Жұртты атыстырып та ақша табуға болады
Ғалымдардың пайымдауынша, пейнтбол ойнына адамдар тегіннен-тегін қызықпайтын көрінеді. Қызуғышылық адам геніндегі жауынгерлік және аңшылық инстинкттердің әсерінен екен. Пейнтбол туралы біреу білсе, біреу білмес. Ендеше Өскемен іргесінде ойынды бизнеске айналдырып отырған жас кәсіпкер туралы айтпақпыз.
Алдымен пейнтбол сөзінің түп-төркініне келейік. Ағылшын тілінен аударғанда бояу толы шар деген мағына беретін ойын расында да, бастан-аяқ бояумен атысуға бағытталған. Бір-біріне шелектеп бояу шашып емес, арнайы пневматикалық қарудың көмегімен, шар пішіндес оқтармен атысып ойнайды. Ойын үшін арнайы қақтығыс алаңы ұйымдастырылады. Таңдалған жер керексіз ескі ғимарат немесе ой-шұңқыры мен бой тасалайтын орындары жетерлік нысандар болуы мүмкін. Атысамыз деп келген адамдар алдымен екіге бөлініп, командалар әр түсті әскери камуфляж киеді. Адамдар үстеріне әскери киім киіп, қолдарына «қару» ұстаса да, пейнтбол – бейбіт мақсаттағы ойын. Сондықтан бұл жерде ең басты мәселе – ойыншылардың қауіпсіздігі. Денеге тиетін оқтың, дәлірек айтқанда, шардың едәуір салмағы мен жылдамдығы бар екендігін есепке алатын болсақ, жауынгерлер бастарына міндетті түрде арнайы шлем-маска киюге міндетті. Міне, сіздің басыңызда шлем-маска, үстіңізде кинодағыдай арнайы форма. Қолыңызда – пневматикалық құрылғы. Ең бастысы, бір ойын бойы армансыз атысуға 200 дана оқ-шар берілген. Енді қарсыластарыңыздың бояуын судай ағызу ғана қалып тұр.
Өскеменнің іргесіндегі Прапорщиково ауылының тұрғыны, 27 жастағы Михаил Дубравин осы спорт түрін бизнеске айналдырғалы қашан. Зауытта қарапайым жұмысшы болып жүрген жігерлі жастың ойына келген бұл бизнес қазір оған әжептәуір пайда әкеліп отыр. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттен үш млн. теңге несие алған ол қаржысының едәуір бөлігіне пейнтболға қажетті керек-жарақтарды сатып алыпты. Маркер деп аталатын пневматикалық тапаншалар мен шлемдер, арнайы камуфляждар мен маскалар, тағы басқа ұсақ-түйектердің арзан тұрмайтыны анық. Оның үстіне атыс орнын жалға алу, шар сатып алу сияқты шығындары және бар. Михаилдың айтуы бойынша, алғашқы ойынды ол екі жыл бұрын өз үйінің ауласында ұйымдастырыпты. Содан бері өзіне ұнаған спорт түрін бизнеске айналдырып, серіктестер тапқан.
– Ауыл әкімі бетімді қайтарған жоқ. Қазір ауылдағы бес жыл бойы бос тұрған ескі ғимаратты ойын алаңына айналдырып жатырмын. Қазіргі мақсатым – пейнтклубты кеңейте түсу. Пейнтболдың өзі тактикалық атыс ойыны және кәсіби-спорттық болып екіге бөлінеді. Алғашқысы қалың көпшілікке арналған. Кез келген адам келіп ойнай алады, жасы 12-ге толса болғаны. Ал екінші түрі – осы салаға ден қойған кәсіби спортшыларға арналған пейнтбол. Қазір соңғысына күш салып жатырмын. Себебі, спорттың осы түрінен республикалық және халықаралық жарыстар өтіп тұрады. Өскеменде шармен атыса алатын кәсіби спортшылар әзірге дайын емес. Менің мақсатым – Шығыстағы осы спорт түрін дамыта отырып, кәсіби деңгейдегі ойыншылар дайындау, команда жасақтау, – дейді Михаил Дубравин.
Жас болса да жаңа бизнеске бастамашы болып жүрген азамат айына бір рет жетімдер үйінің балаларына тегін ойын ұйымдастырып тұрады. Бұл да бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі болса керек.
