ҚоғамТОП

Жұмыссыз жастарға грант ұсынатын жоба қашан басталады?

25 наурыз бен 24 сәуір аралығында «Zhas Project» әлеуметтік жобалар байқауына өтінім қабылданады. Байқауға 18-35 жас аралығындағы жұмыс істемейтін жастар қатыспақ. Жобаның жай-жапсары жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында болған баспасөз мәслихатында айтылды.

Облыста бұл жоба осымен екінші рет жүзеге аспақ. Өткен жылы 14 миллион теңге мөлшеріндегі қаражат өңір жастарының игілігіне жаратылған болатын. Биыл да осынша қаржы кәсіп бастауға ниетті жастарға ұсынылады.

– Өткен жылғы байқауда жеңімпаз атанған жастар бүгінде өз кәсібін дөңгелентіп отыр. Біз бұған қуаныштымыз және жастарға тағы бір мүмкіндік берілетінін қуана-қуана хабарлаймыз. Үміткерлердің жобасы, әлбетте, коммерциялық сипатта болады. Дегенмен байқауда әлеуметтік маңызы бар жобаларға көп басымдық берілетінін айтқым келеді. Жобаларды пысықтап алуға әлі де уақыт бар. Сондықтан жастар тыңғылықты дайындықпен келеді деген сенімдеміз, – деді жобаның облыс бойынша үйлестірушісі Аяужан Әшімова.

Спикердің айтуынша, ұсынылған жобалар бірінші техникалық байқаудан, содан кейін комиссияның қарауынан өтеді. Жобаға бірқатар талап қойылады. Мәселен, белгілі бір мемлекеттік емес ұйымға жиһаз немесе басқа да бұйым алуға бағытталған жобалар қабылданбайды. Діни сипатқа ие немесе қоршаған ортаға кері әсері болатын бастамаларға да қолдау көрсетілмейді.

– Сондай-ақ қайырымдылыққа қаражат бөлу жағы қарастырылмаған. Біз жастарды кәсіпкерлік дағдыларға баулуды мақсат етеміз. Сондықтан жобаның қалай болғанда да коммерциялық негізі болуға тиіс, – деді спикер.

Маманның айтуынша, жобаға дайындалып жүрген жастар көп жағдайда жұмыссыз ретінде тіркелуді ұмыт қалдыратын көрінеді. Жұмыссыздық статусын ресми түрде бекіту – ең басты талап.

Байқауға ұсынылатын жобалар, жоғарыда айтқанымыздай, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталуы шарт, оған қоса төрт ай ішінде іске асуға тиіс. Шағын грант иегері болған жастарға білікті жаттықтырушылардың, тәлімгерлердің, психологтар мен әлеуметтік жобаларды іске асыру жөніндегі мамандардың қолдауы көрсетілетінін айта кеткен жөн. Сондай-ақ заңгерлік және консультациялық көмек те беріледі.

Жобаны сапалы әрі тиімді іске асыру үшін әр өңірде жобалық кеңсе ашылып, колл-орталықтар құрылған. Өңір жастары жоба туралы толыққанды мағлұмат алу үшін ШҚО Азаматтық альянсына (Протозанов көшесі, 7/1) жүгіне алады.

Сондай-ақ жобалар қабылданатын сайттар да ашылған. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының cisc.kz ресми сайтында арнайы «Zhas project» парақшасында әр өңірдің байланыс телефондары көрсетілген.

Осы жылғы 15 мамырда интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерде іріктеу нәтижелері жарияланады. Ал қараша айында үздік жобалардың қатысуымен қорытынды форум өтеді.

Оразай Жеңісұлы

Осы айдарда

Back to top button