Білім

Жетістікке жетудің жолы айқын

Аягөз ауданы ежелден елге тұтқа болар азаматтарды баулып, қанаттандырған өңір екені белгілі. Бүгінгі күні осынау аймақтың білім саласы қай деңгейде, пандемияға байланысты білім алып жатқан өскелең ұрпақтың ахуалы қалай? Осы төңіректе ой қозғасақ…

Жалпы, біздің ауданымызда штаттық режимде оқитын 25  (19 шағын жинақталған,  6 толық қамтылған) мектепте 3062 оқушы білім алады. Бүгінгі күні шалғайдағы елді мекендердегі шағын жинақталған мектептер санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын күшейтіп, штаттық режимде оқытып жатқанын айта кеткен орынды. Шағын жинақталған мектептерде оқыту екі ауысымда ұйымдастырылды да, ауысым арасында 1,5 сағат уақыт беріледі. Әр ауысым аяқталысымен желдету тәртібі қатаң сақталып, дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп отырады.

Қашықтан оқытудағы оқу-тәрбие процесін ұйымдастыратын 15 мектептегі 374  кезекші сыныптарда 4177 оқушы, 187  класс-комплектісі бар. 3631 оқушы қазақ тілінде және 546 оқушы орыс тілінде білім алады. Сыныптарда 187 мұғалім оқу-тәрбие процесін ұйымдастырады.

Ауданның білім саласы бала тәрбиесінде, тиянақты білім беруде әжептәуір шаруалардың басын қайырып келеді.  Мәселен, биыл данышпан ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына байланысты барлық мектептерде жұмыстар ширай түскен. Ақын мерейтойына орай облыс, республика көлемінде қашықтан өткізіліп жатқан «Абайдың асыл мұрасы», «Абай жаққан бір сәуле», «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» «Абай – дана, Абай – дара», т.б. байқаулар мен сайыстарға да оқушыларымыз белсене қатысты. «Абайтану» курсының шеңберінде ұлы ақын шығармаларын терең де жан-жақты таныту арқылы ұлтжанды, халқымыздың әдебиетін, өнерін, салт-дәстүрін, мәдениетін, тілін ұлттық құндылық ретінде бағалайтын, эстетикалық талғамы жоғары, білім-білік  дағдылармен қаруланған, түйген ойларын іс жүзінде өз кәдесіне жарата білетін, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, өркениетті қоғамда өмір сүруге лайықты, терең ойлайтын дара тұлға қалыптастыру мақсатында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен облыстық  білім басқармасы мен «Шығыс» өңірлік орталығының әдіскерлері, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың оқытушылары, «Абайтану» оқулығының авторлары, Қ.Бітібаева атындағы зертхана жетекшілері, 70-тен аса қазақ тілі мен әдебиеті әдіскерлері, білім беру мекемелерінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдері, ассоциация жетекшілері қатысқан «Абайдың «Толық адам» ілімін оқыту әдістемесі» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік семинар өткізілді.

