«Жерұйық» тобы қайта құрыла ма?
\”Дидардың\” жаңа жобасы: Сіз неге көрінбей кеттіңіз?
«Дидар» газеті «Сіз неге көрінбей кеттіңіз?» атты жаңа айдар ашып отыр. Осы айдарымен кезінде жарқ етіп шығып, көрінбей кеткен өңіріміздің белгілі адамдары туралы мәлімет беріп, мақала жазып, сұхбат жариялаймыз. Олардың қайда, немен айналысып жүргенінен хабардар етеміз.
Құрметті оқырман, осы айдарға ұсынатын белгілі адамдар болса, редакцияға хабарласуларыңызға болады. Газетіміздің бүгінгі санында халықаралық «Азия дауысы» фестивалінің жүлдегері, Шығыстың жарық жұлдыздары атанған «Жерұйық» ансамблінің мүшелері туралы мақаланы оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Редакция.
Тоқсаныншы жылдары дүркіреп шыққан «Жерұйық» тобы қазақ сахнасына тың серпіліс берді. Жаңа стиль, жаңа бағыттағы топтың әуелеген әндері тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Сол кезде күллі қазақ эстрадасында ең алғаш құрылған этно-фольклорлі «Жерұйық» ансамблі «Азия дауысы» фестивалінде үшінші орынды иеленген.
Жұрт «Жерұйықтың» әндерін ұйып тыңдайтын. Ауыл-ауылдарды аралап қойған концерттерінде зал лық толатын. Әндерін фонограммамен емес, жанды дауыста орындап, тыңдарманның жүрегіне жол таба білді. Ансамбльдің құрамында жезтаңдай әншілер болғанымен, топ тарап кетті кейіннен. Өзгеге ұқсамайтын өзіндік ерекшелігімен шыққан «Жерұйық» тобы қалай құрылды, құрамындағы әншілер қайда қазір?
Ел Ттуелсіздігін алғаш алған жылдары өңіріміздегі маңдайалды өнерпаз топтардың бірі, бірегейі «Жерұйық» еді. 1989 жылдары Катонқарағай ауданнның әкімі Жанымхан Құндызбаев ауданға жақсы бір өнер ұжымы керектігін айтып жүретін. Дәл сол кездері Зайсанда Марат Қондыбаевтың бастамасымен құрылған әншілер тобы Катонқарағайға келіп кештерін өткізеді. Құрамында Марат Қондыбаев, Есбол Кирчибаев, Бауыржан Можанов және Оралхан Сәдуақасов бар. Сөйтіп, Жанымхан Құндызбаев оларды Катонқарағайға шақыртып, жұмыспен, баспанамен қамтиды. Бірақ Оралхан Сәдуақасов Алматыдағы «Арқас» тобына кетіп, орнына Самардан Қанат Закарьянов келеді. Ол Ленин мектебіне, Марат Қондыбаев Рыков мектебіне музыка пәнінен мұғалім болып орналасады. Төртеуі де бір-бірін толықтырып тұратын ерекше өнер иелері-тін. Ал «Жерұйық» деген атауды топ жетекшісі Марат Қондыбаев ұсынған.
– Катонқарағай – жер жәннатындай көрінді маған. Сөйтіп, табиғатымен байланыстырып, «Жерұйық» деп атауды жөн көрдік, – дейді сазгер Марат Қондыбаев.
Осылайша төрт жігіттің бастары қосылып, «Жерұйық» тобы сахнаға жол тартады. Музыкалық құрал-жабдықтардың барлығын аудан басшылығының көмегімен алғызып, азды-көпті дайындықтан кейін тұңғыш рет тұсаукесер концерттерін қояды. Бұл 1989 жылдың 7-қарашасы еді. Қазақы әнге сусап қалған жұрт кеш бойы қошеметтерін аямайды әншілерден. Осы концертте Марат Қондыбаевтың әрлеген «Қорлан» әнін Бауыржан акапелламен орындап, көрерменді ерекше баурап алады. Топтың сол кездегі мақсаты – үлкен сахнаға шығу болатын. Ол үшін қажырлы еңбек, шығармашылық ізденістер қажет болды. Топ құрамы бірізділіктен гөрі жаңашылдыққа бет бұрды. Этноаспаптар мен заманауи аспаптарды қосып музыкалық композициялар жасады. Сонымен қатар, Есболдың әндерін қайта өңдеп, жанды орындады.
