Экономика

Жұмыртқа өндіретін фабрика келесі жылы іске қосылады

Жұмыртқа өндіретін фабрика келесі жылы іске қосылады

Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Қытай Халық Республикасынан келген бір топ инвесторлармен кездесіп, аймағымызға инвестиция тарту мәселелерін талқылады. Жиында негізінен облысымызда жұмыртқа өндіретін фабрика салу жайы сөз болып, осы мәселеге қатысты екіжақты меморандумға қол қойылды.
Жалпы, Қытай тарапымен Шығыс Қазақстанда мұндай кәсіпорынды іске қосу жөніндегі келіссөздер екі жыл бойы жүргізілген екен. Жоспар бойынша, құны 25 миллион АҚШ долларына бағаланып отырған жаңа фабрикада жылына 100 миллион жұмыртқа өндірілмек. Демек, облысымызға жылына шамамен 145 миллион жұмыртқа қажет екенін, сондай-ақ, Семейде жұмыртқа өндіретін бір кәсіпорынның барын ескерсек, жаңа фабриканың өңіріміздегі аталмыш өнімге деген сұранысты толықтай қанағаттандыруға қауқары жетері сөзсіз. Ұлан ауданында салынатын кәсіпорында 650 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Жаңа өндірістік нысанның құрамына жұмыртқа фабрикасынан бөлек, құрама жем зауыты да кірмек.
Құрылыс жұмыстарын шыңжандық «Сан Бао» сауда-өнеркәсіптік корпорациясы жүргізетін болады. Жалпы, «Сан Бао» көршілес елде осы тәріздес зауыт-фабрикалар салуда мол тәжірибесі бар беделді корпорациялардың бірі саналады екен. Оның құрамына 200-ден астам кәсіпорын кіретін көрінеді. Ал жұмыртқа өндірісін «Tiegilishi» компаниясы қолға алмақ. Құрылғанына бар-жоғы 13 жыл болған бұл компания тамаша жетістіктерге жетіп, бүгінде Қытай еліндегі жұмыртқа өндірушілер арасында көш бастап тұрғанға ұқсайды.
– Біз «Сан Бао» корпорациясының жұмысы, оның әлеуеті жайында көп естіген едік. Енді сол корпорациямен тікелей жұмыс істеудің сәті түсіп отыр. Жалпы, соңғы жылдары облысымызда жұмыртқа тапшылығы ерекше сезілуде. Бұған «Черемшанка» құс фабрикасының жабылып қалуы да кері әсерін тигізгені сөзсіз. Сондықтан Шығыс Қазақстанда жаңа жұмыртқа фабрикасының ашылуына айырықша мүдделіміз. Сіздерге жаңа кәсіпорынды ашуға жан-жақты қолдау білдіретін боламыз. Болашақ фабрикаға жер бөлу, оның инфрақұрылымын жүргізу, құжаттарын әзірлеу сияқты мәселелерде қиындықтар болмайды. Оның үстіне, салық төлеу мен кеденнен өту жағынан да айтарлықтай жеңілдіктерге ие боласыздар. Енді құрылыс жұмыстарын тезірек бастау ғана қалды, – деген облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ құрылысқа қажетті шығынның 30 пайызын Қазақстан тарапы өз мойнына алатынын жеткізді.
Сондай-ақ, аймақ басшысы өз сөзінде жаңа кәсіпорында негізінен жергілікті халық өкілдері жұмыс істеу керектігін баса назарға алды. Есесіне, Қытайдан келген ең қажетті мамандық иелеріне квота бөлінетіні туралы айтылды.
– Шығыс Қазақстан шекаралық аймақ болғандықтан біздің облысымызда көліктік-логистикалық орталықтар да салынуы тиіс. Әсіресе, кеден бекеттерінің маңында осындай орталықтар ашылса, бұдан екі тарап та ұтар еді. Бұл Қытай мен Қазақстан арасындағы тауар айналымының жақсаруына айтарлықтай септігін тигізеді. Сондықтан осы ұсынысымызға да ерекше мән берерсіздер деп ойлаймын, – деді аймақ басшысы.
Өз кезегінде қытайлық делегацияны бастап келген «Сан Бао» корпорациясының президенті Кан Хапин мырза жаңа фабрика заманауи технологиямен жабдықталатынын жеткізді.
– Бізге осындай ауқымды да жауапты істі сеніп тапсырып отырғандарыңызға алғыс айтқым келеді. Бүгінге дейін Қытайда «Сан Бао» корпорациясының қолдауымен 16 құс фабрикасы мен 51 құрама жем зауыты ашылды. Енді мұндай кәсіпорындарды сіздердің елдеріңізде де ашуға ниеттіміз. Ал Шығыс Қазақстанда салынатын жұмыртқа фабрикасы солардың алғашқысы болмақ. Жаңа кәсіпорында жұмысшылардың дені, яғни, кем дегенде 90 пайызы жергілікті тұрғындар болатынына кепілдік береміз. Оның үстіне, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде жұмысшыларымызға, сондай-ақ, фабрика орналасатын елді мекеннің тұрғындарына жан-жақты қолдау көрсетеміз. Енді құжаттарды жөнге келтіру жағынан қиындықтар туындамаса болғаны, – деді Кан Хапин мырза.
«Сан Бао» корпорациясының президенті жаңа фабриканың қағаз жұмыстары реттелгеннен кейін, құрылысшылар бірден іске кірісетінін жеткізді. Бір айта кетерлігі, құрылыс жұмыстары кезінде негізінен металл конструкциялары қолданылмақ. Бұл өз кезегінде нысандағы жұмыстарды 5-6 айда аяқтап шығуға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ құжаттарды әзірлеу жағы қыс айларынан кешіктірілмей аяқталып, көктемде құрылыс жұмыстары басталуы керектігін жеткізді. Естеріңізге салайық, Ұлан ауданында салынатын жұмыртқа фабрикасы келесі жылдың желтоқсанында іске қосылады деп жоспарлануда.
Кездесу соңында тараптар екіжақты әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button