Жетігенді серік етпек

Тарбағатай ауданының Ақжар ауылындағы 50 жылдық тарихы бар балалар саз мектебінде жетіген сыныбы ашылды. Ұлттық музыканы дамытып, жас ұрпаққа үйрету мақсатында жұмыс атқаратын мектеп ұжымы үшін бұл үлкен жаңалық.
Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевтың мектепке бес жетіген алып беруі – ұлттық өнерге көрсеткен құрметі. Осыған байланысты мектеп мұғалімдері Астанадағы өнер ордаларынан жетігенде ойнауды үйреніп, біліктіліктерін арттырып қайтты. Мектеп директоры Ажар Қабатаеваның айтуынша, елімізде жетіген саз аспабымен ән салу жанданып келеді.
– Жетіген аспабы мен ән салатындарды бұрын кинодан ғана көретін едік, қазір республикалық сахналарда да орындалып жүр. Тарбағатай халқының музыкалық мұрасы аса бай, оны ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз, – деді Ажар Бақытқызы.
Жетіген аспабын меңгерген мектеп мұғалімдері Ақжар ауылдық мәдениет үйінде халық әні «Кербезқызды» орындап, халықты тамсандырды.
Жетігенші Н. Көжекова алдағы уақытта ұлттық музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен халық әндері мен композиторлардың сан алуан шығармаларынан репертуар таңдап, жас оқушыларға үйрететінін жеткізді.
Заңғар Кәрімхан
Тарбағатай ауданы.