«Жұлдызай» қоры жарымкөңіл жандарға қуаныш сыйлады
Астана қаласындағы «Жұлдызай» корпоративтік қорының қолдауымен облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаменті және облыстық білім басқармасы Өскемендегі «Металлургтер саябағында» ерекше қамқорлыққа мұқтаж балалар үшін «Мектепке – жол» акциясын өткізді.
Акция тіл кемістігі бар балаларға арналған №62 балабақшаның, нашар көретін балаларға арналған №14 мектеп-балабақша кешенінің, мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған оқу-тәрбие орталығының және қозғалыс-тірек мүшесі бұзылған балаларға арналған медициналық-әлеуметтік мекемесінің тәрбиеленушілеріне арналды. Іс-шараны өткізуге демеу көрсеткен «Жұлдызай» қоры Астана қаласынан 50 балаға мектеп құралдары мен арқасөмкелер жіберіп, сыйға тартты.
Өскемендегі осынау шараға арнайы келген «Жұлдызай» қорының өкілі Сәуле Сыздықова мұндай іс-шаралар Қазақстанның барлық аймағында өткізіліп жатқанын, ондағы мақсат өмірдің қиын жағдайына тап болған балаларға әлеуметтік көмек көрсету, әрбір ата-анаға баласының мектепке баруына көмектесіп, қолдау көрсету екенін жеткізді, балаларға ыстық лебізін білдірді.
Көңілді шара барысында департаменттің нағыз қолдаушылары – «VITA» кәсіпорындар тобы» ЖШС балаларға түрлі ойындар мен ой-өрісін дамытуға арналған ойыншықтар, «Жүнісов» ЖК-нің «Апельсиновый рай» фирмасы тәтті жемістер тарту етсе, жеке кәсіпкер И.Киселева естелік ойыншықтармен қуантты. «Металлург саябағының» директоры Л.Лисовая балаларға ата-аналарымен бірнеше аттракционда тегін тебу мүмкіндігін сыйлады.
Мерекенің кеңінен ойластырылған бағдарламасы, оған қатысушылардың көтеріңкі көңіл күйі, ертегі кейіпкерлерінің тапқырлықтары өткізілген іс-шараға ерекше шырай беріп, балалар әртүрлі ойындар ойнап, би билеп, естелік суретке түсті.
Мереке өте тартымды өткендіктен, ата-аналар мен балалар өмірлік қиыншылықтарды бір сәтке ұмытқандай болып, қуаныш сезіміне бөленді. «Мектепке – жол» акциясы қыркүйектің 30-ына дейін жалғаспақ.