Мәдениет

Жұмысшы жастардың бәйгесі

Жұмысшы жастардың бәйгесі

– Өкінішке қарай, соңғы жылдары республика орталығы мен шет елдерде оқыған жастардың өңірге оралуы сиреді, – деді кеш шымылдығын түрген облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова. – Бұл мерекелік шара мен «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі осы олқылықтың орнын толтырып, оқу бітірушілерді жұмыспен қамту және жұмысшы жастарды шабыттандыру үшін ұйымдастырылып отыр.

Сайыс «Өнер» және «Спорт ойындары» бағытында өткен-ді. Ыстық пеш пен станоктардың құлағында тұрған техник-металлургтердің әнін тыңдап, эстафеталық ойындарды тамашаладық. Дүбіріне құлақ құрышы қанды. Сонымен, облыстың жеті ірі кәсіпорны қатысып, жұмысшы жастар бәйгеге түскен «Қайратты жастар-2017» сайысының қорытынды кеші басталды.

«EXPO-2017» халықаралық көрмесіне арналған «Болашақтың энергиясы» атты би-бағдарлама «Өскемен титан-магний комбинаты» акционерлік қоғамының қанжығасына «Үздік шығармашылық бағдарлама» аталымын бір байласа, сарайды дулатқан қолдаушылар «Үздік жанкүйерлер» аталымын екі байлап берді. Ал «Үздік спорттық ұжым» және «Жастар таңдауы» аталымын теңдеп шыққан «Қазцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі есепті теңестірді. Биыл құрылғанына 20 жыл толып отырған бұл ұжым үшін бүгінгі шара нағыз мейрам болды. Айта кету керек, «Жастар таңдауы» аталымы әлеуметтік желідегі жастардың дауыс беруі арқылы анықталды. «Кәсіпорындағы үздік жастар ұйымы» атты марапат «ВостокЦветМет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне табысталды. Бірі бикештердің, бірі ер жігіттердің жүрегін шымырлатқан «Согра жылу электр орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Сырым Өмірзақов пен «Үлбі металлургия зауыты» акционерлік қоғамының өкілі Екатерина Желудкевич кештің ханзадасы мен ханшайымы атанды. Екеуі де заманауи ән салып, құрдастарының көңіліне жол тапты. Шараға «Азия АВТО» акционерлік қоғамы мен «Өскемен жылу электр орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де қатысты. Әр кәсіпорын «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің 30 билетіне ие болды.

Шара қарсаңында техникалық бағытта диплом алған жастарға арналып «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі де өткізілген. Оған облыстың он бес колледжі мен Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің түлектері келіп, таңдау жасады.

– Егер жұмыс іздеуші біздің кәсіпорынға қызығушылық білдіріп, өзі туралы ақпарат қалдырса, онда оны комбинатқа шақырып, өндіріс орнымен таныстырамыз. Біздің кәсіпорынға металлург пен электрик мамандары аса қажет, – дейді «Өскемен титан-магний комбинаты» акционерлік қоғамынан келген өкіл Эльмира Атамбаева.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button