Жәрмеңкелер жыл соңына дейін жалғасады
Азамат Темірбеков
Жыл соңына дейін Глубокое ауданының халық саны көп үш кентінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтеді.
Бүгінгі күні Глубокое ауданында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға бағытталған бірқатар жұмыс жүргізілуде. Атап айтсақ, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, ауданда құрамына депутаттар, мемлекеттік қызметшілер, қоғам өкілдері мен белсенді азаматтар енген 17 мониторинг тобы құрылып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында рейдтік шаралар ұйымдастыруды қолға алды. Сонымен қатар бұл топтар сауда нысандарының иелерімен апта сайын аталмыш санаттағы азық-түлік тауарларына қосылатын сауда үстемесін 15 пайыздан асырмау жөніндегі штаб отырысын тұрақты түрде өткізіп отырады.
– Жергілікті кәсіпкерлер «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамымен әлеуметтік корпорацияның өнімдерін аудан аумағында сату бойынша 14 меморандум жасасты, – дейді Глубокое ауданы әкімінің орынбасары Светлана Большакова. – Корпорация өнімдерінің сатылатын орны туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жарияланды.
Оның айтуынша, әлеуметтік маңыздағы азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен Глубокое, Белоусовка кенттері мен Өскеменде, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларында 14 жәрмеңке ұйымдастырылып, жергілікті кәсіпкерлер 90 миллион теңгеге өнімдерін өткізген.
Жалпы, аталған жәрмеңкелердегі азық-түлік тауарларының бағасы нарықтағыдан 10-12 пайызға төмен болып, оларда отыз тоннадан астам мал еті мен 25 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері көпшілікке ұсынылды.
– Жыл соңына дейін Глубокое, Белоусовка және Алтай кенттерінде осындай ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің тағы төртеуі өткізіліп, алдағы уақытта олардың санын көбейтуге және шаруа қожалықтары өнімдерінің бағасын азайтуға бағытталған келісімдер мен меморандумдар жасасу жалғасатын болады, – деп қосты Светлана Большакова.