Мәдениет

Жұртшылықты классикалық музыкамен сусындатты

Жұртшылықты классикалық музыкамен сусындатты
Өскемен қаласының 298 жылдығы құрметіне облыстық драма театрында «Ақ Ертіс» халықаралық классикалық музыка фестивалі өтті. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен ұйымдастырылған айтулы іс-шараға қазақтың және әлемнің белгілі өнер майталмандары Шахимардан Әбілов, Айман Мұсақожаева, сондай-ақ Италия, Сербия, Перу, Ресей сияқты елдердің әртістері қатысып, қала тұрғындарының қуанышына ортақтасты.
Иә, бұл облыс тұрғындары мен қонақтары үшін шынында да нағыз өнер мерекесі болды. Анау-мынау емес, әлемдік сахналардың төрінде өнер көрсетіп жүрген классикалық музыка тарландарының асқақ Алтайдың баурында орналасқан Өскеменге жиналуы да ерекше қуаныш екені сөзсіз.
Бұл күні облыстық драма театрына жиналған тыңдарман қауым Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, танымал опера әншісі Шахимардан Әбілов, Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаева, «Астана-Опера» театрының солистері Сүндет Байғожин мен Жұпар Ғабдуллина секілді қазақ өнерінің майталмандарын ғана емес, Самсун мемлекеттік опера және балет театрының дирижері Михаил Кирхгофф (Түркия), халықаралық фортепиано байқауларының лауреаты Степан Симонян секілді шетелдік өнерпаздардың да өнерін тамашалау бақытына ие болды.
Облысымызда осымен төртінші рет өткізілген «Ақ Ертіс» халықаралық өнер фестивалінің негізгі мақсаты – Шығыс жұртшылығын классикалық музыкамен сусындату. Мұны фестивальға құрметті қонақ ретінде қатысқан Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Айман Мұсақожаева да ерекше атап өтті.
– «Ақ Ертіс» фестивалі шығысқазақстандықтардың рухани дүниетанымын байытып қана қоймай, олардың өнерге деген құрметін арттыруға да септігін тигізуде, – дейді Айман Мұсақожаева.
Сахна шымылдығы «Солистер академиясы» Мемлекеттік камералық оркестрінің орындауындағы «Қыз қуу» күйімен ашылды. Бұдан соң скрипкашы Айман Мұсақожаева мен ресейлік виолончелист Сергей Ролдугин Й.Брамстың шығармашылық туындысын орындап, залдағы қауымға тамаша көңіл күй сыйлады.
Фестивальда халықаралық байқаулардың лауреаты Андрей Медведев «Фигароның үйлену тойы» операсынан үзінді орындап, көрерменнің қошеметіне бөленді. Ал сахнаға Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Шахимардан Әбілов шығып, «Абай» операсынан ария айтқанда зал толы көрермен қол соғып, ерекше құрмет көрсетті. Сонымен қатар танымал әнші Андреас Верамендидің орындауындағы «Турандот», «Кармен» сияқты туындылар да өнерсүйер қауымның жүрегінен жол тапты. Бұдан кейін сахнаға Шығыстан түлеп ұшқан өнер жұлдызы, еліміздің еңбек сіңірген әртісі Жұпар Ғабдуллина шықты. Жерлесіміздің орындауындағы М.Төлебаевтың «Бақыт вальсі» әні де классикалық музыкаға ынтызар қауымға ерекше ұнағанын айта кеткен орынды. Сондай-ақ, тыңдармандар еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының жетекші әншісі, халықаралық байқаулардың лауреаты Сүндет Байғожиннің өнеріне де тәнті болып, алғыстарын қошеметпен білдіріп жатты.
– Мұндай фестиваль – қаламыз үшін, тіпті өңіріміз үшін үлкен мереке. Өскемендіктер алдында дәл осындай аты әлемге мәшһүр әртістер күнде өнер көрсете бермейді. Сол себепті бүгінгі фестивальдан қалмауға тырыстым. Әсіресе әйгілі отандасымыз Айман Мұсақожаеваның өнеріне тәнті болдым. Оның скрипкасының сиқырлы әуені кімді де болмасын ерекше бір сезімге бөлейтіні анық, – дейді классикалық музыка фестивалінен алған әсерімен бөліскен Гүлмира есімді тыңдарман.
Ал фестивальдің соңғы нүктесін халықаралық фортепиано байқауларының лауреаты Степан Симонян қойды. Степан Симонян Д.Гершвиннің «Блюз» атты шығармашылық туындысын орындағанда зал толы көрермен аяғынан тік тұрып, әртістің өнеріне ұзақ қол соқты.
Фестиваль соңында облыс әкімінің ықылас гүлі тарту етілді. Қалай десек те, осынау өнер мерекесі өскемендіктердің есінде ұзақ сақталатыны сөзсіз.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button