Білім

Жетіралда 300 орындық жаңа мектеп ашылды

Жетіралда 300 орындық жаңа мектеп ашылды

Апаттық жағдайдағы ескі мектепте оқып жатқан Жетіарал ауылының балалары жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастайтын болды.

Жетіралда 300 орындық жаңа мектеп ашылды

Соңғы әрлеу жұмыстары аяқталып, таяп қалған алғашқы қоңырау қарсаңында есігін айқара ашқан жаңа мектепке оқушылар ғана емес, олардың ата-аналары, ауыл тұрғындары түгел жиналды. Күмбірлей күй төгіліп, әуезді ән шырқалған, толассыз тілектер айтылған еңселі ғимараттың ашылу салтанатында Жетіаралдағы еңбек ардагері Баймұхамбет Нұрсадықов, ардагер ұстаз Бикеш Ожаева, ауылдың өзге де құрметті азаматтары оқушылар мен ауылдастарын осы қуанышты сәтпен құттықтап, ақ баталарын берді. Мектепті мерзімінде салып берген құрылыс мекемесінің басшысы, жергілікті кәсіпкер Қайрат Қожахметовке алғыстарын білдірді. Ақ тілектерден соң ақ ниетпен шашу шашылып, мектеп директоры Бақыт Алдауышовқа жаңа ғимараттың кілті табыс етілді.

Жетіралда 300 орындық жаңа мектеп ашылды

– «Сен қандай бақытты едің, келер ұрпақ» деген ақын өлеңі осындайда еске түседі. Жетіаралға азғана жылдың ішінде үлкен өзгеріс еніп, жағымды жаңалықтар көп болып жатыр. 70ші жылдары салынған бұрынғы мектеп 1991жылғы зілзаладан кейін комиссия шешімімен апаттық жағдайда деп танылған болатын. Балалар содан бері ескі мектепте оқып келді, бүгін осы алыстағы елді мекенде қаланың өзінде кездесе бермейтін барлық мүмкіндік жасалған, қараған көздің жауын алған білім шаңырағы салынды. Жетіарал облыстан, аудан орталығынан шетте жатқанымен, малын өргізіп, өрісін толтырып, көркейіп, өркендеп жатыр, – дейді жетіаралдықтардың қуанышын жеткізген ауыл қариясы, еңбек ардагері Баймұхамбет Нұрсадықов.

Жетіралда 300 орындық жаңа мектеп ашылды

Жетірал орта мектебі – оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беріп келе жатқан оқу ордасының бірі. Заманауи мектептің салынуы енді ұстаздарға да, оқушыларға да сол үздік нәтижелер мен көрсеткіштерді одан әрі арттыра түсуді жүктейді. Жетіаралдық ұстаздар мен балаларды жаңа білім ордасының ашылуымен құттықтаған аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев осындай сәулетті мектепке еніп отырған оларға болашақта үлкен биіктерден көріне беруді тіледі.
Жетіарал ауылдық округінің орталығында бой көтерген қос қабатты білім ордасында лингафон, интерактивті тақта, тағы да басқа терең білім алуға қажетті материалдық жағдайлардың бәрі бар. Сынып бөлмелеріне жаңа компьютерлер, жаңа жиһаздар, қажетті құрылғылар қойылып, барлығына қол жуатын санитарлық тораптар тартылған.

Жетіралда 300 орындық жаңа мектеп ашылды

Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынған 300 орындық жаңа ғимараттың спорт залы мен асханасы, дәліздері де кең, қазіргі замандық оқыту жүйесі талаптарына сай.

Жанаргүл Мұқатай

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button