Мәдениет

Жеті күн бойы өнерлерімен тәнті етті

Жеті күн бойы өнерлерімен тәнті етті

Шығысқазақстандықтар үшін Әз-Наурыз мерекесінде басталған қызықты демалыс күндері әлі жалғасуда. Мейрамнан кейінгі бір апта бойы өскемендіктер мен қала қонақтары Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының өнерімен сусындау бақытына ие болды. Алматыдан арнайы келген өнерпаздардың гастролінің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.
Алматылық әртістер өскемендік көрермендеріне «Қыз Жібек», «Махаббат сусыны» опералары, «Шехерезада», «Кармен-сюита», «Лебединое озеро» классикалық балеттері, «Юнона» және «Авось» рок-балеті сияқты маңдайалды дүниелерін ұсынды.
Шын өнерді бағалап, сахна киесін түсіне білетін жерлестеріміз Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұржамал Үсенбаеваның Қыз Жібек, Адина, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, танымал биші Сәуле Рахмедованың орындауындағы Кармен образдарына сүйсіне, түрегеп тұрып, қол соқты.
Театрдың репертуарына 2009 жылы ғана енгізілген «Махаббат сусыны» комедиясы да жұртшылықтың көңілінен шықты. «Махаббат сусыны» – итальяндық Гаэтано Доницеттидің ең танымал комедиялық операларының бірі. Мәңгілік тақырып – махаббатқа арналған бұл туындыға кезінде қоюшы режиссерлердің өздері «дағдарысқа қарсы» деген баға берген еді. Олардың пікірінше, қазақстандықтар трагедиялардан шаршаған. Сюжет бойынша Неморино атты қарапайым шаруа жігіт бай да ерке қыз Адинаға ғашық болып қалады. Алайда сұлу бойжеткен Немориноны менсінбей, сержант Белькореге ықылас танытады. Өз махаббаты үшін күрескен бозбала алаяқтардан «махаббат сусынын» сатып алады. Бір қызығы, ешқандай қасиеті жоқ сусын шынында да, Адинаның көңілін жас шаруаға бұрып береді. Осылайша екі жас махаббаттың бал шырынына мастанады.
Өскемен жұрты әсіресе, «Юнона» и «Авось» рок-балетін ыстық ықыласпен қабылдады. Залда ине шаншар жер болмады.
– Мен осы аттас спектакльді алғаш рет 1980-жылдары Ресейдің белгілі әртісі Юрий Караченцевтің қатысуымен Мәскеуде тамашалаған едім. Сол кезде-ақ мені он алты жастағы Кончита мен орыс саяхатшысы, қырық екі жастағы Николай Резановтың аянышты махаббаты тәнті еткен-ді. Бүгін бұрыннан таныс қойылымды алматылық әртістердің орындауындағы рок-балет жанрында көріп, жаңа бір сезімдерді басымнан өткердім. Өйткені, тілмен сипаттауға келмейтін көңіл толқындарын дене қимылымен ерекше жеткізе білген. Осындай кеш сыйлаған труппа әртістеріне шексіз алғысымды білдіремін. Қазақстандық жас әртістердің өнері ғажап екен, – дейді көрермендердің бірі Любовь Смирнова.
– Өскемен қаласына арнайы гастрольдік сапармен келген әншілер мен бишілеріміздің арасында есімдері елге танымал, өнерлерін халқы сыйлайтын өнер шеберлері бар, – деді бізге берген шағын сұхбатында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры директорының бірінші орынбасары Бақыт Бөкебаев. – Олардың ішінде Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткерлері – танымал биші Сәуле Рахмедова, Болат Букенов, Рымкеш Жұмәділова, Гульвира Құрбанова сынды өнер майталмандары, жаңадан шығып, әндерімен тамсандырып жүрген Дулат Тоқанов, Нұржан Бәжекенов, халықаралық конкурстардың лауреаттары Фархад Буриев, Александр Сметанин, Динара Есентаева, Рахим Даиров бар. Биыл біздің театр өзінің 81-маусымын ашты. Өнерімізді 110 жылдығы болған осы тарихи ғимаратта, Металлургтердің мәдениет сарайында көрсетіп жатқанымызға қуаныштымыз. Залдың акустикасы біздің шығармашылық топқа қатты ұнады. Көрермендер өнерімізді тамаша қабылдап, ыстық ықыластарын танытып жатыр. Қазіргі мынау «ұялмаған әнші болады» деген заманда, әншісымақтардан қатты шаршаған халық классикалық өнерді жоғары бағалауда. Жанды дауыспен айтатын таза өнерді тамашалауға жиналған қауым шын өнерді түсінетін, бағалай білетін зиялы, салиқалы, парасатты көрермендер деп түсінемін. Өскемен жұртына ризамыз. Гастрольдік сапарымыз басталғалы басы-қасында жүріп, үлкен қолдау танытып жатқан облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар бастаған азаматтарға, мәдениет басқармасының басшыларына алғысымыз шексіз.
– Келесі жолы өнерлеріңізді салынып жатқан жаңа театрымызда тамашалаймыз деп ойлаймын.
– Иә, жаңадан бой көтерген жаңа мәдениет ошағында болып, ғимаратпен таныстық. Бұл жерде бір айта кететін кемшілік бар екен. Ғимаратта оркестр шұңқыры ойластырылмапты. Ондай ғимаратты болашақта толыққанды театр ретінде пайдалану мүмкін емес. Дегенмен, жаңа ғимаратты концерттік бағдарламаларды қоятын өнер шаңырағы ретінде қолданған күннің өзінде ол өзін-өзі екі-үш есе ақтайды. Ал мына бүгінгі мәдениет сарайы нағыз театрға лайық деп ойлаймын, оның үстіне тура шаһардың ортасында орналасқан, көрермендердің келіп-кетуіне де ыңғайлы болар еді. Бұл енді біздің жеке пікіріміз.
Гастрольдік сапарларының соңғы күні алматылық қонақтар көрермендерге танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен гала –концерт ұсынды.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button