Экономика

Жүргінші қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйені орнатып жатыр

Жүргінші қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйені орнатып жатыр

Еліміз индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығына аяқ басты. Мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін көрсететін басты көрсеткіш оның экономикасы десек, экономиканың бәсекелестік қабілетінің басты өлшемі – шикізаттық емес секторды өркендете отырып, дамыған елдердегідей индустриялық-инновациялық өндірісті ілгерілету. Қарапайымдап айтар болсақ, он пеште пісетін жүз бөлке нанды бір пеште өндіріп, оған кететін қуатты, уақытты, өзге де шығынды үнемдеп, озық өндіріс тәсілін тауып, экономикалық жағынан тиімді ету, еңбек өнімділігін арттыру, сөйтіп, тауарлар мен қызметтеріміздің сапасын жақсартуға қол жеткізу.
«Еліміздің алдында тұрған үлкен мақсат – мынадай алмағайып заманда экономикамызды түзеп, жағдайымызды жөндеп, индустриялық Қазақстанды жасау. Сол кезде еліміздің келбеті өзгереді, басқа кадрлар даярланады, басқа ұрпақ өседі, экономика жаңарады. Осындай мақсат қойған ел қызметкерлерінің жұмысы да қызық болады. Істеген жұмысыңның ертең нәтижесін көресің өзің», – деген Елбасы қазір еліміздің әр облысының индустриялық-инновациялық дамуына ерекше мән беріп, назарда ұстап келеді.
Біздің өңірде инновациялық кәсіпорындар саны жыл өткен сайын артып, былтыр олардың қатары 157-ге жетті, соңғы бес жылда екі жарым есеге артқан.
Шығыс Қазақстан аймақтық «Алтай» технопаркінің жобалау менеджері Гауһар Садықованың айтуынша, облысымыздың кәсіпкерлері биыл да бұған дейін болмаған дүниелерді жасап шығаруға белсене қатысып отыр. 2015 жылы Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік кәсіпкерлердің үш жобасына инновациялық грант бөлген.
Сол жобаның бірі – Альмира Жилқашинованың күн мен жел энергиясы арқылы жұмыс істейтін жылыжай өндірісі. Жаңа жобасы бірнеше миллион теңгенің грантына ие болған Альмира қазір Глубокое ауданында жаңа технологиямен жұмыс істейтін жылыжай өндірісін салуда. Жылыжай өндірісі әзірленген соң, жоба иесі оны эксперименттік сынақтан өткізіп, тиімділігін дәлелдемек. Бұл жылыжай шеттен қымбатқа сатылып алынып отырған жылыжай кешендері жабдықтарының орнын жасыл энергетикаға негізделген отандық өз жабдықтарымызбен алмастырып, халықты арзан көкөніс өнімдерімен қамтуға мүмкіндік тудырады. Одан соң жобаны өндіріске енгізудің, яғни, коммерцияландырудың екінші сатысы басталады. Бүгінде мемлекет тарапынан жаңадан басталған осындай инновациялық жобаларды аяқтауға бөлініп отырған қаржы көлемі де қомақты, 25 млн. теңге көлемінде. Жерлесіміз өз жобасының тиімділігін дәлелдеп, оны қазақстандықтардың пайдалануына болатындай деңгейге жеткізуді алдына мақсат етіп отыр.

Жүргінші қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйені орнатып жатыр

Ал «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен қолдау тауып, грант арқылы жүзеге асырылып жатқан өскемендік Владислав Туровтың «Смарт өткел» жобасы (суретте) Өскемендегі көшелерде қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Абай, Тәуелсіздік, Қазақстан көшелері, барлығы бес көше бойындағы жүргінші өткеліне қойылған «Смарт өткел» жүйесі қала көшелеріндегі жүргінші өткелдерінде жол-көлік апаты оқиғасының алдын алуға, жүргіншілер қауіпсіздігін сақтауға арналған.
– Мемлекеттен алған үш миллион теңге грантты пайдалана отырып, осы жүйені әрі қарай жетілдіріп, тиімділігін арттыруға көңіл бөліп отырмын, – дейді ШҚМТУ дың түлегі Владислав. – Жүргінші өткелінің жанына орнатылған бағандардағы автоматты құрылғылар күн энергиясымен жұмыс істейді. Ешқандай электр энергиясының қажеті жоқ. Түнде жарықдиодты шамдар жанса, күндіз жол белгісі ретінде қойылған жаяу жүргінші бейнесі жаяу адам жүргінші жолына тақағанда, тоқсары түске еніп, көлік жүргізушісіне жүргінші өткеліндегі адамды анық көрсетіп тұрады. Талай жол көлік апаты осы жүргінші өткелдерінде болып жатады, мен жобада осыны ескеріп, оны жүзеге асырудың ең шығынсыз, тиімді жолын таңдап, іске асырып жатырмын.

