Жолақысын екі қайтара төлетуге құқылы ма?
Бибигүл Мұхаметқалиқызы, Өскемен қаласы
Жақында Өскемен қаласындағы жолаушылар автобусының бірінде қолайсыз жағдайға тап болдым. Жолақысын Каспий қосымшасы арқылы төлеген соң ұялы телефонымның қуаты таусылып қалды. Жағдайды кондукторға айтып едім, ол жолшыбай контролер кірсе, өзіне айыппұл салатынын алға тартып, жолақысын қайтара төлеп, билет алуымды талап етті. Өйтпеген жағдайда автобусты тоқтатып, мені орта жолда түсіріп кете алуға құқығы барын меңзеді. Амалсыздан жолақысын екінші қайтара төледім. Кондуктордың осылай істеп, жолаушыдан екі қайтара ақы алуына және жолаушы келіспеген жағдайда оны орта жолда автобустан түсіріп кетуге құқығы бар ма? Мен сияқты жағдай ересектерде ғана емес, кішкентай балаларда, қарт адамдарда да болуы мүмкін ғой? Сонда қақаған аязда оларды да автобустан түсіріп кете ме?
Cіздің сұрағыңызға Өскемен қаласының жолаушылар тасымалдауды басқару орталығы жауап жолдады.
– Еліміздің «Автомобиль көлігі туралы» Заңының 20-бабы 2-тармағы 1) тармақшасына сәйкес, жолаушы жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттарында жол жүру кезінде ақы төлеуді және (немесе) жол жүру құжаты (билеті) болуға және оны сапар аяқталғанға дейін сақтауға міндетті. Жолаушыға берілген билет, төлем туралы валидатордағы белгісі немесе Kaspi.kz қосымшасы арқылы төлеу туралы түбіртек жол жүру құнын төлеу фактісі деп саналады. Арызда айтылған оқиға бойынша, жолаушының жолақысын төлегенін растай алмағанын ескере отырып, жол жүру ақысын төлеуді талап еткен кондуктордың әрекеті заңды. Өйткені жолаушылардың жол жүру үшін төлемді қабылдау кондуктордың міндеті болып саналады.
Ал жолаушыларға ұялы телефондарындағы аккумуляторының жеткілікті түрде қуаттылығын қамтамасыз ету қажеттілігі туралы ескертулер міндетті талаптар емес. Яғни бұл – осыған ұқсас жағдайларды болдырмау үшін тек ұсыныс ретінде жасалған ескертулер.
Сонымен қатар жолақысын қосымша арқылы жүзеге асырып, ал ұялы телефон аккумулятор қуатының аздығынан өшіп қалса, жолаушы төлем фактісін растай алмайтынын түсіндіреміз. Осыған байланысты, жолаушылар ұялы телефонының аккумуляторының қуатын жеткілікті пайызбен қамтамасыз етуі керек. Жолақысын төлеу түбіртегін ұсыну мүмкін болмаған жағдайда барлық жауапкершілік жолаушыға жүктеледі. Төлеу фактісін растай алмаған жағдайда жол жүру ақысы төленбеген болып есептеледі.
Жолаушыны автобустан түсірудің заңдылығына келер болсақ, жолаушыларды автобустан түсіруге тыйым салынғанын түсіндіреміз. Алайда кондуктор, контролер немесе жүргізуші бұл жағдайда тергеу үшін полиция шақыруға және билетсіз жүру немесе төлем фактісін анықтатуға құқылы. Полицияға қоңырау шалған жағдайда автобус маршрут бойынша қозғала алмай, полиция отрядының келуін күтуге міндетті. Ал газет редакциясына шағымданған оқырман оған берілген билет пен kaspi.kz қосымшасы арқылы төленген төлем туралы түбіртекпен екі рет жолақысын төлеу туралы фактіні анықтатып, артық төленген қаражатын қайтарту үшін серіктестікке жүгінуі қажет.