Қоғам

Жол апаттары артып, жасөспірімдер арасындағы қылмыс азайып отыр

Жол апаттары артып, жасөспірімдер арасындағы қылмыс азайып отыр

Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары және кәмелетке толмағандар мен жастар арасындағы заңбұзушылықтардың алдын алу, сонымен қатар, олардың арасында салауатты өмір салтын насихаттау жөнінде баяндамалар жасалды.
Облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Батырбек Аяғанов осы жылдың 11 айында облыс бойынша жол-көлік оқиғаларының 28 пайызға артқанын атап көрсетті. Әсіресе, апаттар Өскемен мен Семей қалаларында өсе түскен, тиісінше 47 және 15 пайызға. Жол-көлік оқиғаларына себеп болатын факторлар көп. Бірақ ішінде ең жиі кездесетіндері – көлік жылдамдығын шамадан тыс арттыру, ішімдік ішіп көлік жүргізу, жолдың қарама-қарсы жолағына шығып кету секілді жайттар. Департамент бастығының орынбасары, сонымен қатар жолдардағы көлік санының артуы да көрсеткішке өз әсерін тигізіп отырғанын назарға алды. Мәселен, былтыр облысымызға өзге өңірлерден және шет елдерден барлығы 11 мың автокөлік әкелінсе, биыл сырттан келіп, тіркеуге тұрған темір тұлпарлар саны екі есеге дейін өскен. «Жол апаттарының негізгі бір себебі – жолдардың сапасының нашарлығы» дейді полицейлер. Атап айтсақ, жолдардағы шұңқырлар мен төмпешіктер, жол енінің тарлығы және жолдардың дұрыс күтіліп ұсталмауы, яғни, қардан тазартылмауы, мұз үстіне құм себілмеуі де апаттарға себепші болатын көрінеді. Дей тұрғанмен, тәртіп сақшылары өз тараптарынан апаттың алдын алу шаралары үздіксіз әрі талапқа сай жүргізіліп келетінін, жүргізушілермен түрлі кездесулер ұйымдастыратынын алға тартты.
– Осы жылы облыс аумағында жол-көлік апатынан қаза тапқан адамдар саны былтырғымен салыстырғанда алты пайызға артыпты. Бұл – департамент жұмысының да кемшілігі. Бәрін де жолдың сапасыздығына жаба беруге болмайды. Ең алдымен жолдағы тәртіптің, ереженің қатаң сақталуын қамтамасыз етулеріңіз қажет. Және ең негізгісі полицейлердің өздері жол ережелерін сақтауы қажет деп санаймын, сіздер өзге жүргізушілерге үлгі-өнеге көрсетулеріңіз керек, – деген аймақ басшысы алдын алу шараларын ширата түсуді, жол апатына әкеліп соқтыратын себептерді жоюды және ең бастысы адам шығынын мейлінше азайтуды қатаң тапсырды.
Келесі кезекте кәмелетке толмағандар арасындағы заңбұзушылықтардың алдын алу мәселесі талқыға салынды. Облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Садықова жасөспірімдер арасындағы қылмыстың қысқарғанын айтты. 2014 жылдың он бір айына қарағанда биылғы 11 айда кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар саны 471-ден 253-ке, яғни, 46,3 пайызға кеміген. Бұл – жақсы көрсеткіш. Мектеп оқушылары (36 пайызға) мен колледж студенттері (44 пайызға) жасайтын қылмыс біршама азайыпты. Осы ретте коледждерде құрылған 67 полицияға көмек көрсетуші жасақтың ерекше пайдасы тигені анық. Жалпы, облыс бойынша жасөспірімдермен жасалған қылмыстар саны кеміп жатқан кезде Зайсан ауданында ғана өсімге жол беріліпті. Онда қылмыс 6-дан 13-ке дейін өскен, бұл – 53,8 пайыз. Қылмыстар негізінен облыс орталығы мен Семей қаласында көп жасалады. Осы жылғы 11 айда Өскеменде жастар 82, Семейде 39 қылмыстық әрекетке барған. Ең жиі ұшырасатын қылмыстар – өзгенің мүлкін ұрлау (110 жағдай), бұзақылық (31 жағдай), тонау (21 жағдай), бопсалау (19 жағдай), бөгденің көлігін айдап әкету (12 жағдай), алаяқтық (10 жағдай). Сонымен бірге, қарақшылық шабуыл, есірткі сақтау және сату, денсаулыққа қасақана зиян келтіру сияқты аса ауыр қылмыстарға барған жастар да кездескен. Тек аса ауыр қылмыс – кісі өлтіруге қатысты қылмыстық істер кәмелетке толмағандар арасында орын алмапты. Естеріңізге салсақ, былтыр үш кісі өлтіру фактісі тіркелген-ді.
– Бұл бағытта да атқарылып жатқан жұмыстарды ширата түскен жөн. Мектептерде, өзге оқу орындарында орын алатын қылмыстар санын қысқартуға, олардың дер кезінде ашылуына бейнекамералардың тигізер пайдасы зор екенін білесіздер. Міне, осындай құрылғыларды көптеп орнатуымыз қажет. Әсіресе, Семей, Риддер, Зырян және Курчатов қалаларының оқу орындарында осы істі мықтап қолға алу керек. Мен атқарушы билік органдарына, тиісті ведомстволарға осы міндетті тапсырамын, – деді бұл ретте облыс әкімі.
Сонымен қатар, аймақ басшысының төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша облыстық комиссияның отырысы да өткізілді.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button