Жаңалықтар

Жол жөнделіп, жарық тартылады – Самар

Самар ауданында инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жұмыстар қарқын алды. 

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Самар ауданы әкімінің орынбасары Дамир Ордаханов аудан аумағында халықты таза ауызсумен, жылумен, электр қуатымен қамту, жол жөндеу және абаттандыру бағыттарында бірқатар жоба жүзеге асырыла бастағанын айтты, деп хабарлайды Didar ақпарат.

– Халықты сапалы ауызсумен қамту үшін Самар ауылындағы су жүйелерін қайта жаңғыртуды жалғастыруға 693,9 миллион теңге мөлшерінде қаражат бөлінді. Барлық жұмыстар бекітілген кестеге сай жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар биыл сегіз ауылдың  сумен қамту нысандарын жөндеуге 90 миллион теңге бағытталды. Оған қоса, облыстық бюджет есебінен Самар ауылындағы бес қабатты тұрғын үйді жылумен қамтамасыз ететін қазандықты жөндеуге қаражат қарастырылды. Аталмыш қазандыққа алдағы уақытта жақын маңда орналасқан екі қабатты алты тұрғын үйді қосу жоспарланып отыр, – деді Дамир Ордаханов.

Бұдан бөлек жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында Самар ауылының сегіз шақырымнан астам көше жолдарын және тротуарларды орташа жөндеуден өткізуге де қаражат бағытталды.  Палатцы ауылының кіреберіс жолын, Аққала ауылының көшелерін ағымдағы жөндеуден өткізуге және Самар ауылының көшелерін жарықтандыруға қаражат бөлінді. Биыл Қайыңды ауылын электрмен қамтамасыз ететін құрылыстарды жөндеуге де 8 миллион теңге бағытталмақ.

Оған қоса Бастаушы ауылында футбол алаңы салынып, Палатцы ауылдық округінің төрт ауылы жарықтандырылды. Сондай-ақ Сарыбел ауылында бейнебақылау камераларын орнату жоспарланып отыр.

Осы айдарда

Back to top button