Бұрынғы балалар қармен атысушы еді, қазіргі балалар шармен атысып жүр
Кәсіпкердің айтуынша, Өскеменде пейнтбол ойнаушылардың саны жылдан-жылға көбейю үстінде. Келетіндердің басым көпшілігі – офис қызметкерлері екен, себебі, күні кешке дейін компьютерге телміріп, қағазбастылықтан шаршаған адамдар үшін бұл ойын – таптырмайтын демалыс. Біріншіден, бұл –тимбилдинг, яғни, командалық ойын, әріптестер қала сыртына шығып, бой жазып қалады. Бояу-бояу болып атысып, қызыққа батады, ең бастысы, апта соңын мәнді де мағыналы өткізеді.
– Бұл ойынды ойнаған адамдардың 90 пайызы міндетті түрде бізге қайта оралады. Пейнтболдың қызығы осында жатыр. Нағыз жігерлі адамдарға арналған спорттық демалыстың бұл түрі барлық жерде жоғары бағаланады, – дейді ол.
Глубокое ауданы, Прапорщиково ауылында жасалып жатқан жаңа атыс алаңқайлары жуықта «жанып кеткен автобус», «снаряд жарған қабырғалар» сияқты арнайы декорациялармен және әртүрлі манекендермен толықтырылмақшы. Алаңқайда жүрген адам өзін Голливуд фильмдерінің кейіпкеріндей сезініп, аумақты лаңкестерден азат етіп жүргендей әсерде болады екен.
Атысқа арналған оқ-шарларға желатин бояуы құйылатынын естеріңізге сала кетейік. Жұққан жерінен тез кететін бояу денсаулыққа қауіпті емес, зиянды химиялық қоспалардан ада. Бірақ «оқтың» тигені әдеуір сезіледі дейді ойнап жүрген адамдар. Соққы жақын жерден тисе, етті көгертіп те тастайтын көрінеді. Бірақ «соғыстың» қызығына беріліп кеткен адамның мұны сезуге мұршасы да болмайды екен.
– Ойын уақыты бір сағаттан үш сағатқа дейін созылады. Одан артық жүгіруге адамның шамасы да жетпейді. Себебі, пейнтбол – қимыл-қозғалысты, жылдамдықты талап ететін ойын. Бұл құлаққап киіп алып, пернетақтаны ұрғылап, виртуальды кейіпкерлерді сыбап отыратын компьютерлік ойын емес. Иә, тура сондай атыс, бірақ монитордың арғы жағында емес, шынайы өмірде. Қанның орнына бояу шашырап, автоматтың орнына маркер деп аталатын пневматикалық құрылғы ұстап жүгіріп жүресіз, – дейді Михаил Дубравин.
Ойын жыл мезгілдеріне бағынбайды. Қыста да, жазда да бұл жердегі қалтарыстар мен қабырғалардың арасынан атқылап жатқан маркерлер үні саябырсыған емес. «Бағасы қанша?» деген заңды сұраққа жас кәсіпкер жіліктеп отырып жауап берді. Оның айтуынша, ойын алаңына келген адамның ең минималды жабдығы 1500 теңгеге түседі екен. Оның ішіне сегіз дюмдік кешенді ұңғылы Т98 маркері, камуфляж костюм, маска, қолғап және 100 дана оқ-шар кіреді. Ары қарай қарсыласына оқты жаңбырша жаудырам деген жауынгерге де ешкім қой демейтін көрінеді. Сатып ал да, ата бер. Бір оқ-шардың құны – 10 теңге. Сосын тағы бір талап, 16 жасқа толмаған балаларға және әйелдер қауымына міндетті түрде тегін бронды кеудеше беріледі. Одан кейінгі жұмыс ұйымдастырушылардың мойынында. Олар атыс алаңында нұсқау өткізіп, командалардың миссияларын және сценарийді түсіндіреді. Ойын барысын міндетті түрде төрешілер қатаң бақылайды. Тәртіпке бағынбай, «өлгісі» келмегендер бірден ойыннан шығарылады.
Михаил пейнтболды болашақтың спорты дейді. Өйткені, балалар бүлдіршін кездерінен ойыншық қаруға құмар. Сәл есейе келе, компьютердегі атыс-шабысқа үйірсек болып, тек мониторға байланып, ештеңеге қызықпай қалатыны жасырын емес.
– Баланы компьютер алдынан шығарып спортқа баулудың бір жолы – осы пейнтбол, – дейді ол.
Иә, заман өзгерді, бұрын қармен атысқан балалар, енді шармен атысады.
Дарын Нұрсапаров