«Жұлдызай» жан жылуын сыйлайды

Өскемендегі Металлургтердің мәдениет сарайында мүмкіндігі шектеулі балалардың шығармашылығына арналған Х республикалық «Жұлдызай» фестивалінің өңірлік іріктеу кезеңі болып өтті. Шығысқазақстандық дарынды балалар вокал, аспаптық орындау, ыммен ән салу, би, бейнелеу және декоративті-қолданбалы өнер секілді алты номинация бойынша бақтарын сынады.
2005 жылдан бастап өтіп келе жатқан республикалық «Жұлдызай» фестиваліне биыл он жыл толып отыр. Негізінен мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілеттерін шыңдап, әлеуметтік белсенділігін дамытуды көздейтін шараға осынау он жылдың ішінде жиырма мыңнан астам бүлдіршін қатысып, оның үш мыңдайы өзінің өнерін Астананың ең үлкен концерт залдарында көрсетуге мүмкіндік алыпты.
– «Жұлдызай» фестивалі – талай балаларға үміт пен қуаныш сыйлап келе жатыр. Бұл – мүмкіндігі шектеулі балалардың шығармашылығына арналған республикамыздағы жалғыз өнер фестивалі. Сондықтан да болар, еліміздегі бүлдіршіндер бұл шараны жыл сайын асыға күтеді, – дейді «Жұлдызай» корпоративтік қоры директорының орынбасары Алтынай Тәңірберген. Оның айтуынша, еліміздің 16 өңіріндегі іріктеу турынан өткен жеңімпаздар 1 маусым – бүкіләлемдік балаларды қорғау күнінде Елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында өтетін гала-концертке қатысып, отандық және шетелдік жұлдыздармен бірге өнер көрсету құрметіне ие болмақ.
Фестивальға қатысушылар ең алдымен Металлургтердің мәдениет сарайының фойесінде ұйымдастырылған бейнелеу және декоративті-қолданбалы өнер туындыларының көрмесін тамашалады. Мұндағы бұйымдардың барлығы да мүмкіндігі шектеулі балалардың қолынан шыққан деп ешкім де ойламайды. Бала қиялы қашан да сұлу.
– Мен фестивальға «Сүйкімді қонжық», «Құлыншақ», «Менің сенімді серігім» және «Ұлы Жеңіске – 70 жыл» атты төрт туындымды алып келдім. Бұлардың бәрін де жұмыртқаның қабығынан жасадым. Әсіресе, Жеңістің 70 жылдығына арналған мына бір дүниені жасау маған оңай болмады, – дейді Үржардағы балаларға арналған психоневрология медициналық-әлеуметтік мекемесінің 5 сынып оқушысы Аман Құрманов. Сонымен қатар, ол балықтың сүйегінен де небір картиналар жасағанды ұнатады екен. Аман бойының тым қысқалығына қарамастан, болашақта қазақтың атын шығаратын балуан болуды армандайтынын да жасырған жоқ.
Ал осы мекеменің 8 сынып оқушысы Төлегенов Әлібектің де қолынан шыққан дүниелер: көрген жанның көзін сүйсінтеді. Әлібек 2013 жылы Астанада өткен «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» атты республикалық байқауда үздік шығып, бас жүлдені жеңіп алыпты.
– Бүгін – нағыз мереке, жас таланттардың мерекесі. Биыл мүмкіндігі шектеулі өнерлі балаларға шексіз мүмкіндік беретін «Жұлдызай» фестиваліне он жыл толып отыр. Осынау он жылдың ішінде шығысқазақстандық 159 бала республикалық фестивальдің лауреаты атаныпты. Барлықтарыңызды өнер мерекесімен құттықтаймын, – деді шараның ашылу салтанатында сөз алған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Сайран Искакова.
Кішкентай жұлдыздар сахнаға шыққан кезде тіпті жарқырай түсетіндей. Олардың салған әрбір әні, әрбір биі жүректің тереңінен шыққандықтан болар, көрермен көңілін тебірентіп, тербеткені сөзсіз. Әсіресе, Өскемендегі №21 көмекші мектептің оқушысы Диас Ескермесовтің салған «Анашым» әні, Өскемендегі балалар психоневрология медициналық-әлеуметтік мекемесінің оқушысы Арыслан Әбдехановтың «Ақ көгершін» әні тыңдарманның жүрегіне ерекше жол тапты. Сондай-ақ, Риддер қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы мектеп-интернаты тәрбиеленушілері орындаған «Маша мен қонжық» биі де өте сәтті шықты.
Бір өкініштісі, осынау шараға көктемгі ауа райының қолайсыздығынан, Семей өңірінен көптеген бүлдіршіндер қатыса алмады.
– Мұндай фестивальдар бізге керек. Шындығында, мұндай шаралар тағдырдың ауыр соққысын көріп, мүмкіндігі шектеулі мүгедек атанған балаларға жан жылуын сыйлайды, – дейді фестивальдың облыстық турын ұйымдастырушы өңірлік «Дарын» орталығының қызметкері Бейбітгүл Базанқызы.
Фестиваль соңында барлық жеңімпаз бүлдіршіндер мақтау грамоталарымен марапатталды.
Мейрамтай Иманғали