Агросектор

Жүз мың гектар жер мемлекетке қайтарылды

Азамат Темірбеков

 Былтыр облысымызда жүз мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай облыс әкімі Даниал Ахметовтің өкімімен өңірімізде ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын жерлерді қайтару бойынша ведомствоаралық кіші топ құрылып, оған мүдделі мемлекеттік, құқық қорғау органдарының басшылары мен аудан, қалалардың әкімдері кірді.

Аталған топтың жұмысы нәтижесінде облысымыз бойынша өткен жылы 100,6 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Биыл 120 мың гектар игерілмей жатқан жерлерді қайтару жоспары бекітілсе, оның ішінде мемлекеттік бақылау нәтижелері бойынша 28,6 мың гектар,  пайдалану мерзімі аяқталуы бойынша 45,7 мың гектар, пайдаланылмайтын жерлерді ерікті түрде қайтару бойынша 45,7 мың гектар қайтарылмақ. Бүгінде бұл жоспар барлық аудан, қала басшыларына жеткізіліп, назарға қойылды.

Аталмыш жоспар бойынша бүгінгі күні Алтай, Самар, Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Ұлан аудандарында 4,7 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мемлекет меншігіне қайтарылған.

2019 жылдан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге ғарыштық мониторинг жүргізіп келеді.

Ғарыштық мониторинг Жерді қашықтан зондтау деректері мен геоақпараттық технологияларды пайдалану, мемлекеттік деректер базасымен интеграциялау негізінде жерді пайдалануды талдаудың тиімділігі мен дұрыстығын арттыру үшін «Ғарыш Сапары» веб-порталы іске қосылды.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің ғарыштық мониторингтау деректеріне сәйкес, былтыр 625 мың гектар пайдаланылмаған жер тіркелсе, оның 508,8 мың гектарында субъектілерге бармай профилактикалық бақылау шеңберінде жер пайдаланушыларға 1 жыл мерзімге жерді пайдалану қажеттілігі туралы нұсқаулар жіберілді, ал 116,2 мың гектар жерге қатысты пайдалану фактілері расталмады.

Пайдаланылмайтын жерлерді анықтау және қайтару  жұмыстары жалғаса береді және ерекше бақылауға алынған.

Надежда Михейлис,

облыстық жер қатынастары

басқармасының басшысы                                

 

Осы айдарда

Back to top button