Мәдениет

Жеті жылда 25 қойылымды сахналады

Жеті жылда 25 қойылымды сахналады

2000 жылы Өскемендегі Жамбыл атындағы облыстық драма театрында алғаш қазақ труппасы құрылған болатын. Шымылдығын Ғабит Мүсіреповтың «Қозы-Көрпеш – Баян-Сұлу» қойылымымен ашып, өнер әлеміне қадам басқан қазақ труппасы бүгінде он бес жылдық мерейтойын атап өтуге қызу дайындық үстінде.

Жеті жылда 25 қойылымды сахналады

Жас труппаның аяққа тұруына театрдың сол кездегі директоры әрі бас режиссері, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Рүстем Есдәулетов үлкен еңбек сіңірді. Ол қазақ труппасының құрылуына, оның одан әрі биіктерден көрінуіне себепкер болып, қазақ ұлттық сахна өнерінің дамуына елеулі үлес қосты. Жас режиссердің жетекшілігіндегі театр ұжымы бірнеше рет республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанды. Қазақ көрермені үшін Рүстем «Лаве» фильміне түсіп, кино әртісі ретінде де танылды.
– Рүстем негізінен психологиялық драмалар қоюға құштар болатын. Ол адам жанының құпияларына терең бойлауға тырысып, мінездегі қарама-қайшылықтарды, өзгерістерді жарқырата ашуды көздейтін, – дейді әріптестері. Рүстем Есдәулетов қазақ труппасын басқарған жеті жылдың ішінде 25 қойылымды сахнаға шығарған.
Башқұртстанда өткен V халықаралық түркітілдес халықтардың «Туғанлық» театр фестивалінде Рүстем Есдәулетовтің «Атымды адам қойған соң» қойылымы «Ұлттық классиканың бірегей әрі көркемдік шешімі» номинациясын жеңіп алды. Осы фестивальдің сыншылар алқасының төрағасы Олег Пивоваров Рүстем Есдәулетовтің талантына бас иіп, оның есімін облыстық театрға беру туралы ұсыныс жасаған.
Рүстемнің жұлдызды жеңістері алда еді, өкінішке қарай, қазақтың аймаңдай талантты ұлы 2009 жылдың 25 қарашасында кенеттен көз жұмды. Қысқа ғұмырында қазақ театр өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырып, өшпес әрі өміршең дүниелер жасап кеткен ақын, режиссер Рүстем Есдәулетовті көрермен қауым сағына еске алады.

Жеті жылда 25 қойылымды сахналады

Он бес жыл ішінде қазақ труппасының жеткен жетістігі аз емес. 2003 жылы Оралда өткен Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған 15 республикалық театрлар фестивалінде И. Ғайыптың «Махамбет» трагедиялық қойылымын көрсетіп, «Жас театр ұжымының дебюті» номинациясының лауреаты атанса, араға екі жыл салып, Қызылордада өткен Қ.Жандарбеков пен К.Байсейтовтің 100 жылдығына арналған республикалық театрлар фестивалінде Т.Ахтановтың «Әке мен бала» психологиялық драмасы «Ең үздік эпизодтық рөл» номинациясын иеленді. Сонымен қатар, Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында өткізілген «АЗЕМИ – 2006» халықаралық театр фестивалінде қазақ труппасы Ж.Өзубекованың «Толғақ» психологиялық драмасын сахналап, «Ең үздік психологиялық спектакль» және «Ең үздік заманауи тақырыпқа интерпретация» номинациясының лауреаты атанып қайтты. Татарстанның Қазан қаласында 2012 жылы өткен халықаралық түркітілдес халықтарының «Науруз» фестивалінде Татарстан Республикасының мәдениет министрі А.Сигабатуллиннің дипломымен және Татарстан Республикасының президентінің Алғыс хатымен марапатталды.
– Қазан мемлекеттік театрында «Атымды адам қойған соң» деген бір сағаттық қойылымды сахналағаннан кейін көрермен орнынан тұрып, он бес минут қол шапалақтап қошемет көрсеткені бізді бір марқайтып тастаған еді. Ал 2012 жылы Түркияның Конья қаласында өткен «Мың тыныс және бір дауыс» атты V Түркітілдес театрлардың халықаралық фестивалінде тағы да Р.Есдәулетовтің «Атымды адам қойған соң» эксперименттік қойылымын қойған едік. Осы қойылымды қойып біткен соң, көрермен сұрауымен екінші мәрте тағы сахналадық. Сонда қазылар алқасы бұл қойылымды бүкіл дүниежүзіне ұялмай шығаруымызға болады деп баға берген еді, – дейді театр әртісі, «Мәдениет саласының үздігі» құрмет белгісінің иегері Қанат Ниязбеков.
Қазақ труппасының қоржынында үлкен аудиторияға арналған О.Бөкейдің «Мынау әппақ дүние», Д.Рамазанның «Кенесары Күнімжан», Қ.Жүнісовтің «Ғашықтар хикаясы немесе общагадағы серілер» сынды қойылымдары болса, бүлдіршіндер үшін Р.Есдәулетовтің «Ұр тоқпақ», А.Салбановтың «Ойыншықтар», Р.Фархадидің «Үшкір мүйізді бұзау» сынды ертегілері жиі қойылып отырады. Бүгінгі күнде Д.Ұябай басшылық ететін ұжымның толағай табысқа жетіп отырғандығы труппа меңгерушісі Ж.Шамшиева және Қ.Ниязбеков, М.Арғынбекова, Г.Бақтыбаева, А.Хамзин, Т.Дүзбаев, С. Қопабаева, М.Истина, М.Құмарова, С.Алпысбаев, К.Камит, Ж.Серкетаев, тағы басқа да тіс қаққан әртістер мен С.Әкелеев, А.Салбанов, С.Маратбек, Е.Хасенов тәрізді білікті режиссерлердің жұмыла жұмыс атқаруының нәтижесі екені белгілі. Осындай табысты ұжымның еңбегін бұқаралық ақпарат құралдарына насихаттап жүрген әдебиет бөлімінің меңгерушісі Шолпан Лақаевның да еңбегі зор.
Театр ұжымы жақында облыс әкімідігі тапсырысы бойынша облыстық дін істері басқармасының басшысы Манарбек Әзімбекұлының мұрындық болуымен Бек Рамазанның «Шырмауық» атты екі перделі әлеуметтік драмасы сахналанған болатын. Драманың қоюшы режиссері – Сахан Әкелеев, ал қоюшы суретші – Данияр Алдабергенов болды. Бүгінде сан тарауға түскен діннің аражігін айыра алмай қателескен жастарға теріс жолдан аулақ болуға тәрбиелейтін қойылым өз көрерменін тауып, жоғары бағаланып жатыр.
Қазақ труппасы алдағы тарихи-атаулы күндер қазақ хандығының 550 жылдығына және Ұлы Жеңістің 70 – жылдығына байланысты тарихи қойылымдарды көрерменге ұсынуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, қазақтың бас ақыны – Абайдың туғанына 170 жыл толуына орай Кеңес Жұмабековтің «Замана неткен тар едің» қойылымын сахналауға қызу дайындық үстінде.

Айжан Тоқтасынқызы

Осы айдарда

Back to top button