Аймақтар аухалы

Жолдардың сапасы жіті бақылауға алынып отыр

Жоспар бойынша бес жылдан кейін облыстағы жолдардың 95 пайызы жақсы және орташа деңгейге дейін жеткізілуі тиіс. Осы мақсатты іске асыру аясында бірқатар ауқымды жобалар қолға алынған.

Биыл облыстық дәрежедегі жолдар мен елдімекендердегі көшелерді жөндеуге және күтіп-ұстауға қазынадан 22 миллиард теңге қаражат қарастырылған-ды. Бұл қаржының тең жартысы жолдарды жаңартуға тиесілі.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділовтің айтуынша, осы жылы Семей – Курчатов, Семей – Қарауыл, Өскемен – Самар, Көкпекті – Самар, Үлкен Нарын – Күршім, Шүлбі – Жаңа Шүлбі жолдарының жекелеген бөліктеріне республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, жөндеу жүргізілген. Сонымен қатар Алтай ауданындағы Крестовка өзенінен өтетін көпір және Семейдегі Мичурин көшесі қалпына келтірілді.

Бұдан бөлек, Өскемен, Семей қалалары мен Алтай, Аягөз, Бородулиха, Зайсан, Жарма, Шемонайха аудандарындағы жалпы қашықтығы 84 шақырым болатын көшелер орташа жөндеуден өткізіліпті.

«Ауыл – ел бесігі» арнайы бағдарламасы аясында Глубокое, Күршім, Үржар және Көкпекті аудандарындағы жалпы ұзындығы 29 километр жол 665 миллион теңге қаражатқа жаңартылды.

–Біздің мақсатымыз – орташа және жақсы дәрежедегі жолдардың үлесін 95 пайызға жеткізу. Қазіргі көрсеткіш 70 пайызды құрайды. Басым күшті шекаралас аудандардағы тірек ауылдарға апарар жолдарға салатын боламыз, – деді облыстық әкімдік мәжілісінде басқарма басшысы Нұржан Жұмаділов.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов негізінен орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуді, сонымен қатар Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай аудандарындағы жолдарды жөндеуге жұмсалатын қаржы мөлшерін ұлғайтуды міндеттеді.

Алдағы қыс маусымына әзірлік жөнінде баяндаған басқарма басшысы техниканың толық дайын екенін, мердігерлерге тиісті тапсырмалар жүктеліп, жұмыс жоспары бекітілгенін, сонымен қатар жол бойындағы бекеттер санының көбейтілгенін атап көрсетті.

Республикалық дәрежедегі жолдардың жағдайына қатысты есеп берген «Қазавтожол» компаниясы облыстық филиалының өкілі Олжас Ахметов осы жылы өздеріне тиесілі жолдарды жөндеуге 25 миллиард теңге бөлінгенін жеткізді.

Атап айтсақ, «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде Талдықорған – Өскемен, Қалбатау – Майқапшағай тасжолдарын қайта жарақтандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Омбы – Майқапшағай, Таскескен – Бақты, Көгілдір Бұғаз – Жаңа Бұқтырма, Осинов асуы жолдарының жекелеген учаскелеріне күрделі жөндеу жүргізілген.

Облыс әкімі келер жылға міндеттер жүктеп, облыстағы орташа жөндеу жүргізілуі тиіс жолдарды белгілеуді, жұмыс жоспарын әзірлеуді тапсырды. Осы ретте Семей мен Өскеменнің және Семей мен Қайнардың арасындағы жолдарға жіті көңіл бөлуді де ескертті.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button