінің мұғалімі Г.Сафронова иеленді.

Сайыста арнайы жүлдеге ілінбесе де, өзіндік ізденістерін танытқан басқа мұғалімдер де нақты аталымдар бойынша марапат көрді. Олардың арасынан әсіресе, «Білікті ұстаз» атанған Семейдегі №1 мектептің мұғалімі С.Коновалованы, «Құзіретті ұстаз» атанған Өскемендегі №43 мектеп-гимназияның мұғалімі А.Мұртазалиеваны және «Озық ойлы ұстаз» деп танылған Риддердегі №14 орта мектебінің мұғалімі И.Игнатованы ерекше атап өтуге болады.

Айжан Тоқтасынқызы

Осы айдарда

Back to top button