Алғашқы байқауда-ақ топ жарған
1990 жылдың мамыры. Өскеменде «Восток» ән байқауы өтті. Бұған облыстың әр ауданынан жиырма шақты мықты ансамбльдер қатысса, Катонқарағайдың намысын арқалап «Жерұйық» тобы өнер көрсетті. Олар сахнаға 15 минуттық «Невада-Семей» музыкалық композициясын алып шыққан. Байқау соңындағы қазылардың шығарған нәтижесін топ мүшелері күтпеген де. Бірінші орын дегенді естігенде бөріктерін аспанға атып қуанады. Орындаған әндері, музыкалық композициялары қазылардың ғана емес, көрермендердің де ыстық ықыласына ие болған. Сөйтіп «Восток» байқауынан ауылдарына қанаттанып қайтады. Әр ауылды, әр совхозды аралап тағы концерт береді.
Ендігі міндет – Павлодар қаласында өтетін республикалық байқауда бақ сынап көру. Бұған енді Қазақстанның аудан-аудандарынан суырылып шыққан шынайы мықтылар ғана қатысатын. Енді ғана тәй-тәй басқан топтың үлкен байқауларда өнер көрсетуі өте үлкен жауапкершілік. Олай дейтінім, бұған дейін аудан намысы үшін барын салып жүрсе, енді үлкен бір облыстың атынан аттанады байқауға. «Жерұйықпен» бірге Өскеменнің дүркіреп тұрған «Лето» ансаблі де барады Павлодарға. Ұзын саны жиырма шақты ансамбль қатысады. Байқау болғаннан кейін бірі жеңіс тұғырынан көрінсе, енді бірі номинацияға да ілінбей жатады. Бұл жолы да «Жерұйықтың» айы оңынан туып, жұлдыздары жарқырай түсті. Гран-при шығысқазақстандық «Жерұйық» ансамблінің еншісіне бұйырды. Сонда «Лето» ансаблінің мүшелері әзіл-шынын араластырып, «вы нам крышу сделали» деп ықыластарын білдірген көрінеді.
«Азия дауысында» үшінші орын алды
Жерұйық тобы өңірге ғана емес, Қазақстанға таныла бастады. «Асылдар-ай», «Сағыныш», «Алаш», «Құрбым-ай» сынды әндері сол кездің хитіне айналды.
– 1990 жылдары бүкіл одақтың байқауға дайындалдық. Бірақ ол байқау болмайтын болып, «Азия дауысы» фестиваліне өтініш жібердік. Алғашында музыкалық аспаптарда ойнауымыз түсініксіз деп қабылдай қоймайды. Стиліміз түсініксіз болған көрінеді. Өйткені, біздікі этнофольк поп еді. Бірақ біз бастап кеткен стильмен жүрген топтар қазір бар, – дейді топ мүшесі Бауыржан Можанов өзінің әңгімесінде.
Араға уақыт салып жіберген өтініштеріне қайта жауап келеді. Бұл жолғы тілдей қағаз «Азия дауысына» шақырту еді. Демек, топтың этнофольк поп стилі ұнады комиссия мүшелеріне. Шақыртуды қуана қабыл алған «Жерұйық» мүшелері Алматыға барып, «Қазақфильм» киностудиясында дауыстарын қайта жазады.
1991 жылдың тамызында Алматыда халықаралық «Азия дауысы» фестивалі басталды. Мұндағы байқауда бақтары мен баптарын сынауға Қытай, Өзбекстан, Үндістан, Тайланд, Сингапур, Украина сынды көптеген мемлекеттерден айтулы әншілер қатысты. Қазақстаннан «Жерұйық» тобынан басқа «Салямалейкум» атты топ пен Қыдырәлі Болманов бар еді.
Алатаудың баурайында өтіп жатқан фестивальды тамашалауға халық көп жиналды. Үлкен сахна, үлкен өнер. Бәсекелестер де осал емес. Өз кезектері келген «Жерұйық» тобы Есбол Кирчибаевтың «Алаш» әнін алып шығады сахнаға. Одан кейін «Қараторғай» әнін акапелламен орындайды. Ара-арасында ғана домбыраның үні қосылады. Сөйтіп, 12 елден келген қазылардың бағалауымен Азиядан келген өнерпаздардың арасынан үшінші орын алады. Салтанатты түрде кубоктары мен дипломдары, бағалы сыйлықтары табысталады. «Азия дауысы» тарихында тұғырдан көрінген ансамбльдер – «Роксанаки» мен «Жерұйық» топтары ғана.
