Жолдар жөнделіп, зейнетақы өседі
Елімізде 2 мыңнан астам шақырым автокөлік жолы жөнделеді. Оның ішінде Астана – Өскемен бағытындағы күре жолдың елордадан Павлодарға дейінгі бөлігі қалпына келтіріліп, Семей мен Қалбатау аралығындағы тасжол құрылысы аяқталады. Қалбатаудан Өскеменге және Семейден Павлодарға дейінгі жол құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленеді.
Алматы – Өскемен; Ақсуат – Бөкей – Қарасу – Ақжар – Омбы – Майқапшағай; Күршім – Қалжыр; Барлық-Арасан – Алакөл; Мақаншы – Жалаңашкөл; Бородулиха – Жезкент; Үлкен Нарын – Күршім; Үлкен Бөкен – Көкжайық – Үлгілімалшы; Семей – Ресей шекарасына дейін – Воскресеновка – Петропавловка – Зубаир – Байтанат – шекараға дейінгі жолдарды жөндеу жұмыстары қолға алынады.
* * *
Зайсан ауданын газдандыру жұмыстары жалғасын табады. Ағымдағы жылы бұл өңірде 9 елді мекенге (1100 тұрғын үй) көгілдір отын тартылады.
* * *
Ауған жерінен Кеңес әскерінің шығарылғанына 25 жыл толуына орай ауған соғысының ардагерлері мерейтойлық медальдармен марапатталады.
* * *
1 қаңтардан бастап зейнетақы 9%-ға өсті. Бұл көрсеткіш 9 мың 330 теңге болып белгіленген негізгі бөлікке де және еңбек өтілі үшін берілетін сомаға да қосылды.
* * *
«Алматы – Өскемен 1», «Астана – Өскемен 1» бағытында жолаушылар тасымалдайтын жүйрік пойыздар қызмет көрсете бастады. Сондай-ақ, теміржол көлігімен жүру билетінің құны 7 пайызға қымбаттады.
* * *
Облыс аумағындағы тұрғындарының саны тым аз, елу адамнан сәл ғана асатын 59 шағын ауыл тіршілігін тоқтатуы мүмкін. Ал бұл ауылдардың жұрты өздерінің келісімімен басқа елді мекендерге көшіріледі.
* * *
2014 жылдан бастап мемлекет 275 мың шаршы метр немесе жылына шамамен төрт мың пәтер салатын болады. Бұған дейін жылына 2-2,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынған.
Жалақысы төмен азаматтар, әсіресе, жас отбасылар қолжетімді бағамен тұрғын үй сатып алу мүмкіндігіне ие болады.
* * *
Елімізде жеңіл автокөліктер өндірісі 1,5 есеге өсіп, 53-55 мың дананы құрайды. Оның ішінде өскемендік «Азия Авто» АҚ 42 мың жеңіл көлік шығаруды жоспарлап отыр.
* * *
Темекі өнімдерінің бағасы 2 есеге дейін қымбаттайды.
* * *
Ел аумағындағы барлық демалыс орындарында 400 мыңға тарта турист демалады деп жоспарланып отыр. Оның белгілі бір бөлігі Шығыс Қазақстанға тиесілі.