Сондай-ақ біздегі білім беру жүйесінде «Жыл мұғалімі» конкурсын өткізу де игілікті дәстүрге айналған. Мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыру мен ынталандыру мақсатында жыл бойындағы жетістіктерін ескере отырып, «Жыл мұғалімдері» жеңімпаздарына аудандық әкімшілік пен аудандық білім бөлімі және аудандық кәсіподақ ұйымы тарапынан бағалы сыйлықтар (ноутбук, компьютер, ТВ), мадақтама және Алғыс хаттармен марапаттау дәстүрге айналған. Жалпы, бекітілген оқу бағдарламасы негізінде ағылшын тілін оқыту бірінші сынып бағдрламасына енгізілсе, біздің ауданда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 5-6 жастағы тәрбиеленушілер де ағылшын тілін вариативтік компонент негізінде оқыды. Ауданымыздағы лицей мен гимназияда вариатив сағаттардың оқушы компонентінен алынған бірнеше курстар ағылшын тілінде жүргізілуде. Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен тілдік пәндер мұғалімдерінің біліктілік арттыру курстары мен үштілділікті дамыту кешенді жоспары аясындағы курста білімдерін көтерді.    ТКТ курстарының нәтижесі бойынша 2016 жылы жоғары нәтиже көрсеткен С.Ғаббасов атындағы орта мектептің мұғалімі Бахтигүл Асылханова тренерлік дайындықтан өтіп, Аягөз қаласында TKT (мұғалімдердің білімін тестілеу) курсынан 40 мұғалімге курс жүргізді. 22 мұғалім TKT YL (төменгі кластарда оқыту әдістемесі бойынша мұғалімдердің білімін тестілеу) дайындық курсынан өтті. Мектеп оқушылары мен тұрғындар арасында үштілділікті насихаттау мақсатында ауданымыздың 35 мектебінде тілдік клубтар ашылып, 180 оқушы мен ересек тыңдаушылар қамтылды. Клубтарда мектептердің ағылшын тілі пәні мұғалімдері жұмыс атқаруда. Клубтың жұмысы аясында тыңдаушылар өздерінің ауызекі сөйлеу дағдыларын дамытуға мүмкіндік алады. Бұдан өзге, аудан көлемінде қазақ, орыс және ағылшын тілі пәні мұғалімдері үшін осы үш тіл пәндерінің мұғалімдеріне семинар-тренингтер өткізіліп отырады. Ағылшын тілін оқыту әдістемесінің өзіндік ерекшеліктерімен таныстыру мақсатында Oxford University Press, т.б. халықаралық баспаларындағы әдістемелік бөлім тренерлері Аягөз ауданының ағылшын тілі мұғалімдерінің бірлесуімен   осымен үш жылдан бері семинар-тренингтер өткізуде.

Аудан бойынша 2015-2016 оқу жылындағы білім сапасы 63,1 , 2016-2017 оқу жылында 63,3,  2017-2018 оқу жылында 64,1,2018-2019 оқу жылында 65, 2019-2020 оқу жылында  67,3 пайыз болды.  Білім сапасының жыл сайын өсуі байқалады. Мұның өзі жоғарыдығы атқарылған іс-шаралардың нәтижесі деуімізге болады. Жалпы, ҰБТ оқушылардың білім сапасын бағалаудың негізгі критерийі екені баршамызға мәлім. Соның негізінде жыл бойы дәстүрлі түрде мектеп бітірушілердің ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыру кезінде өздерін жайлы сезінулеріне, ҰБТ процесіне барынша бейімделуіне жағдай жасау мақсатында аудан көлемінде бес рет сынақ тестілеуі жоспарлы жүргізіліп отырады. Мектепішілік сынама тест айына үш реттен өткізіліп, сараптамасы жасалып, пән мұғалімдері әрбір оқушымен жекелеме қатемен жұмыс жүргізуді алға қойған. Барлық білім беру мекемелерінде түстен кейінгі уақытта ҰБТ мен қорытынды аттестаттауға байланысты кестелер құрылып, қосымша сабақтар өткізіледі. Сонымен қатар оқу жылының соңында ҰБТ ережесіне сәйкес барлық жабдықтарды қосып, белгіленген аудиториялар бойынша оқушыларды орналастырып, соңғы сынама тестілеуді жүргізу дәстүрге айналған. Сонымен қатар «Достық» тест орталығы, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті, С.Аманжолов атындағы ШҚУ, Алматы қаласындағы Абай атындағы мемлекеттік университетінің білікті мамандарынан құрылған арнайы ҰБТ-ға дайындайтын орталықтармен тығыз байланыстамыз. Олар оқушылардың күзгі, көктемгі, қысқы демалыс кездерінде 10-11 сынып оқушыларымен әрбір негізгі пәндер бойынша дайындық жүргізеді. Биылғы оқу жылында Аягөз ауданы бойынша бітіруші  түлектер саны – 633, «Алтын белгі» – 105, «Үздік аттестат» – 59 болды. Аудан бойынша орта балл – 70, 236 оқушы мемлекеттік грантты жеңіп алды. Облыс әкімінің тапсырмасына орай бірнеше жыл қатарынан жоғары көрсеткішке ие болған Аягөз ауданы «ҰБТ-да жоғары нәтиже көрсетудің тиімді әдіс-тәсілдері» тақырыбында облыс көлемінде іс-тәжірибе таратпақшы. Жалпы, ауданның білім саласы үнемі биіктерден көрініп келеді. Биылғы оқу жылында да жетістіктеріміз жетерлік. Мәселен, 2019-2020 оқу жылында өткен облыстық олимпиаданың қорытындысы бойынша 29 оқушы жүлделі орындарды иеленді. Облыс бойынша Аягөз ауданының командасы ІІ орын иеленіп, дипломмен және «Үздік олимпиадалық команда» кубогын жеңіп алды.

Коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу мақсатында орта білім беру ұйымдарында қазақ тілі пәні мұғалімдері А.Анкебаева, М.Ертуғанқызы, С.Смаилова облыс көлемінде «Қашықтан оқыту барысында қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша ТЖБ дайындаудың және өткізудің ерекшеліктері» тақырыбында онлайн семинарда өз тәжіриелерімен бөлісті. Ауданымыздағы білім беру мекемелері «DarynOnline», «OnlineMektep.org» білім беру интернет платформаларын таңдап, келісімшартқа отырып,оқушылар мен мұғалімдер жұмыс жүргізуде. Қашықтан оқытудағы оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру үшін 15 мектепте компьютерлік техниканы қажет ететін оқушылардың мониторингі жасалды. Барлық білім беру мекемелерінде компьютерді қажет ететін оқушыларға қайтарымды келісіммен компьютерлер таратылып берілді.

Қашықтан оқытудағы оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру үшін мұғалімдерге 20 компьютер, аудандық кәсіподақ ұйымының демеушілігімен білім беру мекемелеріндегі мұғалімдерге 40 компьютер, меценаттардың демеушілігімен 40 компьютер алынды. Сондай-ақ барлық білім беру мекемелерінің оқушылары оқулықтармен толық қамтамасыз етілді.

Мемлекетіміз кейінгі жылдары аз қамтылған, әл-ауқаты төмен отбасыларына зор көңіл бөлуде. Мәселен, биыл көпбалалы, аз қамтылған 3868 оқушыға мектеп формасы берілді. Осы статустағы 3930 оқушыға аяқ киімдер табысталды. Сол сияқты 3930 оқушыға мектеп құралдары берілді. Биылғы жаңа оқу жылында ауданымыздағы білім беру мекемелері 100 пайыз жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілді.

Коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында облыстық білім басқармасы Білім және ғылым министрлігінің 2020 жылғы 20 шілдедегі хаттамасының негізінде  заман талабына сай жаңа ақпараттық технологиялар мен мультимедиялық жүйелерді меңгеріп, қашықтан білім беру бойынша педагогтердің біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету мақсатында біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылуда. «Шығыс» өңірлік орталығының ұйымдастыруымен «Қашықтан оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері» тақырыбындағы курста 74 мұғалім сертификатталып, 22 мұғалім білімін жетілдірді. Орта  білім беру  мазмұнын жаңарту аясында критериалды бағалау құралдарын әзірлеу және сараптама жасау саласында педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында «Педагогикалық шеберлік орталығының» ұйымдастырумен өткізілген  курста 16, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы бойынша білім беру мазмұнын жаңарту аясында онлайн режимінде өткізіліп жатқан біліктілікті арттыру  курсында 81 мұғалім білімін жетілдірді. Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Қашықтан оқытуды үйренемін» атты онлайн біліктілік арттыру курсынан аудандағы барлық мұғалімдер 100 пайыз өз білімдерін жетілдіріп шықты. Сондай-ақ облыстық «Дарын» орталығының ұйымдастыруымен онлайн режимінде әртүрлі іс-шаралар да өз деңгейінде өткізіліп жатыр.

Нұрғали Әзімбаев,

Аягөз аудандық білім бөлімінің басшысы

Осы айдарда

Back to top button