Жаңа өнімдер көлемі жеті есе өсті

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметтері былтыр аймағымызда өндірілген инновациялық өнімдер көлемі 97,8 млрд. теңгеге жеткенін көрсетеді. Астана қаласынан кейінгі екінші орында. Еліміздегі инновацилық өнімдердің 16 пайызы Шығыста өндіріліп жатса, солардың үштен екі бөлігінен астамы экспортталып, алыс-жақын шет елдерге шығарылуда.
Соңғы бес жылда инновациялық өнімдер көлемі жеті есеге өскен. Нәтижесінде аймақтық жалпы өнім құрылымындағы инновациялық өнімнің үлесі 2014 жылы 4,37 пайызға көтерілген.
Былтыр технологиялық инновацияларға жұмсалған шығын мөлшері бұрнағы жылмен салыстырғанда 54 пайызға артып, 43,4 млрд. теңгеге жеткен. Технологиялық инновацияларға жұмсалған шығынның 85 пайызы өнеркәсіпке бағытталғанымен ерекшеленіп отыр.
Зерттеулер мен даярлау жұмыстарына жұмсалған кәсіпорындардың ішкі шығындары үш млрд. теңгенің көлемінде. Инновацияны енгізуге орай жұмсалған ішкі шығындар көлемі жағынан облыс бесінші орында.
Инновациялық зерттеулердің, ізденістердің арқасында былтыр облыста 154 бірлік жаңа технологиялар мен техникалар нысандары құрылып, пайдаланылған. Бұл бағыттағы көрсеткіш те жоғары, 43,9 пайыз. 2014 жылы 67 кәсіпорын мен мекеме жаңа технологиялар мен техника нысандарын құрып, пайдаланған.
Жүргізіліп жатқан талдаулар облыста ғылыми зерттеулердің өз нәтижесін беріп отырғанын анық байқатып отыр.

Балаларды ғылымға бағыттайтын академия ашылды

Еіміздің индустриялық-инновациялық даму сұраныстарының талаптарына ең алдымен білікті кадрлар жауап беруі тиіс. Білікті кадрларды қалай даярлау қажет? Ғалымдарымыз дамыған 30 елдің қатарына енуге бет алған қоғамдағы, оның ішінде өнідіріс саласындағы инновациялық серпін жас ұрпақтың ғылымға деген қызығушылығынан басталатынын айтуда. Мектеп қабырғасында экономика саласын меңгеруге бастайтын алғашқы саты – жаратылыстану пәндері оқытылғанымен, оқушының ілім-ғылыммен әуестенуіне, жақын болуына айтарлықтай әсер ете алмайды. Техника саласында қазір жас ғалымдардың аздығы, жетістіктерінің жоқтығы осының айғағы.
«Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Жұматай Сәлімов бүгінгі күні елімізде инновацияны дамытудың басты алғы шартының бірі – әр облыстар жастарды, жас ғалымдарды, өнертапқыштарды өз бастамасын айтуға, ұсынуға ынталандырып, қолдауда дейді.
Егемен еліміздегі индустрияландырудың екінші бесжылдығына қадам басқан біздің өнеркәсіпті, металлургиялық аймағымыз үшін осы салалардағы еңбек өнімділігін арттырып, тиімді жұмыс істеуге жол ашатын инновациялық ізденістер қажет. Оның бәрін жасайтын, тудыратын сол жастардың, өнертапқыштардың бойында о бастан техникаға, өндіріске, ғылымға деген бейімділік, ынтызарлық, қабілет болуы қажет.
Осы қажеттілікті жас ұрпақ бойына дарытып, сіңіріп, олардың техникаға, ғылыми технологиялар түріне деген талпынысын тудыру, қолдау үшін биылғы оқу жылынан бастап облыс орталығы Өскеменде оқушылардың аймақтық академиясы ашылды. Қалалық білім беру бөлімінің бастамасымен құрылған академия қаланың қосымша білім беру мекемелері: «Жас техниктер стансасы», «Экобиоорталық», «Оқушылардың шығармашылық сарайы» мекемелерінің бірлескен іс-қимылы негізінде жұмыс істеп жатыр. Жаратылыстану пәндеріне, қол өнеріне бейім оқушылардың осы бағыттағы білімдері мен тәжірибелерін толықтырып, тереңдетіп, қолдау мақсатында ашылған бұл оқу мекемесі мектеп оқушыларын ғылыми-техникалық, экология-биологиялық, қолданбалы қолөнер бағытында оқытуда.
Осы академияның бір бөлігі – жас техниктер стансасының директоры Ернар Жаркембаев жалпытехникалық, геологиялық, роботтехникасы, физика-математика секциялары бойынша қосымша білім алып жатқан, балалардың бәрі болмаса да біразы мектеп бітірген соң аталған салалардағы білімдерін әрі қарай жалғастырып, Ресейдің, өз еліміздің техникалық оқу орындарына түсіп жатқанын айтады. Яғни, бала кезден қалыптасқан қызығушылық, бейімділік оқушыларды техникаға әкеліп жатыр. Осында жүріп қаншама техниканың тетігін бұрап, тілін біліп, сырын ұққан олардың өздері де жаңа жобалар жасап, барды жетілдіруге үлес қосып жатыр. Биыл станса оқушыларының соңғы жасаған тың жобаларының бірі «Резина техникалық бұйымдарын төменгі температурада қайта өңдеу» жобасы оқушылар арасында өткен республикалық «Жасыл энергетика» конкурсына қатысып, үшінші орынды алған.
Алайда, «Жас техниктер стансасы» мекемесінің директоры Ернар Жәркембаев ұжымда балаларға геология мен жалпытехниканы, яғни, ұлттық кадрларды қалыптастыруды қажет ететін салаларды қазақша ұғындырып, меңгертетін мамандардың аздығын, оның үстіне педагогтар еңбекақысының төмендігін айтты. Сондықтан аймақтық оқушылар академиясының құрамында жұмысын жалғастырып жатқан стансаға қазақ мектептерінің балаларын көптеп тарту және оларға мемлекеттік тілде жұмыс істейтін педагогтар табу мән бере қарайтын мәселе болып тұр.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button