Жоғалған тікұшақ әлі іздестіріліп жатыр
Алматы облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті өткен сенбі күні Атасу – Алашаңқай мұнай құбырын тексеру кезінде жоғалып кеткен «МИ-8» тікұшағын іздестіру үстінде. Бұл жағдай Алакөл ауданында, яғни, біздің облыс шекарасына жақын маңда орын алғандықтан іздестіруге шығысқазақстандық құтқарушылар да жұмылдырылған.
Алматы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сенсек, Алакөл ауданының «Достық» стансасына қарай бағыт алған тікұшақтың бортында 8 адам болған: оның бесеуі экипаж мүшелері болса, қалғандары «ҚазТрансОйл» АҚ-ның бақылаушы ұшқышы мен «Қазақстан-Қытай құбыры» ЖШС-нің екі инженері. Олар тексеру жүргізу үшін аталған мұнай құбырының бойымен ұшып өтулері керек еді. Осы мақсатпен 24 қараша күні таңертеңгі сегізде әуеге көтерілген тікұшақ сағат 11.30-да оралуға тиіс болатын. Алайда оралмады, экипажбен байланыс әлі күнге дейін жоқ.
Қазірде ТЖМ мен «Еуразия Эйр» АҚ-ның тікұшақтары іздестіру шараларын жалғастырып жатыр. Олар таулы аймақтарды мұқият қарап, соның ішінде Жоңғар Алатауының шығыс және солтүстік бөлігіндегі жоталарды, Жалаңашкөлден «Достық» стансасына дейінгі аймақты, Қытаймен шекаралас өлкені және Алакөлдің маңын түгел шарлауда.
Өз кезегінде Алматы облыстық ТЖД мынадай болжам жасап отыр: тікұшақ әуеден құлауы немесе жедел түрде бір жерге қонуы мүмкін. Және де бұл Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданының аумағында болуы да ықтимал. Өйткені, мамандардың жорамалына жүгінсек, жоғалған тікұшақтағы жолаушылардың бірінің ұялы телефон арқылы жіберген белгісі осы өңірден шыққанға ұқсайды. Дегенмен бұл мәліметті тексеріп, белгінің координаты нақтылануда.
– Біздің өңірден жоғалған тікұшақты іздеуге Үржар аудандық ТЖ бөлімінің қызметкерлері атсалысып жатыр. Әзірге нәтиже жоқ, ауданның шекарасынан тыс жерлерді бізден басқа әріптестеріміз қарайды, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Әйтсе де, Алакөлдің Үржарға қарасты жағалауынан «МИ-8»-дің табылып қалу мүмкіндігі жоғары екендігін мамандар айтады. Іздеу операциясына сонымен қатар өртке қарсы және су-құтқару қызметтері жұмылдырылған. Ауа райының қолайсыздығына байланысты қазірде Алакөлдің орталық бөлігін тікұшақпен әуеден қарау еш мүмкін болмай тұр.
«Еуразия Эйр» АҚ-ның хабарлауынша, жоғалған «МИ-8» тікұшағы уақтылы тексеруден өтіп тұрған, техникалық жағдайы да қалыпты, жөндеу жүргізілген, ешқандай ақауы жоқ болған. Бұған қоса борттағы экипаждың барлығы «Еуразия Эйр» АҚ Жезқазған филиалының қызметкерлері және тікұшақтың алғашқы ұшып шыққан жері де осы өңір екен.
Іздеу амалдары әлі жалғасуда.