Мәдениет

Жеңіс саябағы демалыс орнына айналады

Жеңіс саябағы демалыс орнына айналады

Облыс орталығының Стрелка ықшам ауданында орналасқан Даңқ мемориалы кешені бұдан былай ресми түрде «Жеңіс саябағы» деп аталып, өскемендіктер мен қала қонақтарының сейіл құратын тамаша демалыс орнына айналмақ.

Жеңісті жақындатуға үлес қосып, сол жолда туған топыраққа қайта оралмаған жерлестер рухына тағзым етушілер жиі келетін бұл көрікті мекен Жеңіс мерекесінің қарсаңында мүлде жаңаша түрге енбек. Тіпті, тегін Wi-Fi да болмақ. Бұл жөнінде кеше облыс орталығындағы жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстары барысымен танысқан облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ мәлім етті.

Мемориал кешенінде қайта жаңғырту жұмыстарын уақытында жүргізіп жатқан мердігер мекеме «Беловодье» ЖШС директорының орынбасары Данияр Сужановтың айтуынша, мұндағы жұмыстар өткен жылдың маусым айында басталып, бүгінде басым дені аяқталған. 1 мамырға дейін толық аяқталмақ.
Мердігер мекеме 7 шақырым болатын суару жүйесін толық жаңартып, 19 мың шаршы метр аумаққа асфальт жабындының орнына тас плиткалар төсеп шыққан. 38 мың шаршы метр аумаққа көгал алаңы егілген. Заманауи талапқа сай 255 дана жарықтандыру құрылғыларын орнатып шыққан. Кешендегі майданда қаза болғандар тізімі мен батыр жерлестеріміздің есімдері қашалған ескерткіштердің жазулары алтын түстес бояумен қайта жазылған. Енді келушілер отыратын арқалы орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату ғана қалып отыр. Ең бастысы, қолданылған жарық орнатылған бағаналар, орындықтар, өзге де материалдардың бәрі – Өскемендегі «Машзауытта», «Казцинкте» жасалған отандық өнімдер.

Облыс басшысы нысанның жаңа келбетіне көңіл толатынын жеткізіп, қала басшылығына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
– Мұндағы өткен жылдың сапасыз атқарылған жұмыстарын тағы бір қарап, түсіп қалған плиталарды түгел жаңалап шығу қажет. Содан соң, орындықтарды көбірек орнатып, сынған, ескіргендерін жаңалау керек. Ол үшін Крылов көшесіндегі көпір мен Үлбі көпірі арасындағы өте жиі қойылған орындықтарды ішінара осында әкелген дұрыс. Алда бұл жерде тегін Wi-Fi қызметі тұрғындарға ұсынылады. Қажетті ұйымдастыру жұмыстары қала әкіміне және «Қазақтелеком» өкілдеріне тапсырылады. Жалпы, бұл жерде жүргізілген жөндеу жұмыстарына көңіл толады. Мердігер уақытында аяқтап шықты. Көп ұзамай «Жеңіс саябағы» қалалықтар және қала қонақтары үшін тамаша демалыс орны болады, – деді аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ.

Жеңіс саябағы демалыс орнына айналады

Мұнан соң осы арада Өскемен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Асқар Жақсылықов облыс басшысына биыл қайта жаңғырту жүргізілетін көшелер мен даңғылдардың жағдайын баяндады.
Оның айтуынша, үш жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, биыл қаржы бөлінген. Олардың ішінде Славский атындағы жағалау, Сәтпаев даңғылы және Понтон көпірінен бастау алатын Тоғас көшесі бар. Мұнымен бірге, аймақ басшысының тапсырмасы негізінде Абай және Тәуелсіздік даңғылдарының қиылысында жерүсті өткелі жобасы дайындалуда. Жоба – қаланың ең бір адамдар қозғалысы көп учаскесіндегі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады. Астана көшесі де биыл толық абаттандырылып, балалардың спорттық алаңдары, Үлбі үстіндегі көпірге жолайырық салынбақ. Протозанов көшесі де Даңқ мемориалынан басталып, Үлбідегі көпірге дейін кеңейтілмек. Жұмыстар маусым айында басталады деп күтілуде. Қайта жаңғырту жұмыстары Меновное ауылын жалғайтын Жібек жолы көшесі мен Алматы тас жолына шығатын Карл-Маркс даңғылында да жүреді. Дәл осындай жұмыс Сәтпаев даңғылынан Самар трассасына дейін де қолға алынады.

Жобалармен танысқан аймақ басшысы оларға оң бағасын беріп, ауқымды шаруаны уақытында қадағалап, атқарылған жұмыстың көлемінен ақпарат беріп отыруды қала әкіміне жүктеп, мердігерлерге жұмысты күн суытқанша созып жүрмей, жаздың жылы күндерін мейлінше тиімді пайдалануды ескертті. Сондай-ақ, Комендантка өзеніндегі абаттандыруды мамырдың соңында бітіруді тапсырды.

– Биыл Өскемен қаласының негізгі көшелері мен даңғылдарын кеңейтіп, қайта жаңғырту, абаттандыру жұмыстарын жүргізуге жалпы сомасы 10 млрд. теңгеден астам қаржы бағытталып отыр. Бұл – соңғы бес, бәлкім, 25 жылдың көлемінде болмаған көрсеткіш. Бұрын-соңды болмаған жөндеу жұмыстары қолға алынып отыр. Мұның сыртында жолдардың ағымдағы орташа жөндеу жұмыстары тағы бар. Олардың көрсеткіші де өткен жылғы деңгейден жоғары. Біз тұрған саябақ құрылысы да соңына жетті. Ардагерлер кеңесімен келісе отырып, оны түбегейлі «Жеңіс саябағы» деп атайтын боламыз. Сондай-ақ, алғашқы жартыжылдықта «Нұрлы жол» саябағы да қолданысқа беріледі. Осының бәрі облыс орталығы тұрғындарының игілігі үшін жасалып отыр, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Аймақ басшысы өткен сенбіде салтанатты түрде ашылған Өскемендегі Неке сарайына барып, жаңа нысанның құрылысын аралап көрді. Көркі алыстан көзтартар сәулетті сарай-кешеннің қызметімен оның директоры Саят Төленбергенов таныстырды. Мұнда үйленген жастардың некесін қиюға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Тіпті, бірінші қабатында 550 орынға шақталған банкет залы мен ресторан, қалыңдық көйлектерінің салоны, қалыңдық бөлмесі, салтанатты неке қию залы, жеделсаты, тағы да басқа қажеттіліктер бәрі де ұтымды ұйымдастырылған.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button