Қоғам

Жол апаттарының алдын алуға бағытталды

Азамат Темірбеков

Зайсан ауданында учаскелік полиция қызметкерлерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жануарларының мойындарына жарыққа шағылысатын материалдар байланды.

Аудандық полиция бөлімінің таратқан хабарына сенсек, бұл шара соңғы кезде автокөліктердің төрт түлікке соғылу және мал жоғалу фактілерінің жиілеп кетуімен байланысты көрінеді. Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында, жергілікті полиция қызметі құрамының арасында жиналыс өткізіліп, полиция қызметкерлеріне аталмыш мәселені жіті бақылауға алу тапсырылды. Осы бағытта қолға алынған шаралар аясында аудан аумағындағы автокөліктерге тексерулер жүргізілді.

Сондай-ақ учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып тұрғындардың қолдарындағы төрт түліктің мойнына жарыққа шағылысатын материалдар байланды. Мұндай белгілер түнгі уақытта жарыққа шағылысып, жүргізушіге жол үстінде мал тұрғанын білдіріп, жол апатының алдын алуға көп көмегін тигізбек.

Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері ауыл маңдарында иесіз жүрген төрт түліктің айып тұрағына қамалып, әкімшілік хаттамалар толтырылатынын ескертті. Сонымен қатар автомобиль жолдарының бойына жануарларды қараусыз жіберген мал иелері еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабы «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу» бойынша айыппұл арқалайды.

Осы айдарда

Back to top button