жауап береміз

«Сақтандырылған» мәртебесін қалай алуға болады?

 Қазір Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына бір жылға алдын ала төлем жасағандарға «сақтандырылған» мәртебесін алуға болады екен. Осының тәртібін түсіндіріп берсеңіздер.

Гүлнар Сәбитова,

 Өскемен

 Оқырманның сұрағына ӘМСҚ облыстық филиалы халықты ақпараттандыру бөлімінің жетекшісі Салтанат Адамова жауап берді:

Өткен жылдың 5 қыркүйегінен бастап Әлеуметтік міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне жарналарды 12 ай бұрын төлеу арқылы «сақтандырылған» мәртебесін алуға болады. Ол үшін дербес төлеушінің төлемдері әр айда бөлек-бөлек төленуі тиіс. Егер бір жылдағы төлемдер әртүрлі күндерде жүргізілсе, онда сақтандыру мәртебесі бірден емес, барлық төлемдер өңделгеннен кейін ғана беріледі. Егер 12 айдың бірінде жарна дербес төлеушінің төлемі ретінде емес, БЖТ төлемі ретінде жүргізілсе, онда мәртебе берілмейді. Сол себепті мұқият болу керек, тек дербес төлеушінің төлемі есептеледі. Алдағы он екі айда сақтандыру жүйесінде қызмет алу үшін қатарынан он екі төлем, бірақ әр айға бөлек-бөлек жасау керек. Қаңтар айына бір төлем, ақпан айына екінші төлем, наурыз айына үшінші, осылай кете береді.

Егер төлем ағымдағы айдың соңында (27-28-нен кейін) жүргізілсе, онда төлемдерді тексеру келесі айда жүргізілуі мүмкін, онда сақтандыру мәртебесі берілмейді және пациентке келесі жылдың тағы бір айында қосымша ақы төлеу қажет. Сол себепті төлемді айдың басында не ортасында төлеп тастаған дұрыс.

Сондай-ақ егер төлем келесі он екі айға емес, он бір айға ғана жасалса да, мәртебе берілмейді.

Тағы бір ескеретін жайт, егер тұтынушы өзін ақпан айында сақтандырмақ болса, онда он бір айға төлем төлейді де, жыл аяғына дейін сақтандыру пакетіндегі қызметтерді пайдалана алады. Ал алдағы он екі айға маусым айында төлесе, онда бір күнтізбелік жыл ішінде, яғни 2024 жылдың маусымына дейін сақтандыру мәртебесін алады. Өткен айлардың қарызын төлеу деген түсінік жоқ.

Егер тұтынушы төлемді 2022 жылы бекітілген сома (3 мың теңге) бойынша он екі айға алдын ала 36 мың теңге төлеп тастаса, онда қосымша ақы төлеудің қажеті жоқ. Ал 2023 жылы ай сайынғы төлемнің көлемі 3500 теңге деп бекітілді.

Төлемді тұтынушы өзіне ыңғайлы платформада төлей алады. Қазір «Каспий банк» қосымшасында медициналық сақтандыру деген арнайы бөлім бар. Сонымен қатар 24/7 терминалы, Қазпошта арқылы да төлеуге болады.

Айна Ескенқызы

 

Осы айдарда

Back to top button