Жыл сайын елу мектеп жаңғыртылады
Айжанат Бақытқызы
Өңірдегі білім жүйесінің мақсаты – білім беру сапасын арттыру және білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапановтың төрағалығымен өткен білім басқармасының кеңейтілген алқа отырысында айтылды.
– Бәсекеге қабілетті балаларды қалыптастыруда басты үміт мұғалімдерге артылады. Ұстаздар мен ата-аналардың міндеті – еліміз үшін лайықты азаматтарды тәрбиелеу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласын дамытуда алдымызға бірқатар міндет қойды. Бұл орайда, білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен өңірдегі білім беру саласына көп көңіл бөлініп отыр. Мемлекет тарапынан аталған саланы дамыту үшін қомақты қаражат бөлінеді. Сондықтан білім саласындағы сапаны арттыру, мектептердің материалдық-техникалық базасын заманауи үлгіде жаңғырту бойынша қарқынды жұмыс істеу қажет, – деді Дархан Бақытжанұлы.
Өңір ұстаздарының басын қосқан алқа отырысында облыстық білім басқармасының басшысы Инесса Чернышёва басқарманың өткен жылғы жұмысының негізгі қорытындылары мен алдағы міндеттеріне тоқталып өтті. Басқарма басшысының айтуынша, өңіріміз алты жыл бойы үш жастан алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100% қамтып отыр.
Былтыр екі жастан үш жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту 98%-ға жеткізілді. Қазір кезекте 1675 бала тұр, оның 73% (1230 бала) Өскемен қаласында тұрады. Кезектің пайда болуы өңірдегі демографияға, өзге елді мекендерден көшіп келушілер санына байланысты. Облыстық жоспарға сәйкес, 2025 жылға қарай жаңа 2875 орын ашылады, бұл барлық баланы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов айтып өткендей, білім ошақтарында заман талаптарына сай жайлы жағдай жасау – сапалы білім берудің маңызды шарты. Осыған байланысты жыл сайын елу мектепті жаңғырту жұмысы жалғасады. Оның ішінде асханалар мен кітапханаларды, спорт залдарын жөндеу, мектеп жиһаздары мен техникасын жаңарту да бар.
Сонымен қатар мектептерде халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 99 заманауи роботты техника, химия, биология, физика және STEM зертханалары жасақталады. Барлық мектепте IT кабинеттері мен роботты техника кабинеттерінің жабдықтарын жетілдіру және жаңарту жұмыстары жалғасады.
Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды әлеуметтік қолдау – маңызды міндеттердің бірі. Бүгінде 19 мың оқушы 2,6 млрд теңгеге тегін тамақпен, мектеп формасымен, қысқы аяқ киіммен қамтамасыз етіліп отыр. 3,2 мың бала балабақшаларға тегін барады. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалардың барлығы жазғы демалыспен, сауықтырумен және үйірмелермен қамтылған. 6,5 мың бала қоғамдық көліктерде тегін жол жүреді.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі де маңызды саланың бірі. Өйткені дәл осы буын облыс кәсіпорындары үшін мамандар шеберханасы болып саналады. Былтыр 5156 студент сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін оқу мүмкіндігіне ие болды. Түлектердің жұмысқа орналасу үлесі – 86%, бұл – мамандардың сапалы даярланғандығының дәлелі.
Мемлекет басшысының «Бизнес өкілдерінің колледждерге қамқорлығы» тетігін енгізу жөніндегі тапсырмасы табысты іске асырылып келеді.
– Өзге елді мекендерден келген студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі назардан тыс қалмайды. Үш жыл ішінде екі мың орындық алты жатақхана пайдалануға берілді. Қазір Өскемен қаласында 244 орындық тағы бір жатақхананың құрылысы жүргізіліп жатыр. Оны іске қосу студенттерді жатақханамен қамту мәселесін толығымен шешеді, – деді Дархан Сапанов.
Алқа отырысының қорытындысында 2023 жылға қойылған міндеттерді орындау мақсатында облыс әкімі Даниал Ахметовтің келісімі бойынша білім басқармасына бірқатар тапсырма жүктелді. Атап айтқанда:
– балабақша ғимараттарын нысаналы мақсатқа қайтару жұмыстарын жеделдету;
– 2024 жылы 1280 орындық бес балабақшаны іске қосуды қамтамасыз ету;
– «Білікті маман» жобасын іске асыруды жалғастыру, сұранысқа ие мамандықтарға гранттар бөлуді қамтамасыз ету;
– аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды қолдау мәселесін ерекше бақылауға алу;
– білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстау;
– көптілді білім беруді дамыту бағдарламасын іске асыруды жалғастыру және жаңа бағыттарды енгізуді қамтамасыз ету;
– сұранысқа ие мамандарды даярлауға әлеуметтік серіктестерді тарту жұмыстарын жалғастыру;
– «Баршаға арналған тегін техникалық және кәсіптік білім беру» жобасының әрі қарай іске асырылуын және мамандардың сапалы даярлануын бақылауды қамтамасыз ету.
Алқа жұмысына қатысқан, еліміздегі оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының төрайымы Айгүл Мұқашева, облыстың балалар құқығын қорғау жөніндегі уәкілі Аксана Каленова, Зайсан ауданы Кеңсай орта мектебінің директоры Махамбет Жұмашев, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры Сәуле Рахметуллина өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды. Алқа отырысы аясында облыстағы жаңашыл мұғалімдердің инновациялық-педагогикалық идеяларының көрмесі өтті.