Табысының жартысынан көбін тамаққа жұмсайды
Күн санап кедейшілік кебін кигендер көбейіп келеді. Халықты қымбатшылық қысып барады. Озық технология төрге озған сайын, әдепкі күнкөріс қиындай түскендей. Мамандардың сараптауынша, ел тұрғындары табысының 60-70 пайызын азық-түлікке жұмсайтын көрінеді.
Азық-түлік бағасы күн санап өскенімен жалақы орнынан жылжымай тұр. Баға басқа шыққан сайын, жоқшылық аяқтан тарта түсуде. Шарықтап бара жатқан бағаны басып жету үшін бірнеше жерде жұмыс істеп, денсаулық пен уақытыңды құрбан етуіңе тура келеді. Ал уақыт пен денсаулықты аясаң, кедейшілік жағадан алады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, өткен жылдары кедейлер 4,9 пайызды құраса, биыл олардың саны 5,1 пайызға өскен.
– Қазір азаматтардың көбі қаражатының басым бөлігін азық-түлік алуға жұмсап жатыр. Мәселен, отбасының табысы 150 мың теңге десек, осы ақшаның 60-70 пайызы азық-түлікке жұмсалады. Осылайша, отбасының одан әрі дамуы үшін қалатын қаражат азайып отыр, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.
Міне, осылайша желкеге мініп алған инфляция халықтың қалтасын қағып бітуде. Азық-түліктің қымбаттағанын ұлттық статистика бюросы да растап отыр. Олардың хабарлауынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағалары жылдық мәнде 23,5%-ға өскен.
Жалпы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне 19 тамақ түрі кіреді – бірінші сортты ұн, бірінші сортты нан, макарон, қарақұмық, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, күнбағыс майы, сиыр еті, тауық еті, сүт, айран, сары май, жұмыртқа, тұз, сүзбе. Бұлардың бағасы үнемі бақылауда болады. Ал бақылаудан тыс бағалардың қалай қымбаттап жатқаны саудагерге ғана аян.
– Баға шарықтап барады. Табысымыз ішкен-жегенімізге әрең жетіп жүр. Одан бөлек кредит деген тұсау бар. Қазір кредитсіз күн көру мүмкін емес болып қалғандай. Ол кез келген адамның басында бар. Бұған дейін қаладағы сауда орталықтарының бірінде жұмыс істеп, 210-220 мың теңге шамасында айлық алып жүрдім. Соңғы кезде ақшамның жетпей бара жатқанын байқадым. Енді екі жерде жұмыс істеуге тура келіп тұр, – дейді қала тұрғыны Сәбит Нұрханұлы.
Өткен жылы да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік 22,3%-ға қымбаттаған болатын. Үкімет бағаны ұстап тұруға тырысқанымен, инфлияция иелік бермей келеді.
Алтай Ғали-Асқар