Мәдениет

Жеті мәрте аламан айтыс өткіздік

Жеті мәрте аламан айтыс өткіздік


Тарих қойнауына кетіп бара жатқан Тауық жылы қазақ еліне жаман болған жоқ. Бұрындары ашаршылық, ақсүйек жұт, қан кешкен соғысымен тарихта қалған бұл жыл қазақтың рухын жаңғыртар үлкен тойларымен түйінделіп отыр. Бүкіл ел көлеміндегі торқалы тойларға тоқталмасақ та, өңірдегі болған мәдениет саласының мәйекті шараларына тоқталып өтейік.

Елбасының жыл басында жариялаған мақаласына алғашқы болып Шығыс жұрты үн қосты. Ел көлемінде өткен «ЭКСПО-2017» көрмесі, Алаш үкіметінің ғасыр тойы, латын әліпбиіне ауысу сынды ұлттың рухын көтерер ұлағатты жұмыстарды алға тартты Тауық жылы. Тамылжыған табиғат құшағындағы ел рухын дүр сілкіндіру үшін жеті мәрте аламан айтыс өткізіпті жыл бойында. Бұған ел қуанышына айналған еңселі ескерткіштерді қосыңыз.

Әсет Найманбаевтың 150 жылдық торқалы тойына орай Үржар ауданында, одан кейін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай Тарбағатай ауданында халықаралық айтыс өтті. Көкпекті, Жарма аудандарында Қалихан Алтынбаевтың 90 жылдық мерейтойына жыр бәсекесі өтті. Бесқарағайда Нұрлыбек Баймұратовтың 130 жылдық тойына да сөз сүлейлері жиылды. Бұдан кейін Ұлан жұрты алаштың айбоз ақындарын шақырып, рухани жаңғырды. Осы алты айтыстың қорытындысы ретінде қасиетті Тәуелсіздік күні мен Астананың 20 жылдығына орай облыс орталығында республикалық айтыс пен мүшәйра өтті.

Бұл жылдың еншісінде Мұхтар Әуезовтың 120 жылдық мерейтойы да бар. Жарма жерінде заңғар жазушының ескерткіші тұғырға қонды. Жалпы бұл мақала аясында ел болып атқа қонған біздің өңірде Жарма мен Көкпекті ауданының алдына өзге өңір түсе қоймасы анық. Қос аудан 90 жасқа толған аталмыш азаматтың бюстін қойса, Көкпекті жерінде Бармақ батырдың ұрпақтары бабасына ас беріп, ескерткіш орнатты.

Қарауыл төріне құдіретті Құнанбай келді. Тарбағатай даласына Абай барды. Аягөз Ақтамберді жырауға ас беріп, тұғырға қондырды. Бесқарағай жұрты 130 ға толған батырға бюст қойды. Бұл – Ертістің сол жағалауындағы тірліктер. Ал оң жағалауда мұндай жаңғырулар мүмкін Ит жылы болар.

Құны 3,7 млрд. теңге жиған «Менің мектебім» жобасы да осы жылдың еншісінде.

Моңғол елінің шақыруымен Ә.Қашаубаев атындағы облыстық филармония ұжымы Баян-Өлгий өңірінде өткен Наурыз мерекесіне қатысты және Ұлан-Батор қаласында өткен Қазақстан мен Моңғолия арасындағы дипломатиялық катынастың 25 жылдығына арналған гала-концертте өнер көрсетті.

Шығыс жұртын елеңдеткен тағы бір мәдени шара – Күршім өңірінде өткен «Оралхан көктемі» атты халықаралық ән байқауы. Фестивальға Қырғызстан, Ресей, Монғолия сынды көрші елдерден әншілер қатысты. Ал Катонқарағай жеріндегі Патшалар жазығынан табылған алтын адам сәукелесі жылдың үздік жаңалықтарының бірі болды деп қомсынбай атауға болады. Зайсан ауданынан қола дәуірдің құндылықтары табылды. Облыс аумағындағы екінші саркофак Шіліктіде бой көтеретін болды. Осыған орай облыс орталығында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты археология саласы бойынша халықаралық ғылыми-конференция өтті. Оған Ұлыбритания, Моңғолия, Әзербайжан, Ресей, Түркия мемлекеттерінен ғалымдар қатысты. Жалпы, осы орайда өңірдің архолгия саласында айтарлықтай жетістіктерге жеткенін айта кеткеніміз ләзім.

Осы жылы алаштың астанасы Семей қаласында Абай аренасы атты үлкен жобаның іргетасы қаланды. Осы қалада алаш көсемі Әлихан Бөкейхановқа екі бірдей ескерткіш қойылды. Бұл қала Әуезов тойын да ауқымды өткізді. Бұдан бөлек Өскемен мен Семейдегі облыстық театрлар бірнеше халықаралық байқаулардан олжалы оралды. Халифа Алтайдың ғасырлық тойы облыстың бас мешітінде аталып өтіп, халықаралық конференция ұйымдастырылды. Ұлтты ұйытқан осындай игі шаралар келер жылы да жалғасын табары сөзсіз.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button