Білім

Жеті жүзден астам үздік оқушы Өскеменде бас қосты

Жеті жүзден астам үздік оқушы Өскеменде бас қостыРеспубликалық олимпиада

Қазақтың абыройын асқақтатар,
Бір мақсат, бір мүдде мен бір болашақ, – деген жігерлі сөзбен, ұранды әндермен, ұлы даланың өткенін бүгінгі нұрлы шақпен байланыстыра басталды бұл білім мерекесі. Оған облыс Әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.
Өскемендегі Металлургтердің мәдениет сарайының кең алаңында бастау алған сайысалды шара одан соң ойлы жанарлары мөлдіреген жас білімпаздарды – жаратылыстану және математика пәндері бойынша бақтарын сынауға жиналғандарды сарай ішіндегі кең залда салтанатпен қарсы алған.
Мереке ойын емес, білім қуған жастарды құттықтау мақсатымен сахна төріне көтерілген облыс Әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың, республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының директоры Шолпан Қирабаева мен әлемге белгілі математик, ғылым докторы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, аталған олимпиада қазылар алқасының төрағасы Мұхтарбай Өтелбаевтың тілек айтып, ақ жол тілеген жүрекжарды ықыластарына жалғасты.
– Әлемдегі 200-ден астам мемлекеттің ішінде Қазақстан деген жас мемлекет бар. Ұшқан құстың қанаты талатын, шапқан аттың тұяғы тозатын байтақ еліміздің 16 аймағынан білімділігін танытам деп келіп отырған жас қауым, қадамдарыңыз құтты болсын! Бүгін мынау сәулетті сарайда білім сайысы басталса, Борис Александров атындағы спорт сарайында спортшылардың республикалық турнирі бастау алды. Бұл – Абай, Мұхтар, Шәкерім, Оралхан сынды ұлылар, Бибігүл сынды жезтаңдай әнші, Дәулет Тұрлыханов пен Ольга Рыпакова сынды әйгілі спортшылар дүниеге келген қасиетті жер. Сондықтан сіздерді осы адамдардың қасиеттері қолдап, білім сайысының биігіне ең білімділер жетсін, қазылар әділ болсын, осында жиналған шәкірттері үшін жүректері лүпілдеп отырған ұстаздардың үкілі үміттері ақталсын, – деп тілегін білдірген Ж.Омар сайысқа қатысушылардың біліміне баға беретін М.Өтелбаев пен Ш.Қирабаева бастаған қазыларға үлкен сенім арта, олимпиаданы ашық деп жариялады.
Ал Шолпан Ақашқызы бұл білім сайысы небір игі бастамалардың басында жүретін біздің облысымыздың Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповке арнайы жазған өтініші негізінде осынау киелі Шығыс жерінде өткелі отырғанын тілге тиек етіп, өңір басшысының дарынды оқушыларға ерекше көңіл бөлетінін риясыз алғыс сезімімен атап өтті.
Оның айтуынша, бұл білім сайысына дейін бүкіл республика мектептерінің оқушылары аталған пәндер бойынша бірнеше кезеңнен өткен екен. Ал бүгін ел бойынша ең үздік деген 702 жас Шығыс топырағында, 600-ден астам бала өзге пәндер бойынша Шымкент қаласында білімдерін сынайтынын айтып өтті.
Сайыста тек биікті көздеп, жүлдені жұлып әкетуге құлшынып келген дарындарға Мұхтарбай Өтелбаевтың сөзі ой салғаны сөзсіз. Ол елдің елдігі ана тілімен, білімді жасымен және дана қарттарымен беріктене түсетінін жеткізіп: «сендер қай-қайда жүрсеңдер де, қандай озық мемлекетте білім алсаңдар да, туған Қазақстандарыңызға қайтып оралып, осы елдің өркендеуіне үлес қосуға тиіссіңдер. Біздің елде ілім-ғылым өркенді дамып келеді, ал ендігі жерде оның олқы тұстарын сендер өрелі білімдеріңмен толықтыруларың керек. Қазақта «Ер – туған жеріне, ит – тойған жеріне» деген ерекше нақыл сөз бар. Осыны еш уақытта естен шығармауларыңды өтінер едім» – деді.
Ерекше шарада білімділігін, тереңдігін танытуға жиналған олимпиадашыларға облысымызға танымал өнер ұжымдары әдемі ән мен жан жадыратар билер ұсынды. Салтанат соңында білімпаздар құрметіне Металлургтер сарайы алдында мерекелік отшашу жарқылдады.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button