Білім

Жобаларын ағылшын тілінде қорғады

Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ үнемі ел келешектері – бүгінгі жас буынға көп тілді меңгеру керектігін, қазіргі кезең олардан білімділік пен алғыр іс-әрекетті талап ететінін айтып келеді.

Жобаларын ағылшын тілінде қорғадыСондықтан да оларға барлық салада: өз ортасында, білім мен қызметте бәсекеге қабілетті болу керек. Ол үшін ең алдымен ана тіліңді құрметтеп, шетел тілдерін мейлінше жетік білу қажет. Аталған мәселелердің түйінін облыстық А.Пушкин атындағы кітапханада болып өткен «Тіл достық пен түсіністіктің ерекше құралы» атты ғылыми-практикалық конференция-байқау шешкендей болды.

Конференцияда қала мектептерінің 8-11 сынып оқушылары ағылшын тілінде жазған жобаларын қорғады. Ғылыми-практикалық конференция-байқау арқылы ел келешектері өздерінің зерттеушілік, ағылшын тілінде сауатты жазу мен таза сөйлеу машықтарын танытып қана қоймай, көшбасшылық және шешендік қабілеттерін де көрсетіп бақты. Кітапханадағы америка орталығының қызметкерлерінен құралған қазылар алқасының ұйғарымымен конкурсқа қатысушылардың үздік жобалары анықталды.

Сонымен ағылшын тілінде анық сөйлеп, өз жобасын нағыз білгірлікпен қорғап шыққан Мүнира Нұғыманова бірінші орын биігіне көтерілсе, жүлделі екінші орынның үдесінен Әлия Амантай мен Жамила Әбиева көрінді. Ал одан кейінгі үшінші жүлде тұғырын Әнел Убина, Иван Лабуков және Яна Кукаренко бағындырып, Өскемен қалалық білім бөлімінің арнайы сыйлықтарымен марапатталды.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button