Экономика

Жұрт сүт өткізуге ынталы

Жұрт сүт өткізуге ынталы

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ тапсырмасы бойынша облыста сүтті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында жыл соңына дейін 36 сүт қабылдау кешендерін құру көзделген. Осы жоспарды орындауға өңірдегі 19 қала, ауданның 14-і атсалысуда.
Халықтан сүт жинау жұмыстары пилоттық жоба негізінде алғашында Бородулиха, Жарма және Көкпекті аудандарында қолға алынған болатын. Қазір олардың қатарын тағы 11 ауданның ауылшаруашылық тауар өндірушілері толықтырды. Жалпы облыста 188 ауылдық округ бар болса, соның 105-і аталған бағдарламаның игілігін көруге тиіс.
Сүтті мал шаруашылығын дамытудың кешенді бағдараламасы қолға алынғанға дейін облысымызда барлығы 19 сүт қабылдау кешені жұмыс істейтін. Бағдарламаға сәйкес 2015-2016 жылдары бұларға қосымша 36 пункт құру көзделген болатын.
Өткен жылы солардың 24-і құрылды. Атап айтқанда, Риддер қаласында, Бесқарағай, Зырян және Жарма аудандарында бір-бірден, Глубокое, Тарбағатай, Ұлан, Үржар және Шемонаиха аудандарында екіден, Бородулиха ауданында үш сүт қабылдау кешені ашылды. Соңғы бір жылдың көлемінде сүт қабылдауға арналған модульдерді көрші елдерден әкелу саябырсып, Өскемендегі «Үлбі модуль компаниясы» ЖШС-нің өніміне деген сұраныс артты. Өткен жылы сүт қабылдау кешенін құрған 24 кәсіпкердің алтауы осы мекеменің қызметіне жүгінген.
Биылғы жылдың еншісіне қалған 12 сүт қабылдау кешенін құру міндеті қалып отыр. Халықтан сүт жинауға ынта білдірген әлеуетті шаруашылықтарға «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы несие беру жолға қойылды.
Сүт қабылдау қайта жанданғаннан бері жер-жерде шағын сүт өңдеу цехтары ашылып, жемісті жұмыс істей бастады. Сондай нысанның бірі – Тарбағатай ауданының Ақжар ауылындағы «Алайба» сүт цехы. Тәулігіне екі тонна сүт өнімдерін шығаратын цехқа негізгі шикізат Ақжар мен оған көршілес ауылдардан әкелінеді. Құрылған екі айдың ішінде цех мамандары 300 литр айран, 219 келі қаймақ, 431 келі ірімшік, 10 келі құрт, 4,5 мың литр сүт өндіріп, саудаға қойған. Қыс кезінде тұрғындар сүттің литрін 180 теңгеден өткізсе, қазіргі уақытта 110 теңгеге құюда. Жамбыл ауылының тұрғыны Айболат Көксегенов бұл цехтың ашылуы Ақжарға іргелес малды ауылдар үшін өте пайдалы болып тұрғанын айтады.
-Ақжардан 25 шақырым қашықтықта орналассақ та, таң ата сүтімізді тиеп алып осында келеміз. Өйткені, сүттің бағасы көңілге қонымды. Жеке қожалығымда он шақты сауын сиыры бар. Солардың сүтін осында өткізе бастадым. Ақшасын күнделікті алып отырамыз, – дейді А.Көксегенов.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button