Фестивальдан кейін Роза Рымбаева мен Тасқын Оқапов келіп құттықтайды. Ізгі тілектерін айтып, Алматыда қалуды да ұсынады. Бірақ «Жерұйық» тобы ауылдарына қайтуды жөн санап, Өскеменге қарай тартып тұрған. Жерлестері әуежайдан құшақ жая қарсы алып құрмет көрсетеді. Катонқарағайдың әр совхозы да сый-сыйапаттарын береді. Ауылдастары үшін дүркіреп тағы бір концерт өтеді. Кейін Қытайға, Қосағашқа барып өз кештерін өткізеді.
1996 жылы топ мүшелері Өскеменге келеді. Облыс орталығына өңірдегі өнердің қаймақтары жиналып «Шығыс жұлдыздары» атты үлкен ұжым құрылады. Құрамында Виктор Ткачь, Альмира Нұрғожина, «Жерұйық» тобы, тағы басқа әнші-бишілер болады. Топ мүшелері филармонияда жұмыс істей жүріп, концерттерге қатысады. Көп ұзамай Есбол Кирчибаев Алматыға, біраз уақыттан кейін Марат Қондыбаев Астанаға кетеді. Топта Бауыржан мен Қанат қалып, талантты әнші Ақжан Жүнісовті қастарына алады. Бар мақсаттары – «Жерұйықтың» шаңырағын құлатпау. Алайда, 2005 жылдары тіршілік қамымен Қанат Закарьянов Алматыны бетке алады. Ізінше Қытайда концерт беріп келген Бауыржан мен Ақжан да Қанаттың шақыруымен – Алматыға кетеді. Ол жақта ән әрлеуші Оралхан Сәдуақасовтың ұсынысымен «Жерұйық» тобы қайта құрылмақ болады. Марат Қондыбаев бара алмаған, ал Есбол денсаулығына байланысты бас гитарада ойнай алмайтынын айтқан көрінеді. Ол жақта алты ай дайындықтан кейін «Нұрлы нөсер» фестиваліне қатысады. Алматы өнер ордасы болғанымен, Бауыржан мен Ақжан баспана жағынан қиналып Өскеменге қайтады. Ең соңғы қатысып, Гран-приді ұтып алған байқаулары – Астанада өткен «Шабыт» фестивалі болатын. Онда олар «Астана арман» әнін орындайды. 1999-2000 жылдары топ мүшелері жан-жаққа тарыдай шашылғаннан кейін «Жерұйықтың» жұлдызы сөнеді. Мәңгіге емес бірақ. Сазгер Марат Қондыбаевтың айтуынша, топты қайта құрып, ел алдына шығу ойда бар.
Топ мүшелері қазір қайда жүр?
Марат Қондыбаев. Зайсан ауданының тумасы. «Жерұйық» тобына жетекшілік еткен. Бас гитарада ойнаған. Бүгінде Астанада сазгерлікпен айналысады.
Қанат Закарьянов. Бұрынғы Самар ауданынында туған. «Жерұйық» тобында клавищте ойнаған. Бүгінде Алматыда тұрады. Өзінің ән жазу студиясында шығармашылық бағытта еңбек етеді.
Есбол Кирчибаев. Катонқарағай ауданының тумасы. Топ құрамында бас клавищте ойнаған. Есбол да шығармашылықтан алыстаған жоқ. Ұлы Рамиль де Әли Оқапов, Айқын Төлепберген сынды жас әншілермен бірге өнер жолында жүр.
Бауыржан Можанов. Катонқарағай ауданының тумасы. «Жерұйық» тобында соло гитарада ойнаған. Қазіргі уақытта Өскеменде тұрады. Театрда музыкант болып қызмет атқарады. Ұлы Мерей Зейнеш әке жолын қуып «Тентек» тобында өнер көрсетіп жүр. Ал жолдасы Гауһар Қасымбекова психология ғылымдарының кандидаты. Университетте сабақ береді.
Керек дерек
«Жерұйық» тобының репертуарларындағы әндердің алтауы бүгінде алтын қорда сақтаулы тұр.
Мерей Қайнарұлы