Мәдениет

Жетпіске жуық күйші Өскеменде бас қосты

Жетпіске жуық күйші Өскеменде бас қосты

Өскемендегі Металлургтердің мәдениет сарайында Құрманғазы атындағы Х республикалық халық аспаптарында орындаушылардың байқауы өтті.
Төрт күнге созылған құдіретті күй додасында еліміздің түкпір-түкпірінен 16 мен 35 жас аралығындағы 70-ке тарта күйші қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Осыған дейін Астана, Алматы қалаларында өткізіліп келген байқаудың бұл жолы кенді Алтай төріне ту тігуіне облыс басшылығы ұсыныс жасаған көрінеді.
Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған мәдени шараның басты мақсаты – ұлтымыздың біртуар перзенті, ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлы және басқа да халық композиторларының шығармаларын кеңінен насихаттау, дарынды жас өнерпаздарды анықтау, кәсіби шеберліктерін шыңдау, күй мәдениеті арқылы әсіресе, жас буын өкілдеріне қазақстандық патриотизм мен ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншіліктерін қалыптастыру және мәдени орта қалыптастыру.
Үш кезеңге бөлініп, «домбыра, шертер» (үш шекті домбыра), «қобыз, қыл қобыз» және «сырнай» (баян, аккордеон) үш аталым бойынша өткізілген өнер сайысының шарттары мен талаптары да оңай емес. Әр үміткер әр кезеңдегі орындалар шығарманы жатқа орындайды және бір кезеңде орындалған шығарма келесі кезеңде қайталанбауы тиіс. «Домбыра» аталымы бойынша сайыскерлерге Құрманғазының міндетті түрде жатқа орындалатын ең күрделі әрі сирек орындалып жүрген 20 күйінің тізімі ұсынылады. Бұл байқауға осыған дейінгі өткізілген байқау жеңімпаздары қатыстырылмайды.
Қарашаның 18-і күні жалауын көтерген күй байқауының «домбыра, шертер» аталымыың сайысы Металлургтердің сарайында өткізілсе, «қобыз, қыл қобыз» және «сырнай» аталымдары бойынша бәсеке ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер колледжінде бір мезгілде қатар жүріп жатты.
– Бұл байқау сонау 1983 жылдан бері өткізіліп келеді. Ең алғаш Алматы қаласынан бастау алған өнер мерекесінде Халық әртістері Қали Жантілеуов, Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілендиев, Құбыш Мұхитов, Қаршыға Ахмедияров сынды ұлтымыздың дарынды перзенттері осы байқаудың шымылдығын ашып, бата берген. Содан бергі уақытта дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан күй байқауының жеңімпаздары ретінде Абдулхамит Райымбергеновті, Айгүл Үлкенбаеваны, кеше ғана арамыздан өткен Қошқарбек Тасбергенов сынды дарындарды, бір сөзбен бүгінгі күй өнерімен халыққа танылған барлық өнер иелерін атауға болады, -дейді «домбыра, шертер» аталымы бойынша қазылар алқысының мүшесі, мәдениет министрлігінің конкурсқа жауапты өкілі Қуанышбек Мұқанғалиев.
Жалпы, байқау Құрманғазы Сағырбаев атында болғанымен конкурс барысында Арқа, Алтай, Қаратау, Жетісу, Сыр өңірлерінің күйшілік мектептерінің ғажайып туындылары да кеңінен қамтылды.
Өскемен шаһарын күй күмбіріне бөлеген сайыс төрт күнге созылды. Сонымен, Қазақ ұлттық консерваториясының білікті профессорлары Біләл Ысқақов бастаған, белгілі өнер зерттеушісі, танымал күйші Жарқын Шәкәрімов, Қарағандының Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің бас концертмейстрі Полатхан Тәшімов, профессор Меруерт Кәленбаева, доцент Сәбира Құсайынова, профессор Анатолий Гайсин, Владимир Романюк сынды бірыңғай өнер майталмандарынан жасақталған қазылар алқасының шешімімен Құрманғазы атындағы бас жүлдеге, сайыста асқан шеберлік танытқан ең үздік орындаушы – Астанадағы Құрманғазы атындағы консерваторияның студенті Болат Долдашев лайық деп танылды. «Домбыра, шертер» аталымы бойынша жүлделі бірінші орынды Астанадан келген Жәнібек Жәмиев жеңіп алса, «Қобыз, қыл қобыз» аталымының бірінші жүлдесі Үміт Мүсіреповаға бұйырды. Ал сырнайшылар арасындағы бірінші жүлдені өрелі өнерімен өзге әріптестерінен оза шапқан Андрей Марченко қанжығасына байлады. Өскемендік Ерасыл Ринатов пен семейлік Гүлбахрам Мұсабекова домбыра аталымы бойынша үшінші орынды еншіледі.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button